Жамбыл — инвестициялық жобалар шоғырланған аймақ

0 12

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Астанада Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен бөлісті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауларында белгіленген ауқымды реформаларды іске асыру бойынша өңірде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. 2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыс экономикасы 4,5 пайызды құрады. Өнеркәсіп (0,8 пайыз), құрылыс (22,6 пайыз), тұрғын үй (3,5 пайыз), сауда (2,5 пайыз), көлік (13,6 пайыз) және байланыс (8,8 пайыз) салаларында оң динамика қалыптасты.

Жалпы өнеркәсіп саласында 727,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өңдеу өнеркәсібінде қосылған құны жоғары тауарларды дамыту және қолда бар шикізатты пайдалану басты басымдық болып қала береді.

Экономикадағы өңдеуші сектордың үлесі 65,4 пайызды құрайды. Өңдеу өнеркәсібінің екі негізгі өсу нүктесі – химия және құрылыс индустриясы болып табылады. Жыл басынан бері Жамбыл химия өнеркәсібі 212 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, облыс экспортының 77 пайыздан астамын қамтамасыз етті, ал еліміздің химия өндірісіндегі оның үлесі 24 пайызға жуықтады.

Сондай-ақ өңірде 13 миллиард тонна қоры бар 48 фосфорит кен орны ашылды. Жалпы республика бойынша облыс кәсіпорындары 100 пайыз фосфор, 81 пайыз минералды тыңайтқыштар өндіреді.

2030 жылға қарай жылына 1 миллион тоннаға дейін тыңайтқыштар мен жоғары деңгейде өңделген өнімдердің премиум санаттарын өндіруді жолға қою жоспарлануда.

Құрылыс индустриясы да экономиканың негізгі драйверінің бірі десек, еліміз бойынша гипстің 87 пайызы, портландцементтің 13 пайызы өңірдегі өндіріс ошақтарынан шығарылады. Қазақстандағы гипстің барланған қоры (50 миллион тонна) бойынша ең бай кен орны «Үлкен-Бұрылтау» Жамбыл облысында орналасқан. Биыл «Korcem» ЖШС цемент шығаратын жаңа зауытты (қуаты – 1,5 миллион тонна) іске қосты. Бұл өндірілетін цемент көлемін 3 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы құрылыс материалдарына сұраныстың артқанын ескере отырып, келесі жылы «Alit Holding» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын (қуаты – 150 мың тонна), «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС гипсокартон шығаратын (қуаты – жылына 22 миллион шаршы метр) зауыт құрылысын бастайды. Жобаларды жүзеге асыру өнім ассортиментін 12 атауға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар облыс әкімі 2024 жылы ШОБ-тың 1152 жобасы қаржыландырылғанын айтты. Нәтижесінде ШОБ субъектілерінің өнім шығару көлемі 23,9 пайызға (596,0 миллиард теңге) өсті.

Жамбыл облысында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасуда, мұны өнеркәсіп саласы мен жаңартылатын энергия көздеріндегі ірі жобалар айғақтайды. Бұл туралы облыс әкімі брифинг барысында кеңінен атап өтті.

Жыл басынан бері облыс экономикасына 370,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Инвестициялық қоржында 6,5 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 3,3 триллион теңгенің 80 жобасы бар, оның он тоғызы (2,8 триллион теңге) шетелдік инвестордың қатысуымен жүзеге асады. Атап айтқанда, ірі серіктестердің қатарында «Qazaq Soda» (кальцилендірілген сода), «EuroChem» (минералды тыңайтқыштар), «Knauf» (гипсокартон), «Shagala mining» (мыс өндірісі) бар.

Он айдың қорытындысы бойынша 149,7 миллиард теңгеге 21 кәсіпорын іске қосылып, 700 жұмыс орны ашылды. Жобаларды іске асыру барысында заманауи инновациялық технологияларды енгізуге және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық берілді. Инвесторларды өңірдің ірі өнеркәсіптік әлеуеті мен қолайлы географиялық орналасуы қызықтырады, бұл өткізу нарықтарын жедел реттеуге мүмкіндік береді.

Еліміздегі жаңартылатын көздерден алынатын электр қуатын ең ірі жеткізушілердің бірі – Жамбыл облысы. Шетелдік компаниялармен ынтымақтастық энергетика саласында жаңа перспективаларға жол ашады. «Total Eren», «Masdar» және «China Power» сияқты әлемдік жетекші компаниялар жалпы қуаты 2,5 ГВт жел электр стансасын салу бойынша жобаларды іске асыруда.

Жақында «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының аумағында 54 миллиард теңге инвестиция салуды көздейтін «Sаny Renewable Energy» зауытының құрылысы басталды, онда жел генераторларына қажетті құрал-жабдықтар өндіріледі. Жоба импортты алмастыруға және өндірісті өңірде орналастыруға бағытталған.

Аумағы 40 мың шаршы метрді құрайтын заманауи өндірістік үй-жайлар салу жоспарланып, оның 30 пайызы кәсіпкерлермен брондалған. Бұл бизнестің аймаққа сенімін көрсетеді.

Өндірістік әлеуетті арттыру мақсатында бірден бірнеше экономикалық және индустриялық аймақ жұмыс істеуде, қолданысқа берілетін алаңдарға мемлекеттік қолдау ретінде инфрақұрылым жүргізілген. Сондай-ақ металлургия зауытының құрылысы (367 миллиард теңге), американдық технологияны пайдалана отырып, натрий цианидін өндіру (50 миллиард теңге), желатин өндірісі (7,8 миллиард теңге), өнеркәсіптік кремний өндірісі (26,4 миллиард теңге) секілді инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда.

«Тараз» индустриялық аймағының аумағында 1,3 мың жұмыс орнын құра отырып, 137 миллиард теңгеге 15 жобаны жүзеге асыру көзделген. Аймақ аудандарында өңдеу өнеркәсібінің үлесін ұлғайту жолымен экономиканы әртараптандыру мақсатында «Меркі», «Құлан», «Сарысу-1» және «Сарысу-2» субаймақтарын 180 гектарға құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Ағымдағы жылы инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін «Zhambyl Invest» дирекциясы құрылды. Дирекция жобаларды сүйемелдеумен айналысады, оның сегізін жақын арада іске қосу күтілуде.

Сонымен қатар баспасөз конференциясында облыс әкімі ауылшаруашылығы саласының әлеуеті мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндады. Ағымдағы жылы ауылшаруашылығы саласын субсидиялауға 24,6 миллиард теңге бөлініп, салаға 14,9 миллиард теңге инвестиция тартылды.

Ауылшаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 626,7 мың гектарды құрады. Өңірде қант қызылшасынан басқа барлық дақылдар бойынша егін жинау науқаны аяқталып, 3,6 миллион тонна өнім алынды. Оның ішінде 600 мың тонна қант қызылшасы жиналып, орташа өнімділігі гектарына 650 центнерді құрады. Жиналған өнім Меркі және Ақсу зауыттарына өткізілуде.

Үстіміздегі жылдың он айының қорытындысы бойынша 26,2 миллион АҚШ доллардың 134 мың тонна ауылшаруашылығы өнімі экспортталды (2023 жылы — 18,2 миллион АҚШ долларына 53 мың тонна).

Қант қызылшасын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 3,4 миллиард теңге бөлініп, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен 5 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру күтілуде.

Биыл ауылшаруашылығы техникасын лизингке беру бағдарламасы іске қосылып, 3,2 миллиард теңгеге 244 бірлік техника сатып алынды. Нәтижесінде жаңғырту деңгейі 8 пайызды құрады. Жыл басынан агроөнеркәсіп кешенінде 10,8 миллиард теңгенің 12 инвестициялық жобасы іске қосылып, 163 жұмыс орны ашылды.

Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңейту аясында 1913 басқа арналған 4 тауарлы сүт фермасының құрылысы аяқталуда. Олар 2025 жылы пайдалануға беріліп, жылдық сүт өндірісін 15 мың тоннаға ұлғайтады. Сондай-ақ тағы 5 заманауи көкөніс сақтау қоймасын (сыйымдылығы 32 мың тонна) іске қосу көзделген.

Бұдан бөлек, жалпы сомасы 8,5 миллиард теңгеге су үнемдеу технологиялары, тері мен жүнді өңдеу, алма шырынын, балалар пюресін, балық және үй жануарлары азығын, фри картобын өндіру бойынша жобаларды іске асыру жоспарланған. Қытайлық «Fufeng Group» компаниясымен бірлесіп, 500 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін еліміз үшін бірегей жобаны жүзеге асыру басталды.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023-2024 жылдары 25,5 миллиард теңгеге 38 ауылдық округте 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылды.

Биылдан бастап шағын және орта бизнесті дамытуды қаржыландыру негізгі бағытқа айналды. Несие жылдық 2,5 пайызбен 5 жылға жеке кәсіпкерге 9,2 миллион теңгеге дейін, кооперативтерге 29,5 миллион теңгеге дейін беріледі.

Брифинг барысында облыс әкімі Президенттің суармалы егістік алқаптарын ұлғайту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы да ақпарат берді. Аймақ басшысының айтуынша Халықаралық банктердің несиесі есебінен жүзеге асырылып жатқан жоба бойынша 6 ауданда (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Шу) ұзындығы 608 шақырымды құрайтын 183 канал қайта жаңғыртылып, нәтижесінде 47,5 мың гектар суармалы алқаптың сумен қамтылу деңгейі артқан.

Сондай-ақ 55,4 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізілді. Өңірде «Kazakh Industrial Stroi» (ҚХР) кәсіпорны каналдарға арналған бетон жабындарын, ал «Kazkaspi Hydro» (ҚХР) тамшылатып суару жүйелерін, «Ans Plast» (Қазақстан) спринклерлік жабдықтар мен ПВХ құбырларын шығаруды қолға алынды.

Жалпы биылғы жылы Жамбыл облысында тұрғын үй құрылысы мен пәтер сатып алуға екі есе көп қаражат бөлінді. Он айдың қорытындысы бойынша 577,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (жоспар — 750 мың шаршы метр).

Тұрғын үй құрылысы жедел қарқынмен жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында Тараз қаласында жаңа шағын аудандар бой көтеріп келеді. Қазір 3709 пәтерлі 78 тұрғын үй салынып жатыр, жыл соңына дейін 2024 пәтер (41 тұрғын үй) қолданысқа беріледі.

Облыста көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 23,2 миллиард теңгеге 1575 пәтер сатып алынды. Ағымдағы жылы тұрғын үй құрылысы мен пәтер сатып алуға бюджеттен екі есе көп қаражат бөлінді: 2023 жылы – 23,2 миллиард теңге, 2024 жылы – 40,8 миллиард теңге.

Жалпы құрылыс және сатып алу есебінен халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 1963 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 75 пайызға артық. Сонымен бірге «Әулие ата жастары» жобасы аясында 140 жас отбасыға баспаналы болу бақыты бұйырады.

Ербол Қарашөкеев БАҚ өкілдерін тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары туралы да хабардар етті. Биыл 21,5 миллиард теңгеге 68 жоба жүзеге асырылуда (22 АЕМ –  сумен жабдықтау нысанының құрылысы, 15 АЕМ – кешенді блок-модульді орнату). Жыл қорытындысына сәйкес халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші 98,1 пайызға дейін көтеріледі.

Облыс әкімі көгілдір отынмен қамтамасыз етілмеген Мойынқұм ауданының елді мекендерін газдандыру бойынша ауқымды жобаның бастау алғанын айтты.

Жамбыл облысында 285 ауылдық елді мекен (1,113 миллион тұрғын) көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы 12 жоба аясында 3 елді мекен (5,0 мың адам) газдандырылды. Халық саны бойынша газдандыру деңгейі 91,3 пайызға дейін ұлғайтылды.

Өңірде «Еврохим-Қаратау» автоматты газ тарату стансасының (Сарысу ауданы) құрылысы бойынша жоба іске асырылуда, бұл минералды тыңайтқыштар мен күкірт қышқылын шығару бойынша ірі өнеркәсіптік жобалардың бірін іске асыруға мүмкіндік береді. Тараз қаласындағы «М-1» негізгі жылу магистралі, Қаратау және Жаңатас қалаларында орталық қазандықтар қайта жаңғыртылды. Келесі жылы облыс орталығындағы «М-3» жылу желілері мен жылу магистралін қайта жаңғырту жоспары бар.

710 шақырым жол құрылыс, қайта жаңғырту, жөндеу жұмыстарымен қамтылды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі  99 пайызды, елді мекендердегі көшелер бойынша бұл көрсеткіш 87 пайызды құрайды.

– Биыл әлеуметтік салаға 46,3 миллиард теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,3 есеге артық (2023 жылы — 36,3 миллиард теңге). Мемлекет басшысының «10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құру» жөніндегі тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлік бастамаларды қолдау есебінен 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылды (жоспар — 8,8 мың), – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ербол Қарашөкеев.

Бұдан бөлек, өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында облыста 60 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, оның 42 мыңы – тұрақты. 2024 жылдың 10 айында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 47063 адам тартылды (жоспар – 47 951), оның ішінде 2,2 мыңы – мүгедектігі бар азаматтар. Жалпы облыста орташа айлық жалақы 8,5 пайызға өсті.

Ербол Қарашөкеев журналистерге облыста мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы туралы айтып берді. Өңір халқының 29,1 пайызын жастар құрайды. Жыл басынан бері 22,7 мың жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды (жоспар – 20933), «Ауыл аманаты» жобасы аясында 259 жас кәсіпкер 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алды.

Сондай-ақ «Жасыл ел» жобасы аясында маусымдық жұмыстарға 1,8 мың жас тартылып (жоспар – 2 мың), бұл мақсатқа 173,5 миллион теңге бөлінді.

Жамбыл облысында жыл соңына дейін 15 білім беру, 23 денсаулық сақтау, 10 спорт, 8 мәдениет нысанын пайдалануға беру жоспарлануда.

Өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту аясында 36 білім беру нысанын салу (10600 орын) жоспарланған. Биылғы 10 айдың қорытындысына сәйкес 13 білім ошағы пайдалануға берілді, оның үшеуі «жайлы» мектеп. Жыл соңына дейін тағы 2 нысанды қолданысқа беру көзделіп отыр (1 мектеп, 1 мектепке қосымша ғимарат). Нәтижесінде 7 оқу орны тапшылығы бар, 3 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен және 2 апатты мектептің мәселесі шешіледі.

Ағымдағы жылы 9 мектеп пен 1 техникалық шығармашылық орталық күрделі жөндеуден өтті. Мектептерді жаңғыртуға 3,1 миллиард теңге бөлінді: 215 мектепті жаңа модификациялық кабинеттермен қамтамасыз етуге 1,9 миллиард теңге, білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 1,2 миллиард теңге.

Облыс оқушылары 15-ші жыл қатарынан республикалық ғылыми жобалар байқауының қорытындысы бойынша «Ең үздік команда» атанды. Республикалық олимпиаданың нәтижелеріне сәйкес «Үздік олимпиадалық команда» деп танылды. Республика бойынша «PISA» зерттеуінің қорытындысына сәйкес Жамбыл мектептері бірінші орынды иеленіп, үздік нәтиже көрсетті.

Денсаулық сақтау саласында облыста жыл соңына дейін 26 денсаулық сақтау нысанының 23-і, оның ішінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 20 нысан пайдалануға беріледі. Бюджет қаражаты есебінен 5 миллиард теңгеге 18 бірлік медициналық диагностикалық техника (4 компьютерлік томограф, 5 кешенді рентген, 2 УДЗ, 2 маммограф, 3 флюорограф, 1 нейронавигациялық жүйе, 1 жылжымалы рентген аппараты) және 38 санитарлық автокөлік сатып алынды. Нәтижесінде медициналық жабдықпен жарақтандыру деңгейі 96,7 пайызға жетеді (2023 жылы – 91,9 пайыз).

2025 жылы жасанды интеллект арқылы қатерлі ісікті анықтаудың мамандандырылған жүйесін енгізу жобасын жүзеге асыру жоспарлануда.

Сонымен қатар облыста 15 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр, бүгінге дейін оның төртеуі және 103 спорт алаңы ашылды. Жыл соңына дейін тағы 6 спорт кешені қолданысқа беріледі деп күтілуде. Бюджеттен тыс 880 миллион теңгеге 4 спорт нысаны бой көтерді, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен 2 модульдік спорт залын ашу жоспарда бар.

Жамбылдықтарға 5 мәдениет нысаны есігін айқара ашты (4 мәдениет үйі мен 1 музей), жыл соңына дейін тағы 3 нысан ел игілігіне тапсырылады.

Облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының ғимаратына, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның көрермендер залына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп,  мемлекеттік шығармашылық тапсырыспен 1,3 миллиард теңгеге 224 үйірмеде 9,1 мың бала қамтылды.

Сондай-ақ баспасөз алаңында аймақ басшысы өңірдің туристік әлеуетінің дамуына да тоқталды. Аталған салада 16,4 миллиард теңгенің 13 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Отандық және шетелдік туристер үшін 6 нысан ашылды, оның ішінде қонақ үйлер, демалыс орындары, жол бойындағы қызмет көрсету нысандары бар. Туристік орындарға баратын жолдар жөнделіп, газдандыру мәселесі шешілді.