Министр Меркідегі медициналық ұйымдардың қызметімен танысты

0 10

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова облысымызда жұмыс сапарымен болып, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров, Меркі ауданы әкімі Жорабек Баубеков және денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Лаура Отарбаймен бірге Меркі ауданындағы медициналық ұйымдардың қызметімен танысты.

Меркі аудандық орталық ауруханасында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында «ТРИАЖ» жүйесі құрылып жатыр. Бұл жүйенің мақсаты – ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмекті уақытында көрсету деңгейін арттыру. Қабылдау бөлімі КТ, МРТ және ангиография аппаратарымен жабдықталған. Фильтр, интенсивті терапия палаталары, диагностикалық палаталар, УЗИ, эндоскопия, рентген, экспресс-зертхана, кіші операциялық, акушерлік палаталар арқылы шұғыл жағдайларда көп науқастарды қабылдауға жағдай жасалады.

А.Әлназарова «ТРИАЖ» жүйесінің науқастарға тиімді әрі нәтижелі көмек көрсету рөлін ерекше атап өтті. Бұл науқастардың жазылуына ықпал етеді, ал ауыр жарақат алған науқастарға жедел әрі тиімді емдеу жүргізіледі. Қабылдау бөлмесінің жұмыс жүйесі науқастың жағдайы мен приоритетіне қарай шұғыл және білікті көмекті жылдам әрі тиімді көрсетуге бағытталған.

Содан соң Денсаулық сақтау министрі «Үздік тәжірибелер» орталығына барды. 2021 жылдан бастап облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен Меркі орталық ауруханасы ауылдық жерлерде жоғары сапалы, қауіпсіз, жан-жақты, кешенді, қолжетімді, адамға бағдарланған медициналық-әлеуметтік көмек көрсету үшін «Үздік тәжірибелер» орталығына айналған болатын. Реструктуризация мен жаңа жобаларды іске асыру арқасында медициналық көмек халыққа жақынырақ әрі қолжетімді болды. Мұнда мейірбикенің дербес қабылдауы дәрігердің кейбір функцияларын мейірбикеге беру арқылы жүзеге асырылады. Көпсалалы бастапқы медициналық-санитарлық көмек тобы құрылды. Министр “Үздік тәжірибелер” орталығының ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жұмысын жоғары бағалады. Патронаждық мейірбикелердің бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудегі рөлін ерекше атап өтті.

Ақмарал Әлназарова жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесіп, өңірдің денсаулық сақтау саласындағы негізгі мәселелерін, оның ішінде медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен ауылдық медицинаның жағдайын талқылады. Аудан тұрғындары сұрақтар қойып, толғандырған мәселелері бойынша жауаптар алды. Министр кейбір сұрақтарды жеке бақылауына алды.

Іссапар соңында министр брифинг өткізіп, журналистердің өзекті сұрақтарына жауап берді. Медициналық көмекті халыққа қолжетімділігін арттыру үшін бастапқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту шаралары туралы айтты. Олардың бірі – Меркі, Жамбыл, Талас, Кордай аудандарындағы орталық аудандық ауруханаларда және Тараз қаласындағы №2 және №5 қалалық емханаларда табысты жұмыс істейтін “Үздік тәжірибелер” орталықтарын құру.

Ауылдық жерлерде медициналық ұйымдар ашу перспективалары мен жоспарлары туралы сұраққа А. Әлназарова биыл 26 нысанның құрылысына 3,9 млрд теңге бөлінгенін, оның 20-сы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында іске асырылатынын мәлімдеді. Қазір Жамбыл ауданы Коңыртобе ауылында медициналық пункт салынып жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ орта мерзімді перспективада Байзақ, Қордай және Жуалы аудандарында аудандық ауруханалар салу жоспарлануда. Сонымен қатар Меркі, Шу және Талас аудандарындағы ауданаралық көпбейінді ауруханаларды модернизациялау көзделген. Тараз қаласында 400 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухана, 250 төсек-орынға арналған перинаталдық орталық, жедел медициналық көмек стансасы, 350 төсек-орынға арналған инфекциялық аурухана, 250 келушіге арналған емхана және Жаңатас қаласында 200 төсек-орынды аурухана салу жоспарлануда.

Денсаулық сақтау министрі ауылдық жерлерде бастапқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын арттыру жобасы туралы да айтты. Министрлік міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін оңтайландыру және медициналық сала әлеуетін арттыру бойынша жұмыс істеп жатқанын және медициналық оқу орындарымен бірлескен жұмыстың арқасында өңірлерге мамандар тарту үшін жағдайлар жасалып жатқанын атап өтті.