Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – ортақ міндет

0 12

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Кеңеске құқық қорғау органдарының өкілдері, басқарма басшылары, Тараз қаласы мен аудан әкімдері, ЖОО ректорлары қатысты.

Күн тәртібінде алаяқтықтың жолын кесу, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, бұрын сотты болғандардың қылмысқа қайта баруының алдын алу және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды оңалту, әлеуметтік қолдау шаралары қаралды. Бұл бойынша облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мақсат Қанапяев, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Жаныбек Қосжанов сөз сөйледі.

Комиссия отырысында көтерілген мәселелер бойынша басқарма басшылары хабарлама жасады.

Облыс әкімі интернет алаяқтықтың жасалу жолдарына талдау жүргізіп, нақты шаралар қабылдауды, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бұдан бөлек, есірткімен байланысты қылмыстар санының артуына қатысты жұмыс тәсіліне өзгерістер енгізуді ұсынды. Түзету мекемелерінен босап шыққан және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу үшін жүйелі түрде әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуді міндеттеді.

Кеңес қорытындысы бойынша Ербол Қарашөкеев қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – ортақ міндет екенін алға тартып, құзырлы орган басшыларын жұмыла жұмыс істеуге шақырды.