Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы тағайындалды

0 16

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына Ернар Әбсейітұлы Мақажанов тағайындалды.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) төрағасының орынбасары Мақсат Жебегенов облыс активіне жаңа басшыны таныстырып, оның алдына бірқатар нақты міндеттерді жүктеді. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Ернар Мақажановтың жауапты қызметіне сәттілік тілеп, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудағы маңызды қадамдарды атап өтті.

Ернар Әбсейітұлы 1981 дылы дүниеге келген. Білімі жоғары.

Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін, Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын «маркетинг және коммерция», «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2005 жылы Алматы облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде инспектор болып бастап, аға инспектор, бөлім бастығы, ауданаралық бөлім бастығының орынбасары лауазымдарын атқарды. Сондай-ақ Алматы қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті ішкі қауіпсіздік басқармасының аға қызметкері, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасының бастығы, Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы болып еңбек етті.

Әр жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы, басшысының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.

2023 жылдың қаңтарынан бастап бүгінгі күнге дейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымында еңбек етіп келді.