Жел электр стансасына қажетті жабдықтар өндіретін зауыттың құрылысы басталды
Орталық Азияда теңдесі жоқ зауыттың іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, сондай-ақ Алматыдағы ҚХР бас консулы Цзян Вэй мен «Sany Renewable Energy» компаниясының өкілдері қатысты.
Салтанатты іс-шарада облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, «Sany Renewable Energy» компаниясының атқарушы президенті Чжоу Фугуй құттықтау сөз сөйледі.
Инвестициялық жобаны Sany Renewable Energy компаниясы мен отандық «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС-і бірлесіп жүзеге асыруда. Жалпы жоба құны — 53,6 миллиард теңгені құрайды. Жаңа өндіріс ошағы Шу ауданы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасады. Зауыт 2025 жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі деп күтілуде. Онда 300-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылып, мамандардың біліктілігін арттыруға басымдық беріледі. Жылына 2 ГВт жел электр стансасына қажетті құрал-жабдықтар құрастырылады. Кәсіпорын өнімдері ішкі нарықты ғана емес, экспорттық әлеуетті де қамтамасыз етеді.
Жамбыл облысының инвестициялық қоржынында 3,3 триллион теңгенің 80 жобасы бар. Ол 6362 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, шетелдік инвесторлардың қатысуымен 1,6 триллион теңгеге 12 инвестициялық жоба іске асырылуда. Онда 4500 жұмыс орны ашылады.
Ағымдағы жылы 1453 жаңа жұмыс орнын құра отырып, 214 миллиард теңгеге 35 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 146,7 миллиард теңгеге 20 жоба іске қосылып, 674 жұмыс орны ашылды.
Еске салайық, Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша көш бастап тұр. Өңірде жалпы қуаты 571,3 МВт-ты құрайтын 22 ЖЭК нысаны, оның ішінде 6 су электр стансасы (24,4 МВт), 10 жел электр стансасы (275,6 МВт), 6 күн электр стансасы (251,25 МВт) бар. 2024 жылдың 10 айында 588,4 миллион кВт/сағ. электр қуаты өндірілді. Алдағы жылдары шетелдік әлеуетті компаниялармен бірлесіп, Мойынқұм, Талас, Сарысу аудандарында ірі жел электр стансасын салу көзделіп отыр.
Бұл күні облыс әкімі «Jibek Joly» АЭА-ның жұмысын зерделеп, аралап көрді. Атап айтқанда, «Taraz Gelatin» (желатин, сабын, коллаген өндірісі мен тері өңдеу), «JVictorNewEnergy» (кремний өндірісі), «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» (сутегі асқын тотығы өндірісі) сынды өндіріс ошақтарының құрылыс қарқынымен танысты.
Жалпы АЭА-да 19 жобаны жүзеге асыру көзделген. Бүгінде 3 өндіріс іске қосылып, жеті жобаның құрылысы жүргізілуде.