Халыққа жақын құжат
Андас батыр ауылдық округінің әкімі Нұрбол Сұлтаналиев ҰҚК облыс бойынша Шекара қызметі департаменті Меркі ауданы бойынша Шекара басқармасына қарасты «Сыпатай батыр» (автомобильдік) шекаралық бақылау бөлімінде, «Сыпатай батыр» шекара бөлімшесінде, сонымен қатар, «Меркі» (теміржолдық) шекаралық бақылау бөлімшесінде болып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын түсіндіру бойынша жұмыс жүргізді.
Екі күнге жалғасқан іс-шара барысында Нұрбол Анарбекұлы шекарашы сарбаздарға еліміздің әлеуметтік, саяси-экономикалық бағыты мен оны жүзеге асыру тетіктерін кеңінен түсіндіріп берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуына бағытталған маңызды реформалардан тұратынын айтып, оған қолдау көрсетуге шақырды.
Президенттің Жолдауында елімізде әділетті қоғам құру, халықтың әл-ауқатын арттыру және экономиканы дамыту жолындағы басты міндеттері айқындалды. Әлеуметтік салада балаларды қорғауға және адам саудасына қарсы күреске арналған заңдар қабылданып, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықты жазалауды қатаңдату көзделген. Сонымен қатар, азаматтардың несие мәселелері бойынша жаңа заңдар қабылданатыны айтылған. Қазіргі кезде Жолдау аясында елімізде экономика саласында инфляцияны төмендету, халықаралық резервтерді арттыру және өнеркәсіпті дамытуға бағытталған нақты шаралар атқарылуда, деді Нұрбол Сұлтаналиев.
Шекарашы сарбаздардың сұрақ-сауалдарына тұщымды жауап берген Нұрбол Анарбекұлы еліміздегі заңның үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті нығайту еліміздің тұрақты дамуына ықпал ететін негізгі факторлар болып табылатынын қозғады. Экологиялық ахуал мен халық денсаулығын қорғау мәселелері де назардан тыс қалмады. Сонымен қатар, экологиялық білімді насихаттау және халықты әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілетінін жеткізді.
Біз, шекарашылар Мемлекет басшысы ҚР Жоғарғы Бас Қолбасшының Жолдаудағы нұсқауларын бұйрық ретінде қабылдап, өзімізге тиісті жұмыстарды бұлжытпай орындай бермекпіз!