Инвестиция тарту өңір экономикасы үшін маңызды мәселе

0 11

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Сарысу ауданына жұмыс сапарымен барып, жұртшылықпен жүздесті. Аудандық Мәдениет үйінде өткен жиында алдыменен Ербол Шырақпайұлы  халықты облыста атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

Бұдан соң аудан басшысы Сәкен Мамытов сөз алып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен облыс әкімі жүктеген тапсырмалардың орындалу барысын баяндады. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 1 қазанында аудандық бюджет кірістері бөлігінің жоспары 107 пайызға орындалған. Жалпы қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша, инвестиция тартудан басқа барлық салаларда оң динамика қалыптасқан.

Сонымен қатар жиында аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов, ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Молдабеков, ветеринария бөлімінің басшысы Ақылбек Оспанов жауапты салалары бойынша есеп беріп, сұрақтарға жауап берді.

– Балалар қауіпсіздігі – бәрінен маңызды. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие мен озық білім беруде ата-ана мен ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Бірақ, баланың тәрбиесіне бірінші кезекте ата-ана жауапты екенін естен шығармаған жөн. Бала – болашағымыздың шамшырағы! Сондықтан бар ауыртпалықты ұстаздарға жүктеудің қажеті жоқ деп санаймын, – деген облыс әкімі, бала – ата-ана – ұстаз арасында тығыз байланыс орнатудың маңыздылығын жеткізді.

Сондай-ақ, аймақ басшысы аудан орталығы – Жаңатас қаласын дамытуға ден қойып, қала әкімі Ильяс Домалақовтың өзекті мәселелерді шешу бойынша жоспарын тыңдады.

– Халық сізді әкім етіп сайлап, қаланы басқаруды сеніп тапсырды. Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, өзекті мәселелерді шешу – өте маңызды. Жылыту маусымы жоспарға сәйкес жүргізілуі тиіс. Ендеше, жұмысты жандандырыңыз, – деді Ербол Қарашөкеев.

Облыс әкімі жол-көлік оқиғаларының жиілегеніне алаңдаушылық білдіріп, ережені елемеген азаматтарға заң аясында қатаң шаралар қабылдауды талап етті. Бұдан бөлек, аудандық аурухана жұмысына тұрғындардың наразылығы барын айта келе, бас дәрігерге қызмет көрсету сапасын арттыруды міндеттеді.

Кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасып, азаматтар бірқатар мәселе көтерді. Атап айтқанда, аурухана құрылысын жүргізу, білім беру ошақтарын автобуспен қамту, өндірілген өнімді өткізу, ағын су мәселесі мен өзге де өтініш-тілектерін жеткізді. Ал, зейнеткер Сейітқадыр Әбдіхалықұлы жастарға жұмыс орнын ашу мәселесіне көңіл бөлуді сұрап, өз ойын ортаға салды. Ақсақалдың сұрағына орай облыс әкімі:

– Инвестициялық қоржынымызда 4 мыңнан аса жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 80 жоба бар. Инвесторлармен кездесу барысында өндіріске жергілікті тұрғындарды, оның ішінде жастарды жұмысқа тартуды алға тартамыз. Жыл басынан бері 19 жоба іске асып, 674 жаңа жұмыс орны құрылды. Олардың басым бөлігіне өзіміздің жамбылдық тұрғындар орналасты, – дей келі инвестиция тарту өңір экономикасы үшін маңызды мәселе екеніне назар аударды. Аудан әкімдігіне мемлекеттік қолдау шараларын кеңінен насихаттап, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту, табысын артыру бойынша нақты міндеттер жүктеді.

Облыс әкімі басқосудан кейін жеке қабылдау өткізіп, сарысулық азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдады.

Сапар аясында Ербол Шырақпайұлы Жаңатас қаласындағы №6 шағын ауданда орналасқан қайта жаңғыртудан өткен 34 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйді халық игілігіне беріп, қоныстой иелерін құттықтап, баспана кілттерін салтанатты түрде табыстады. Баспана ұзақ жылдар бойы кезекте тұрған азаматтарға, оның ішінде көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға берілді.

– Халықты тұрғын үймен қамту саясаты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты назарында. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде облыста тұрғын үйлер салу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Біз өңір тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтудамыз, – деп атап өткен Ербол Қарашөкеев баспаналы болған отбасылардың шаңырағына құт-береке, ырыс пен ынтымақ тіледі.

Өз кезегінде баспаналы болу бақыты бұйырған  тұрғындар ақжарма тілектерін айтып, алғыстарын білдірді.

Сондай-ақ, облыс әкімі Жаңатас қаласында орын алған төтенше жағдай зардаптарын жою бойынша атқарылған жұмыстармен танысты. Қаланың жылыту маусымына дайындығын тексеру мақсатында орталық қазандыққа барды. Бүгінде қазандықты газдандыру жобасының құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, 4 дана «Bosch» су қыздыру қазандығы, 1 дана «Bosch» бу қазандығы орнатылған, желілік сорғылар мен түтін құбыры толығымен жаңартылған.

Облыс әкімі Сарысу ауданына сапарын тарихы терең «Саудакент» қалашығымен танысумен түйіндеді.