Келіссөз арқылы бейбітшілікке ұмтылу — стратегиялық көрегендік

0 18

Қасым-Жомарт Тоқаев  Astana Think Tank форумында сөз сөйледі. Президент жиын қатысушыларына ілтипат білдіріп, бұл диалог алаңы Астана халықаралық форумының аясында құрылғанын, ең өзекті жаһандық және өңірлік мәселелер жөнінде пікір алмасуға арналғанын атап өтті.

— Өздеріңізге мәлім, бүгінде адамзат аймақтық қақтығыстар, экономикалық тұрақсыздық, климаттың өзгеруі, азық-түлік және көші-қон қауіпсіздігі секілді бұрын-соңды болмаған сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Аталған жаһандық проблемалар бәрімізді толғандырады және оған төтеп беретін шараларды бірлесе іздегеніміз жөн. Біздің келешегіміз қаншалықты күш-жігер біріктіріп, ортақ келісімге келе алатынымызға тікелей байланысты. Сондықтан Қазақстанның бұл маңызды үдеріске атсалысуын зор мәртебе санаймыз, -деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әлемнің жікке бөлінуі күшейіп, көпжақты халықаралық институттардың беделі әлсіреген сайын, орта державалардың рөлі арта түседі деп санайды.

– Ірі державалар бақталастыққа бой алдырып, бір мәмілеге келе алмай жатқан кезде, дау-дамайды реттеуге орта державалар жиі дәнекер болады. Осылайша олар жаһандық ынтымақтастықтың іргесі шайқалмауына ықпал етеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев форум қатысушыларына еліміздің өсіп-өркендеуі және қоғамның демократиялық талпыныстарын жүзеге асыру үшін Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар жөнінде айтты. Оның пікірінше, АЭС құрылысы бойынша таяуда өткен жалпыхалықтық референдум еліміздің демократиялық құндылықтарға бейіл екенін көрсетті.

Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан реформалар ішкі тұрақтылықты сақтауда ғана емес, экономикалық өсімге және шетелдік инвестицияларға қолайлы жағдай жасау ісінде де маңызды екенін атап өтті

– Қазақстан экономикалық тұрғыдан айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Біз 400 миллиард доллар көлемінде шетелден тікелей инвестиция тарттық. Елімізде жаңа инвестициялық кезең басталды. Оның стратегиялық мақсаты – 2029 жылға қарай 150 миллиард доллар көлемінде қаржы тарту. Біз инвесторлар үшін жедел шешім қабылдаудың және жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетудің мәні зор екенін жақсы түсінеміз. Осы мақсатта Инвестициялық кеңес құрылды. Оған стратегиялық инвестициялық жобаларға жетекшілік ету құзыреті берілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшесі ретінде ұзақ жылдардан бері өз миссиясын мінсіз атқарып келе жатқанын мәлімдеді.

– Біздің сыртқы саясатымыздың негізгі басымдықтары – тәуелсіздік, мультилатерализм, өңірлік тұрақтылық және дипломатия. Сондықтан біз жаһандық ынтымақтастық пен прогрестің қозғаушы күші әрі әлемдегі бірегей әмбебап ұйым саналатын БҰҰ-ның рөлін қолдаймыз. Өз өңірімізде, сондай-ақ одан тысқары жерлерде ұзақмерзімді бейбітшілік пен даму үрдісін сақтау үшін негізгі серіктестеріміздің бәрімен конструктивті қарым-қатынас жасау маңызды деп санаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздің Иранмен ядролық қару мәселесінде мәмілеге келуге, Сирия бойынша келіссөз жүргізуге, сондай-ақ жақында ғана Армения мен Әзербайжан арасындағы кездесуге арнайы алаң ұсынғанын еске салды. Президент ядролық қарусыздану және қоршаған ортаны қорғау тақырыптарына ерекше назар аударды.

– Біз ядролық қарудан ерікті түрде бас тарттық әрі оны таратпауға қатысты жаһандық бастамаларға қолдау көрсетіп келеміз. Астананың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы ұсынысы ғаламдық қауіпсіздік саласындағы қатерлерге қарсы міндеттемелерімізді толықтыра түседі. Қазақстан қоршаған ортаны қорғау ісінде ғаламның климаттық күн тәртібіндегі мақсаттарын құптайды. Біз Климат жөніндегі Париж келісімін қолдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан халықаралық форумдарда, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде орта державалардың мүддесін қорғауды жалғастыра беретінін жеткізді

– Біз халықаралық жүйенің мейлінше инклюзивті және орнықты болғанын қалаймыз. Мемлекеттерді үлкен немесе шағын деп бөлмей, оларға жаһанды жақсарту үшін өз үлесін қосуға мүмкіндік беру керек. Қазақстан алдағы уақытта да әлемдік аренада белсенді рөл атқаруға дайын. Біз дипломатияның, экономикалық ынтымақтастық пен көпжақты басқарудың тоғысқан жерінде тұрмыз. Әріптестерімізбен және серіктестерімізбен бірге әрекет ету арқылы болашақ әлемнің келбетін қалыптастыруға атсалыса аламыз. Халықаралық тәртіп өзгеріп жатқан кезеңде біздің жай ғана бақылаушы болғымыз келмейді. Керісінше, анағұрлым теңгерімді, әділ әрі орнықты ғаламдық жүйенің архитекторлары болуға ұмтыламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жиында Ресей-Украина арасындағы қақтығысты шешу мәселесі жөнінде де пікір білдірді.

– Канцлер Шольцпен келіссөз барысында айтқанымдай, Ресейдің әскери тұрғыдан жеңілмейтіні анық. Бұл – Ресейдің әскери әлеуеті, Президент Путин жүргізіп отырған саясатты халқының қолдауы және тарихтың өзі дәлелдеп отырған факт. Сондықтан біз қақтығысты бейбіт түрде шешу жолдарын қарастыруды, барлық мемлекеттің, соның ішінде Қытай мен Бразилияның ақылға қонымды жоспарларын қолдаймыз. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, соғыс қос тарапты да жойып тынады. Кейбір әлемдік күштер бұған мүдделі шығар. Бірақ бұл тығырыққа тірейтін жол. Конструктивті келіссөздер арқылы бейбітшілікке ұмтылу – әлсіздіктің белгісі емес, керісінше, стратегиялық парасаттылықтың көрінісі, – деді Президент.

Жиын соңында Мемлекет басшысы форум қатысушыларының сауалдарына жауап берді.

Пленарлық отырыстың модераторы, Berlin Global Dialogue төрағасы Ларс-Хендрик Рёллер Президенттен Қазақстанның өңірдегі рөлі туралы, сондай-ақ аймақтық ынтымақтастық арқылы орта державалардың ұстанымдарын тиімдірек пайдалану тұрғысынан қандай проблемалар бар екенін сұрады.

– Ең алдымен, біз аймақтық саясатқа, Орталық Азиядағы барлық жақын көршілерімізбен тығыз ықпалдастыққа бейіл екенімізді атап өткім келеді. Біз ынтымақтастықты тереңдеткен сайын, Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдерінің мүдделері үшін жақсы болмақ. Қазіргі жағдайды он жыл бұрынғы ахуалмен салыстыруға келмейді, мүлде өзгеше. Бүгінде біз белсенді ынтымақтастықты дамытып келеміз, ауқымы кең мәселелер бойынша санқырлы байланыс орнатылды. Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары жиі кездеседі. Ортақ мәселелерді бірлесе пысықтайды. Бұл басқосулардың нәтижесі мол. Сондықтан менің жауабым айқын. Біздің саяси ұстанымдарымыз стратегиялық тепе-теңдікті нығайтуға бағытталған. Меніңше, Орталық Азияның әлем картасындағы орны ерекшеленіп келеді. Менің аймақтағы әріптестерім мұнымен келіседі деп ойлаймын. Біз осы өте маңызды өңірдің әлеуетін нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Біріккен Ұлттар Ұйымына келетін болсақ, мен оны нығайту керек деген сенімдемін. Өйткені оның орнын басатын ұйым жоқ. БҰҰ-да көптеген кемшілік болғанымен, бізде басқа балама жоқ. Сондықтан Қазақстан БҰҰ рөлін нығайту бойынша осындай ұстанымдағы барлық елмен ынтымақтаса беруге ниетті. Аймақтық державалар мен орта державалардың үні, ең алдымен, Қауіпсіздік Кеңесінде естілуге тиіс. Қауіпсіздік Кеңесі де реформаға мұқтаж. Өйткені ол, өкінішке қарай, тығырыққа тірелді. Ал одан шығудың жолын бәріміз бірлесіп табуымыз керек. Біз келесі жылы 80 жылдығын атап өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымына қолдау көрсетуіміз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кейін орта державалардың БҰҰ мәртебесін нығайту және мультилатерализм қағидаттарын ілгерілету процесіндегі рөлі жайында сұрақ қойылды

– Әлбетте, әлгінде баяндамамда біз мультилатерализмнің жақтаушысы екенімізді айттым. Біз әлем қазір де, болашақта да, ең алдымен, БҰҰ Жарғысында көрсетілген қағидаттарға негізделуге тиіс екеніне сенімдіміз. Біз БҰҰ Жарғысын ұстануымыз керек. Ешкімге оны бұзуға құқық берілмеген. Өйткені оның баламасы жоқ. БҰҰ Жарғысы – қазіргі халықаралық жүйенің тірегі. Бәлкім, БҰҰ-ның рөліне қатысты қандай да бір көңіл толмаушылық бар шығар, сын да айтылар. Бірақ бізге күш-жігер біріктіріп, соғыс, қақтығыс атаулыны тоқтатып, керісінше, диалог пен бейбітшілік жолына түсу қажет. Қазақстан туралы айтар болсақ, реформаларды жалғастырып, көздеген стратегиялық жоспарды жүзеге асыру үшін бейбіт жағдайда даму біз үшін аса маңызды. Қазір біздің алдымызда еліміздің саяси-экономикалық әлеуетін арттыруға қатысты ауқымды міндет тұр. Сондықтан біз бейбітшілікті жақтаймыз. Бұл ретте көпжақты ынтымақтастық жасап отырған дүние жүзіндегі серіктестерімізге ризашылық білдіреміз. Қазақстан – халықаралық нарыққа ашық ел. Біз шетелден тікелей инвестиция тартқымыз келеді. Бұл туралы жаңа айттым. Сол үшін Қазақстанда қызмет істегісі келетін инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасаймыз, – деді Мемлекет басшысы.