Жамбыл облысында ұлттық жоба аясында 12 мектеп салынып жатыр

0 20

Жамбыл облысында 2024-2025 жылдары аралығында 41 білім беру нысанының құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 мектептің құрылысы бар. Биыл 18 білім нысанының құрылысы аяқталады деп көзделген десек, оның 6-ы «Жайлы мектеп».

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жаңа оқу жылының алдында құрылысы жүріп жатқан білім ошақтарының жұмысымен танысып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді. Облыс әкімі Байзақ ауданы мен Тараз қаласындағы бірқатар жаңа білім ошақтарының құрылыс алаңында болды.

Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық мектептің құрылысы аяқталған. Бүгінде пайдалануға беру бойынша шаралар атқарылуда. Ал, Тараз қаласы «Ұлы дала» шағын ауданында үш білім беру ұясының, оның ішінде екеуінің құрылысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша жүзеге асуда. Мектептің екеуі 1200, біреуі 2000 балаға шақталған. Ағымдағы жылы аталған аумақтағы бір мектепті қыркүйек айында, қалған екеуін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Сондай-ақ, «Бәйтерек» шағын ауданында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде салынып жатқан 1200 балаға арналған мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары 65 пайызға орындалып отыр.

Ербол Қарашөкеев аралау барысында жауаптылармен арнайы кеңес өткізіп, құрылыстардың сапасына жіті көңіл бөліп, білім нысандарын мерзімінде тапсырудың маңыздылығын ескертті.

— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясындағы және барлық білім нысындары құрылыстарының сапасы басты назарда болуы тиіс. Оларды инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету маңызды.
Бұл тұрғыда жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажетті қолдаулар көрсетіледі, — деді облыс әкімі.