Әлем қолөнершілері — Таразда

0 14

«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты ІІІ халықаралық қолөнершілер көрмесі өтті. Оған халықаралық қолөнершілер қауымдастықтарының, туризм саласы бойынша мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Ауқымды іс-шараның салтанатты ашылуында облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек аталмыш көрменің өңірдің туристік әлеуеті үшін маңыздылығын атап өтті.

— Ежелден Ұлы Жібек жолы бойындағы қолөнер және сауда орталықтарының бірі ретінде әлемге танымал болған тарихы терең Тараз қаласы 2022 жылдың 1 қазанында Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне ресми түрде енгізіліп, Қазақстанның алғашқы қолөнершілер қаласы мәртебесін иеленді. Бұл ауқымды оқиға өңірдің мәдени-рухани және туристік салаларының дамуына жаңа серпін беріп, облыс көлемінде қолайлы туристік ахуал құруға ықпал етеді, — деді Әбілхайыр Тамабек.

Одан әрі көрмеге келген меймандар арнайы баспасөз конференциясына қатысып тарихи Тараз туралы лебіздерімен бөлісті. Санта-Фе халықаралық қолөнер көрмесінің басқарма кеңесінің кеңесшісі, АҚШ өкілі Lopez Carol Robertson, Тәжікстан өкілі Ахмадчон Одилович, «Хунарманд» қауымдастығының жетекшісі Сухроб Шодиев, Кувейт қолөнер қауымдастығының төрағасы Хусейн Али Албаззаз, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің Президенті Саад Хани Аль-Каддуми жамбылдықтарға қонақжайлылығы үшін алғыс білдірді.

Көрме барысында шеберлер өткен дәуірлердің қолөнершілері жасаған тарихи бұйымдармен, сондай-ақ заманауи өнер бұйымдарымен танысты. Жергілікті шеберлерді қолдауға ерекше назар аударылды. Олар үшін шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, онда қолөнер саласында ұзақ жыл тер төгіп келе жатқан әріптестерімен тәжірибе алмасып, өз жұмыстарын көрсетуге мүмкіндік берілді.

Үш күнге жалғасатын көрменің бағдарламасы қолөнер бұйымдарын көрсету ғана емес, сонымен қатар бай мәдени және білім беру бағдарламаларын да қамтитынын атап өткен жөн. Келушілер кәдесыйлар жәрмеңкесін, сән көрсетілімдерін, қолөнер бойынша шеберлік сыныптарын тамашалады. Сондай-ақ жас қолөнершілер «Тараз мотивтері» атты қолөнершілер байқауына қатысты.