Оқу-ағарту министрі Ғани БЕЙСЕМБАЕВ: Сіздер үздіксіз білім алуға ұмтылған зияткер ұлттың нышанысыздар
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев облысымызға жұмыс сапары аясында мектеп парламенттерінің көшбасшыларымен, республикалық, халықаралық олимпиадалардың, дебат турнирлерінің жүлдегерлерімен кездесті.
Министр кездесуде мемлекет тарапынан өскелең ұрпақтың өзін өзі танытуына барлық мүмкіндіктер жасалғанын атап өтті. Президент бастамасымен 2022 жылдан бастап халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ олардың ұстаздарына ақшалай сыйақы беріліп келеді.
«Сіздер еліміздің мақтанышы ғана емес, білімнің берік іргетасына қаланған және үздіксіз білім алуға ұмтылған зияткер ұлттың нышанысыздар. Сіздердің жетістіктеріңіз қатар-құрбыларыңды білім алуға шабыттандырады, себебі сіздер көпке үлгісіздер. Мемлекет сендердің әрі қарай өсулерің үшін барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз етіп, жағдай жасауда. Сіздердің білімге ұмтылыстарыңыз тұтас ұлт үшін қозғаушы күшке айналады деп сенемін», деді Ғани Бейсембаев.
2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша өңірдің жүлде қоры түрлі зияткерлік додалардан 470 медальмен толықты. Одан бөлек жамбылдық 29 оқушы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпаздары атанып, «Үздік олимпиадалық команда» аталымын иеленді.
Кездесуде мектеп оқушылары министрмен емін-жарқын сұқбат құрды.
Сондай-ақ Оқу-ағарту министрі Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында болып, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ұйым өкілдерімен, «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында дарынды оқушылармен, Білім беру саласындағы сапаны қаматамсыз ету департаментінің және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының» облыстық филиалы қызметкерлерімен, білім беру ұйымдарының басшыларымен, ардагер ұстаздармен және педагогтермен кездесулер өткізді. Байзақ ауданындағы №7 «Жайлы мектепте» болып, қалалық және аудандық білім бөлімінің басшыларымен және орта білім беру ұйымдарының директорларымен жүздесіп, білім саласының өзекті мәселелерін талқылады.