Полицейлер есірткі жарнамасына қарсы акция өткізді

0 12

Полиция қызметкерлері М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттерімен, Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығымен» және еріктілермен бірлесіп, «Есірткісіз болашақ» ұранымен граффити жазуларын алып тастау бойынша акция өткізді.

Мақсаты жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау, нашақорлыққа қарсы күрес шараларын күшейту болып табылатын акцияға 700-ден астам адам қатысты. Іс-шара барысында студенттерге есірткі мен синтетикалық есірткіні қолданудың зияны туралы айтылды. Полицейлер қатысушыларды ұлт пен болашақ ұрпақтың денсаулығына қауіп төндіретін есірткіні, оның ішінде синтетикалық есірткіні таратудан туындайтын проблемалардан аулақ болуға шақырды.

Сондай-ақ, іс-шара барысында облыс Полиция департаментінің кинологиялық қызметі мен оқу-жаттығу взводының көрсетілімдері өткізілді.

Іс-шараның маңызды бөлігі ғимараттар мен қоршаулардың қасбеттерінен есірткі жарнамалары бар граффити жазуларын алып тастау болды. Өйткені әрбір боялған граффити немесе QR коды біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін. Айта кету керек, мұндай акциялар облысымызда тұрақты негізде өткізіліп келеді.

— Есірткі граффитиін қолдану үш жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген қылмыс болып табылады. Азаматтар мұндай жағдайлар туралы «102» нөмірі бойынша және «Narko Shekteu Taraz» анонимді жеделхатына тәулік бойы хабарлауына болады. Анонимділік пен құпиялылыққа кепілдік беріледі, — деп атап өтті облыс ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Қанат Белгібаев.