Үйірмелердің үйретері мол

0 21

Бүгінде әрбір ата-ана баласын заманға сай жан-жақты, өнерлі етіп өсіргісі келеді. Сол себепті кішкене күнінен түрлі қосымша үйірмеге қатыстырады. Оған қатысу арқылы бала белгілі бір өнерді үйреніп, білімді меңгеріп қана қоймай, қоғаммен араласады. Қатарластары арасында өзіне деген сенімділігі артады. Айта берсек, үйірменің балаға берері көп-ақ. Жас жеткіншектің интеллектуалды дамып, кәсіби бағдарлануына да мектептен тыс білім беру жүйесінің тигізер үлесі қомақты.

Бүгінгі таңда қала мәдениетін дамыту, тәуелсіз еліміздің жаңа буын өкілдерінің сұраныс деңгейіне көтеру, шаһар көлеміндегі көркемөнерпаздар ұжымдарын насихаттау және мәдени-рухани жаңаруға сүбелі үлес қосу міндеті жолға қойылған. Ұлттық дәстүрімізді көздің қарашығындай сақтап, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу, талантты жастардың өнерін қолдау, дамыту үйірме жұмысының басты міндеті саналады.

Осы мақсатта Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде балаларға арналған 17 үйірме ашылып, оған 840 балғын қамтылған. Атап айтсақ, «Бозторғай», «Жас дәурен» үлгілі би ансамбльдері, «Өрлеу» қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, ансамблі, «Kamer-тон» үлгілі вокал студиясы, «Шаттық» үлгілі хор ұжымы, «Нұршашу» үлгілі камералық оркестрі, «Rever-dance» балдық би, «Жас толқын» үлгілі синтезаторлар, «Аллегро» үлгілі скрипкашылар, үрмелі аспапты ансамбльдері, көркемсурет, домбыра, сахна тілі, би, вокал, драма, брейк-данс үйірмелерінің жас өрендерге үйретері мол.

Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, аталған үйірмелердің қатысушылары облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі әртүрлі байқауларда бақ сынап, үздіктер қатарынан көрініп келеді.

Бала тәрбиесі – баршаға ортақ іс. Оған көпшілік қоғам болып жұмылып, парасаттылық пен байсалдылық таныту қажет. Ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрі мен тағылымдарын, мәдениет тарихын, ұлы ойшыл педагогтардың еңбектерін оқып, жетік білмей, оны жақсы меңгермей тұрып, келер буынға дұрыс тәрбие-тағылым беру мүмкін емес. Кез келген үйірме осы құндылықтарды әр баланың санасына шегелеп, қоғамда өздерін дұрыс ұстауға дағдыландырады. Сондықтан бала тәрбиесіне жіті мән беріп, бойындағы қабілетін байқаған күннен бастап оны әрі қарай дамытуға атсалысқан жөн.