Жүрек талмасын анықтағыш
Жасанды интеллект көп салада сенімді жәрдемшіге айналды. Бұл жолы америкалық зерттеушілер нейрожелінің көмегімен инфаркт белгісін ерте анықтайтын датчик жасап шығарды.
Құрылғы жүрек талмасы ауруын жылдам анықтауға арналған. Оны ауруханада, жедел жәрдем жұмысында пайдалану тиімді болмақ. Жүйе екі кезеңде жұмыс істейді. Алғашқы кезеңде иммуноферментті талдау тесті қан үлгісіндегі «cTnI» ақуызын анықтайды. Екінші кезеңде, сигналды күшейту фазасында, химиялық реакция іске қосылады. Содан кейін арнайы портативті құрылғы қандағы түс өзгерісін суретке түсіреді. Нейрожелі алынған кескіндерді 15 минут ішінде талдап береді. Осылайша, инфаркт белгісін ерте кезеңде-ақ анықтауға болады.