Головкин ҰОК жаңа бас хатшысын тағайындады

0 5

Бүгін, 27 қыркүйекте Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Бас Ассамблеясының кезектен тыс жиыны өтті.

Қазақстан ҰОК басқарушы органының отырысына Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин, ҚР спорт және туризм вице-министрі Серік Жарасбаев, сондай-ақ олимпиадалық спорт түрлері бойынша 31 Ұлттық спорттық федерациялардың өкілдері қатысқан.

Жиында Геннадий Головкин спортшылардың Париж Олимпиадасындағы жетістіктеріне тоқталып, жарыс циклінің әлі де жалғасып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін келесі жазғы ойындарға дайындықты қазірден бастау керектігін тілге тиек етті.

Сонымен қатар Геннадий Головкин жаңа бас хатшы қызметіне Әлімжан Ақаевтың кандидатурасын ұсынып, ұсынысты қатысушылар бірауыздан бекіткен.

«Бас Ассамблея мүшелеріне маған сенім артып, мен ұсынған кандидатты қолдағаны үшін алғыс айтамын. Әлімжан Ақаевты жаңа қызметке сайлануымен құттықтаймын. Оның жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен білімі алға қойылған мақсаттарға жетуге көмектесеріне сенемін», деді Геннадий Головкин.