Су тасқыны кезеңіне дайындық шараларын күшейтуді тапсырды

0 1

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысы қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов баяндама жасады. «Су тасқынының алдын алу мақсатында 1 039 шақырым канал, 1 615 шақырым арық, 406 су өткізу құрылғылары, 299 автомобиль және 115 теміржол көпірі тазартылды», деді ол. Бұдан бөлек, облыс аумағындағы су қоймаларының жұмысына, оның ішінде шекаралас орналасқан «Шоң-Қақпа» (Киров) су қоймасына тұрақты зерделеу жүргізілуде. Су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында 27 шақырым канал мен арық-дренаж жүйелерін кеңейтіліп, 12 көпір күрделі жөндеуден өтті.

Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар туындай қалған кезде оның салдарын дер кезінде жою үшін 6900 дана инертті материал, 16140 тонна жанар-жағармай, 31200 дана қаптың қоры құрылды.

Халықты қабылдауға арналған 396 пункт, 32 шатыр, 890 төсек-орын, 460 кереует дайындалып, тамақтандыру бойынша 58 келісімшарт жасалған. Су тасқыны қаупі төнген кезеңде 1 138 адам, 781 бірлік техника, 112 су айдау құралы мен 2 ескекті қайық жұмылдырылады.

Аппараттық кеңесте «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Қайрат Аманов, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев, Шу-Талас облысаралық бассейндік инспекциясының басшысы Талғат Ибраев, Тараз қаласы мен аудан әкімдері су тасқыны кезеңіне дайындық барысы бойынша атқарылған жұмыстардың есебін берді.

Облыс әкімі бұған дейін болған табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан сабақ алып, су басу қаупі бар елді мекендерді жіті зерделеуді міндеттеді.

– Тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болуы қажет. Апатты жағдайда іс-әрекет алгоритмі жүйелі түрде атқарылуы тиіс. Дегенмен, төтенше жағдайдың алдын алу мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек! Әрбір стратегиялық нысан тұрақты бақылауда болып, апатты жағдайға жеткізбеу үшін қажетті шаралар дер кезінде қабылдануы қажет, – деген Ербол Қарашөкеев әкімдердің жеке жауапкершілігі барын есіне салып, салғырттыққа жол бермеуді ескертті.

Аймақ басшысы гидротехникалық құрылыстарға жергілікті құлақтандыру жүйесін орнатуды, су қоймаларының толымдығына, өзендерге судың тасталу мөлшеріне бақылауды күшейтуді, сондай-ақ көпірлерді, су өткізу құрылғыларын, арық-канал жүйелерін тазарту жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуді тапсырды.