Уақыт өте тығыз
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте халықты ауызсумен қамту мәселесі қаралды.
Бұл бойынша энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов баяндама жасап, ауызсу нысандарының құрылысы мен кешенді блок-модуль орнату жұмыстарының талдау қорытындыларымен бөлісті. Жамбыл облысында 4 қала мен 367 ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде Тараз, Шу қалаларындағы 9 тұрғын алқап пен 54 ауылдық елді мекен сапалы ауызсумен қамтамасыз етілмеген.
Ағымдағы жылы 37 елді мекен мен 2 қаладағы 5 тұрғын алқапқа тіршілік нәрін тарту, 16 елді мекеннің ауызсу жүйелерін қалпына келтіру жоспарланған. Нәтижесінде халықты ауызсумен қамту деңгейі қалаларда 98,8 пайызға (2023 жылы – 97,5 пайыз), ауылдық елді мекендерде 98,1 пайызға (2023 жылы – 94,9 пайыз) жетуі тиіс. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 19 ауылдық елді мекен ауызсумен қамтылды.
Басқосуда Ербол Қарашөкеев ауызсумен қамтудың төмен деңгейі қалыптасқан аудан әкімдерінен есеп алып, құрылысы кешеуілдеген жобаларды жіпке тізді. Бұдан бөлек, ауызсуға қатысты тұрғындардың шағымына назар аударды.
– Мемлекет басшысы халықты 2025 жылдың соңына дейін 100 пайыз ауызсумен қамту бойынша алдымызға нақты міндет қойды. Бұл тапсырма мүлтіксіз орындалуы тиіс. Уақыт өте тығыз, — деді облыс әкімі.
Аппараттық кеңес қорытындысы бойынша жауаптыларға мердігерлердің жұмысын қатаң бақылауға ала отырып, ауызсу нысандарының сапалы әрі мерзімінде тапсырылуына ерекше көңіл бөлу, келесі жылдың еншісіндегі жобаларды жете пысықтау тапсырылды.