Ұстазды ұрпақтары ұлықтады

0 10

Ұлағатты ұстаз, Талас ауданының құрметті ардагері Тұрсынбек Темірбекұлының есімі аудан жұртшылығына жақсы таныс. Ардақты ұстаз қызмет қуып алысқа ұзаған жоқ. Абыройды адал еңбекпен өзі тұрақтаған ауылдан тапты. Өмірі өнегеге толы тұлғаның алдын көрген шәкірттері бүгінде еліміздің әр өңірінде жемісті қызмет атқарып жүр. Ұстаз өнегесі, ұстаз табысы деген осындай-ақ болар.

Көргені мен көңілге тоқығаны мол қария көзі тірі болғанда биыл 86 жасқа шығар еді. Үлкен шаңырақтан өніп-өскен ұл-қыздар әке рухына тағзым етіп, Есейхан ауылына үлгі боларлық сый жасады. Ұстаз ұрпақтарының демеушілігімен жергілікті жастардың бос уақытын өткізуге арналған футбол алаңшасына қосымша 130 шаршы метр жасанды көгал төселді. Одан бөлек балалар ойын алаңшасына әткеншектер мен айналма карусель орнатылды.

Биыл бірінші рет қолға алынып отырған іс-шараға жиылып, тілеулестік танытқандардың қарасы да қалың болды. Шарапаты мол іс-шарада ауыл ақсақалы Тұрарбек Торланбаев ақ батасын берсе, Қаратау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Түзелбек Рақышұлы, ауылдық билер кеңесінің төрағасы Күмісбек Дәуренбеков, ауылдық округ әкімі Мұрат Несіпбаев, Есейхан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрғали Жүсіпов ұлағатты ұстаздың өнегелі өмір жолынан сыр шертіп, естеліктерімен бөлісті.

Сонымен қатар, Темірбековтер әулеті ауыл-аймақтағы жас спортшылардың басын қосқан футбол ойынын, білектілер бәсекесі қол күресі мен гір тасын көтеру және имандылық жолындағы шәкірттер арасында Құран жарысын ұйымдастырды. Құран жарысы бойынша 16 шәкірт бақ сынады. Байқау барысында қатысушылардың Құран аяттарын оқу мәнеріне, тіл жатықтығына баса мән берілді. Әділқазылар шешімімен 1-орынды Исмайл Лесбек иеленсе, 2-орынды Аян Дүйсенбі мен Ақылжан Жақсылық өзара бөлісті. Ал 3-орын Бекжан Атибекке бұйырды.

Ал футболдан өткен жарыста майтөбелік спортшылар жеңімпаз болып танылса, 2-орынды Қаратау қаласы командасы иеленді. 3-орынға жергілікті Есейхан ауылы құрамасы лайық деп танылды. Сонымен қатар, қол күресінен Жақсыбек Бейсен тұғыр биігінен көрінсе, Бекжан Бейсен 2-орынға, Еркін Қырықбаев 3-орынға тұрақтады. Арқан тарту спорты бойынша 1995 жылы туылған жастар мықтылығын танытса, оларға жол берген 1986 жылы туылғандар жарысты 2-орынмен түйіндеді. Ал 1989 жылғыларға 3-орын бұйырды.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерге диплом, медаль және қаржылай сыйлықтар табыс етілді.