Тұрардың тау тұлғасы аласармақ емес

0 11

Иә, Алаштың кең-байтақ қасиетті даласы келімсектің «керуені» арлы-берлі басып таптайтын иесіз еместігін шекарамен шегендеп, ал, қазақ баласының бұратана халық емес, оның тарихы тереңде жатқанын һәм адамзаттың эволюциялық дамуына сүбелі үлес қосқан бірегей ұлт екенін дәлелдермен жеткізген тау тұлға – Тұрар Рысқұловтың еңбегі ұшан-теңіз.

Ең бастысы, ол 1926 жылы РСФСР Халық Комиссарлары Советі төрағасының орынбасары болып, Мәскеудің қақ төрі – Кремльде қызмет жасағанымен (басқа базбіреу атақ-даңқ пен шен-шекпенге мал­данып, орнын сақтап қалу мақсатында жағымпаздана ұлтын ұмытып, оны «ылғал сіңіп кірлеген, жұқалтаң ескі ұлтарақ» етуге барар еді…), Тұрардың ел сүйер қасиеті сол – ол Алаштың «арзанқол» баласы болмай, қатігез кезеңнің өзінде үлкен іске басын тіккенін анық аңғарса да қазағының қамын ойлады.

Айтпағым, біздің Тұрар Рысқұлов осы ұлт қамын ойлаған азаматтығымен асқар таудың ең биік шыңына айнала білді. Сондықтан, Тұрартану ілімі, әсіресе, Тәуелсіздік кезеңінде жаңа сипатқа ие болып, ұлтжандылыққа тәрбиелейтін басты құралға айналғаны бар.

Жақында Айдын Базилов басқаратын аудандық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлері кең көлемде өткізген «Тұрар Рысқұлов қоғам және мемлекет қайраткері» атты ғылыми конференциясы елім деген ерін ұлықтаумен қатар, халқымыздың мақтан тұтар тұлғаларының өмірі мен ерлігін дәріптеп, насихаттауды мақсат тұтыпты.

Ғылыми конференцияға облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының «Шерхантану» бөлімінің меңгерушісі Назым Қожамарова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев, өлкетанушы-журналист Бектұрған Жамбабаев, «Меркі ақиқат» газетінің редакторы Серік Құралбай, еңбек ардагері Айдар Әлібаев, М.Әуезов атындағы ЖОББМЛ-нің тарих пәні мұғалімі Салтанат Кушанова, №18 Ақкөз Қосанов атындағы мектептің тарих пәні мұғалімі Кенжегүл Бектұрғанова, №14 М.Жылысбаев атындағы ЖОББ мектебінің тарих пәні мұғалімі Ренат Ахбанбетов, аудан мектептерінің тарих пәнінің мұғалімдері, музей қызметкерлері мен тарихқа ден қоюшы аудан тұрғындары, оның ішінде, жастар қауымы қатысып, оған аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Айдын Базилов модераторлық жасады.

Конференцияны ашқан аталған му­зейдің бөлім меңгерушісі Айман Жүрсінәлиева ғылыми конференцияның күн тәртібін түсіндірген соң, сөзді жиын модераторы Айдын Бәзілов алып, ұлт қайраткері Тұрар Рысқұловты еске алғанда оның үзеңгілес досы Мақсұт Жылысбаев пен Қабылбек Сарымолдаевты, сонымен қатар, Рысқұловтың түпкі идеясын қолдап, Меркідегі 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісті бастаған Ақкөз Қосановты айт­пай кетуге болмайтынын ортаға салып, конференцияның алғысөзін кең көлемде жеткізді.

Сөз алған облыстық Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының «Шерхантану» бөлімінің меңгерушісі Назым Қожамарова көпшілік үшін тың мәліметтер қамтылған «Тұранның тұғыры – биік Тұрары» атты баяндамасын оқып беріп, арнайы дайындалған тау тұлға турасындағы бейнебаянымен таныстырды. Сонымен қатар, Назым Тоқтасынқызы белгілі жазушы Шерхан Мұртазаның Тұрар жайлы еңбектерінен үзінділер келтіріп, баяндама мазмұнын байыта түсті.

Келесі кезекте «Қабылбек Сарымолдаев – дауылда туған дарын» атты баяндамасын оқыған М.Әуезов атындағы ЖОББМЛ-дің тарих пәні мұғалімі Салтанат Нұртазақызы да ұлт жанашыры Қабылбек ағамыздың өмірнамасын жаңа қырынан көрсетіп, көпшіліктің кең мағлұмат алуына ұйытқы болды.

Конференциядағы келесі баяндаманы №18 А.Қосанов атындағы мектептің тарих пәні мұғалімі Кенжегүл Бектұрғанова жасады. Кенжегүл Советбайқызының «Меркі кө­терілісі және оның жетекшісі Ақкөз Қосанұлы» атты баяндамасы Т.Рысқұловтың «1916 жылғы көтерілісте» деген еңбегінде жазылған: «Басқаларға қарағанда күштірек болған көтеріліс – Әулиеата уезінде, әсіресе, Меркі ауданының қазақ елінің көтерілісі болды… көтерілістің тамаша басшысы – Ақкөз атты қазақ қариясы, өзін айрықша көрсете білді» деген сөзбен бастау алды. Бұл баяндама да өзінің тарихи-деректі мәнерге ие болуымен құны артты десек болады.

Дегенмен, ақиқатын айту әркез маңызды болғандықтан, ол жағын айналып өтпей, ешкімді бөліп-жармау қағидатын ұстансақ та, әділдіктің тура жолын таңдасақ, жалғыз өзі бір төбе дейтіндей үлкен ізденістен туған дүние – «Тұғыры биік тұлға – Мақсұт Жылысбаевтың өмір жолы» атты тамаша баяндаманы №14 М.Жылысбаев атындағы мектептің тарих пәні мұғалімі Ренат Ахбанбетовтан көре алдық. Шындығында, негізгі мамандығы – ұстаздықпен қатар, өлкетану, оның ішінде, Мақсұттай ұлт жанашырын шәкіртімен бірге терең зерттеп, ел алдына шығарып жүрген Ренат Әзімханұлының талмай ізденістен туған зерттеулері, сөз жоқ, көптің көңілінен шықты.

Сондай-ақ ғылыми конференцияға моде­раторлық жасаған бұрнағы білікті педагог, мектеп басшысы, қазіргі уақытта музейдің директоры Айдын Базиловтың да жан-жақты терең біліп түсінетін танымпаздыққа ие әрі оны қалың көпшілікке өз дәрежесінде жеткізе алатын азамат, яғни, эрудицияға бай тұлға екендігін де осы жиын барысында тағы бір мәрте танып білдік. Оған дәлеліміз, Айдын Алаудинұлының әрбір баяндама сайын оны құнды мәліметтермен толықтырып, жиынға жалықтырмас жаңаша реңк беруімен қатар, оның ашық форматта өтіп, көп адамдар ескере бермейтін бай ақпарларды кемерінен асыра ортаға салуында десек болады.

Сонымен, конференция кезінде сөз кезегін алған белгілі журналист, Меркі өңірінің тарихын түгендеп жүрген абыз ақсақал Бектұрған Жамбабаев, 1926 жылы Тұрар Рысқұлов Меркі жеріне келгенде тау жайлауына бағыт көрсетіп, жолсеріктік атқарған Әлібай Жұмағұловтың (сол сапар кезінде Тұрар аға Әлібай Жұмағұловқа иыққа асатын қайыс жол сөмкесін сыйға тартқан екен. Ол жәдігер қазір аудандық музейден орын алған) ұлы, қазіргі таңда зейнеткер Айдар Әлібаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаевтар да тек біздің өңірге ғана емес, иісі қазаққа белгілі Алаштың ұлдары – Ақкөз, Тұрар, Мақсұт пен Қабылбектер жайында ой-пікірлерімен бөлісіп, ұлт үшін ұран болып қалуға тиіс оғландарымызды ұмытпауға шақырды.

Одан кейін Айдын Базилов көпшілік үшін аса қажетті ақпарларға толы баяндама жасаушы азаматтарға облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайдың қолы қойылған Алғысхаттар тапсырды.

Конференцияның келесі бөлігі пікір алмасу мен сұрақ-жауап кезеңінен тұрды. Келесі уақытта конференцияға қатысушылар музей қызметкерлерінің ерен еңбегі – Тұрар Рысқұловтың экспозициялық бұрышымен, «Тұрар Рысқұлов қоғам және мемлекет қайраткері» және «Қазақ жастарының революциялық одағының мүшелері» тақырыбындағы көрмемен танысты.