Еліміздігі тұңғыш туннель ел игілігіне берілді

0 13

Түркістан және Жамбыл облыстарының шекарасында, Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізінің бойында, Түлкібас ауданының Шақпақ баба ауылының маңында орналасқан еліміздегі ең ұзын туннель пайдалануға берілді.

Халықаралық маңызы бар автожол туннелінің ашылу салтанатына Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, сала мамандары мен екі облыстың ақсақалдары қатысты.

Вице-министр Сәтжан Аблалиев құттықтау сөзінде:

– Бүгін ашылғаннан кейін негізгі көлік ағыны Шақпақ баба елді мекенінің айналма жолына бағытталады. Бұл елді мекеннің ішіндегі жол қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізбек. Сонымен қатар нысан қыста жүргізушілердің Шақпақ баба асуында қар құрсауында қалып қоймауына мүмкіндік береді. Бұл жерде туннель салынбаған жағдайда жолдың еңістігі 45 метрге дейін жоғары шығу керек еді. Бұл осындағы қозғалыс жылдамдығын сағатына 20-30 шақырымға дейін төмендетеді. Содан кейін 45 ойық жасауды ойлағанбыз. Бірақ оны боран болған кезде басып қалуы мүмкін еді. Енді ол кедергілер, тәуекелдер болмайды, – дей келіп, осы саланың дамуына елеулі үлес қосып, аянбай еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа төсбелгі тағып, Алғыс­хаттармен марапаттады.

Ал Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек жаңа нысан жол қозғалысының қауіпсіздігіне және өңірдегі жолау­шылар ағыны мен жүк айналымының артуына, ту­ризмнің дамуына игі әсер ететініне сенім білдірді.

Ұзындығы – 840, ені – 11, биіктігі 8 метр болатын екі жолақты жолдан сағатына жүзден аса көлік өте алады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында туннельдің екі жағында жарықтандыру, желдету, дабыл беру және бағдаршамдарды реттеу үдерістерін басқаратын диспетчерлік пункт­тер қарастырылған. Сонымен қатар нақты уақыт режімінде бақылауға мүмкіндік беретін бейнебақылау және өрттен қорғау жүйелері орнатылған. Туннельдің жанында жүргізушілер мен жолаушылар үшін жол жөндеу пункті, жанармай құю бекеті, тікұшақ алаңдары және сауда аймақтары қарастырылған. Туннельді сырттан басқаруға болады. Қандай да бір төтенше жағдай бол­ғанда санаулы секундта нысанды жауып, көмек көрсетуге мүмкіндік бар.