Экологияға ауыртпалық азаяды

0 6

Депутаттар Бекболат Орынбеков пен Сәкен Арубаев «ТаразЭнергоцентр» электр стансасының ұжымымен, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері және оқытушыларымен, сондай-ақ денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесті.

Сенаторлар кездесу барысында атом электр станциясын салу қажеттігі және оның ел экономикасына да, халықтың әл-ауқатына да әсері туралы айтты. Бекболат Орынбеков атом электр стансасы еліміздің көмір электр стансаларына тәуелділігін едәуір төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Көмірді негізгі энергия көзі ретінде пайдалану қоршаған ортаны ауыр зардапқа ұшыратады, оның ішінде ауа мен суды ластайды. Бұл халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға теріс әсер етеді.

«АЭС пайдалануға берілгенде көмірқышқыл газы мен басқа да зиянды заттардың шығарындысын едәуір қысқартуға мүмкіндік туады, бұл климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық күреске елеулі үлес болады. Шығарындының азаюы ауа сапасын жақсартуға және экологиялық тұрақтылықты арттыруға ықпал етеді, бұл өз кезегінде болашақ ұрпаққа жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Атом энергиясына көшу энергетика саласындағы жаңа технология мен инновациялық тәсілдерді дамытуға ықпал етеді және тұрақты әрі сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз етеді», деді Бекболат Орынбеков.