Болашағы жарқын жасыл экономика

0 24

«Жасыл экономика» — экологияны басымдыққа ала отырып, жер-су, сол сияқты табиғи ресурстарды тиімді пайдалану. Бұл мақсатта елімізде 2014 жылы «жасыл экономика туралы» заң жобасы қабылданды.

«Жасыл экономиканы» дамыту мәселесі бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажет. 2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс. Біз «жасыл экономиканы» дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз», деген болатын.

Бұл бағыттағы жұмыстар аудан көлемінде тиісті деңгейде атқарылып келеді. Мәселен, Қызыләуіт ауылдық округіне қарасты жер аумағынан 2019 жылы «WindPowerCity» және Wind ElectroCity» ЖШС-і желден энергия көзін өндіретін құрылғыларды орнатып, жұмыс бастады. Бүгінде әр серіктестік орнатқан 3 қондырғы арқылы жалпы қуаты 4,5 мВт болатын электр энергиясын өндіруде.

Дәл осы аумақта 2022 жылы құны 5487,0 миллион теңгені құрайтын 3 жоба жоспарланып, жүзеге асырылды. Әр жобаның құны 1829,1 миллион теңгеге айналды. Осылайша «Жасыл экономика» бағдарламасы аясында іске қосылған «Новатекс», «Шеңгелді», «Шеңгелді-2» ЖШС-і өз жұмыстарын тиісті деңгейде атқарып келеді. Әр кәсіпорын сағатына 4,5 мВт электр қуатын өндіруге қауқарлы. Қазір 5 кәсіпорында 21 адам қызмет атқарады.

— Бүгінде әлемнің көптеген елдері «жасыл экономиканы» таңдайды. Өйткені, балама қуат көздерін пайдалану арқылы энергияны үнемдеу күн тәртібіндегі басты мәселеге айналған. Өз кезегінде балама қуат көзі-дербес экономиканы қалыптастырады. Желден электр энергиясын өндіретін 5 кәсіпорын аудан бюджетіне 30-50 миллион теңге көлемінде салық төлеп отыр. Жел электр стансалары Көктал ауылының маңында орналасқандықтан онда жергілікті тұрғындар да жұмыс жасайды. Аталған кәсіпорындардың арқасында 9 миллиард теңгенің инвестициясы тартылды. Одан бөлек өнеркәсіптің дамуына да зор үлес қосып отыр, — дейді уақыт талабына сай ел экономикасына енгізілген жаңашылдыққа қатысты аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров.

Кәсіпорындар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып қана отырған жоқ, қайырымдылық шараларына қатысып келеді. Ауданбек Тауасаровтың сөзінше ауыл іргесіндегі ескі мешіттің шатырын жауып, ішкі сылақ жұмыстарын жүргізіп, қайта жабдықтауға қаржылай демеушілік танытқан аталған кәсіпорындардың басшылығы.

Бүгінде елімізде жасыл экономиканың маңыздылығы артып келеді. Айталық 2013 жылдың 30 мамырында мемлекеттің инновациялық іскерлігі мен бәсекеге қабілеттігін арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы бекітілді. Сала мамандары құжаттың ел экономикасының орнықты да, тиімді моделін құруға негіз болатындығын айтады. Одан бөлек жаңашылдық экономикалық жүйелерді тұрақтандыруға, қорларды тиімді пайдалану арқылы адам мен табиғаттың арақатынасын теңестіруге сеп болмақ.

Еліміз жел және күн энергиясы жөнінен әлемнің ең үздік аймақтарымен теңесе алады. Бұл орайда жасыл экономиканы дамытуды қолға алсақ, баламалы энергия көздерін өндіруде өзге елдерге үлгі болумен қатар, қоршаған ортаны сақтау тұрғысынан да озық мемлекеттер көшіне ілесер едік.