Қазақтың бір қайнары
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2024 жылдың алғашқы аптасында «Егемен Қазақстан» газетіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты көлемді сұқбатында еліміздегі даталы тарихи оқиғалардың бірнешеуіне көңіл бөліп өтті. Соның бірі – биыл іргетасы қаланғанына 800 жыл толатын Жошы ұлысының тарихы болатын. Иә, қазақ тарихында халқымыздың ұлт болып қалыптасуының негізі саналатын Жошы ұлысының құрылуының біз үшін маңызы зор. Өйткені, қазақтың дархан даласында құрылған осы түркі мемлекетінің соңы Қазақ хандығының құрылуымен аяқталды.
ХІІІ ғасыр әлем өркениетінде ғаламдық қоғам құрылысының жүз пайыз өзгеруіне алып келген ұлы бетбұрыстардың кезеңі болды. Жайпап жайған дауыл дүлейдей астаң-кестеңін шығаратын алапат құйынның шығыстан басталып, батысты өзінің шаңды отына ораған сәті ешкім күтпеген жағдай еді. Шыңғысхан атты қатыгез де қатал тұлғаның шашырап жүрген барша түркі руларының басын бір арнаға қосып, ортақ мемлекет түзген заңына ешқандай ұлыс қарсы шыға алмады.
Шыңғысхан 1218-1222 жылдары қазіргі бүкіл Орталық Азия мен Қазақ жерін толық жаулап біткен еді. Әлем әміршісі өзінің тұяғы тиген жерлерінің бәрін көзі тірісінде төрт баласына бөліп жіберді. Үлкені Жошыға Дешті Қыпшақ даласы, Хорезм жері, Орыс, Кавказ және Еуропаның ат тұяғы жеткен жерлерінің барлығын құзыретіне берді. Жошыны Дешті Қыпшақ даласына тағайындап, тек соның ғана құзыретінде болатынын Шыңғысхан табыстап берген болатын. Бұл туралы Өтеміс қажы өзінің «Шыңғыснама» атты еңбегінде: «Жошы хан Шыңғысхан ұлдарының үлкені болды. Шыңғысхан оған үлкен әскер беріп, Дешті Қыпшақ уәлаятын бағындырып, сол жерге тағайындап: «Сенің жылқыларың үшін жайылым болсын», деді. Сонымен қатар Хорезм аймағын да тұтасымен соған берді», – дейді. Осындай кең-байтақ аймаққа ие болған Жошы ханға осы арқалы сары дала қатты ұнағаны соншалық, ол бұл даладай өмірінде тамаша жер көрмегенін айтқан екен дейтін деректер де бар. Ол деректер тарихшы Әл-Джузджанидің «Табакат-и Насири» атты еңбегінде: «Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы қыпшақ жерінің ауасы мен суын көргенде бүкіл әлемде бұдан асқан жағымды жер болмайтынын, ауасы одан да жақсы, суы бұдан да тәтті, шалғындары мен жайылымдары бұлардың жерлерінен кең екенін көріп таң қалған еді», – дейді. Міне, Жошы хан үшін Дешті Қыпшақтан асқан жер бетінде жәннат бағы жоқ болатын. Ол әкесінің оған осы даланы сыйлағанына дән риза еді.
Шынын айтқанда, сонау ортағасырлық тарихшылардың барлығы да осы далаға қатты қызығып, естері танатын-ды. Бәрі түркінің осы бір даласын мақтап та жазып қалдырды. Солардың бірі ортағасырлық тарихшы Фазлаллах ибн Рузбиханның «Михманнамайи Бухара» атты еңбегіндегі: «Бұл кеңістік өзендермен, гүлдермен және қызғалдақтармен жабылған, сондықтан оны Дешті Қыпшақ деп атайды… Бұл қандай Дешті Қыпшақ! Ол – жұмақтың жалғасы. Оның өрістері мен далалары Иранның бақтарынан асып түседі. Дешті Қыпшақ жердің 600 фарсағына тең. Оның көп бөлігі өзендермен жабылған. Осы елдегі гүлдердің әдемілігі әсемпаз бұлбұлдың өзін есінен айырады. Оның барлық гүлдері мен қызғалдақтары әлемдегі басқа бақтардың гүлдері мен қызғалдақтарының мөлшеріне қарағанда бірнеше есе үлкен», деп тамсана жазғаны осыған дәлел бола алады. Бұл дегеніңіз сонау орта ғасырларда Қыпшақ даласына ағылып келген әлемнің барлық тарихшылары қызыққан қазіргі қазақтың кең-байтақ даласы еді.
Осындай сұлу да кербез күйінде көптеген жиһангездерді тамсандырған Дешті Қыпшақ ұлысы Жошыны да өз бауырына тартып алды. Сайын даланың сайыпқыран ұланына айналған Жошы хан да ұрпақтарына осы бір дархан кеңістікті ешкімге бермеуге өсиет етіп кетті. Әке өсиетіне берік болған ұлдары тарих жылнамаларында «Алтын Орда» деп аталып кеткен ұланғайыр жерді алып жатқан осы мемлекетті биік дәрежеге көтере білді. Жошының ұлдары Бату, Берке хандардың тұсында гүлденудің ең биік шегіне жетті. Тіптен, Еуропадан келген қаншама елшілердің өзі Моңғолиядағы Шыңғыстың ұлы тағында отырған ұлы ханды мойындамай, «Алтын Орда» хандарының бұйрығына тікелей бағынды. Олар үшін «Алтын Ордадан» асқан ұлы мемлекет жоқ болатын. Ортағасырлық деректерде айтылған негізге сүйенетін болсақ, Жошының да батыр, ержүрек және өте мықты саясаткер адам болғанын жазады. Ортағасырлық тарихшы Әл-Джузджани өзінің «Табакат-и Насири» атты еңбегінде: «Жошы Шыңғысханның үлкен ұлы болған. Ол өте батыл, батыр және жауынгер еді. Оның күшінен әкесінің өзі қорқатын дәрежеге жетті», деген деректі келтіреді. Міне, оның абыройының сондай асқақ болғаны соншалық, Шыңғысханның өзі қаймыққанын ұғынғандай болдық.
Шынында да, ел арасында осындай аңыз-әфсаналардың болғаны шындық еді. Жошыдан қаймыққан інілері Шағатай мен Үкітай да оны әкесіне жамандап, сол өсектің арқасында Жошы мен әкесі Шыңғысхан арасында алауыздық болғаны, Шағатай, Үкітайлармен де араздық болғаны тарихтың тылсым дүниелерінің ішінде жасырынып жатқаны бір уақыт айтылып қалып та жүрді. Әрине, мұның бәрі өсек сөз болған күннің өзінде де «Жел тұрмаса, шөптің басы қозғалмайды» деген, ішінде ақиқаты да болуы мүмкін деп тұжырымдауға болады. Өйткені, әкесінің осындай кең аумақты алып жатқан елдерді қырғынға ұшыратып, аяусыз қырғанын көріп, Жошы да іштей қапа болған еді. Тағы да сол Әл-Джузджаниге сөз берсек: «Дешті Қыпшақ даласында қалу мен оны өркендету туралы ойы оған ақыл болды. Әкесінің қаталдығын көріп, қасындағыларға «Шыңғысхан қатты кетті. Осыншама тамаша халық пен жерді және патшалықтарды құртып жатыр. Менің ойымша, әкемді аңшылықта өлтіріп, Сұлтан Мұхаммадқа жақындап, бұл мемлекетті гүлденген күйге келтіріп, мұсылмандарға көмек көрсеткен дұрыс», дейді. Оның бұл ойын ағасы Шағатай Үкітайға айтып, әкесіне бұл опасыздық жоспары мен ағасының ниеті туралы хабарлады. Мұны білген Шыңғысхан өзінің сенімді адамдарын жіберіп, Жошыны улап өлтіру туралы бұйрық берді», дейтін жазбаның өзі көптеген жайттардың бетін ашатыны ақиқат.
Жошы мен Үкітай арасындағы мұндай келіспеушілік болғаны туралы ортағасырлық тарихшы Хамдаллах ибн Аби Бакр Мустауфи Казвини де өзінің «Тарих-и гузиде» атты еңбегінде де айтады. «Шыңғысханның ұлы Жошы хан оның үлкен ұлы болды. Әкесінің бұйрығы бойынша оған Хорезм, Дашт-и Хазар, Бұлғар, Саксин, Аландар, Аса, Орыстар, Микес, Башқұрттар және шеткері жерлердің бәрі сеніп тапсырылған. Жошы мен Угетай хан арасында үнемі дұшпандық болды. Жошы хан Шыңғысханнан алты ай бұрын қайтыс болды. Оның орнына Угетай хан ұлы Бату ханды сайлады», дейді. Мұның ақ-қарасын Шыңғысхан шындап барлай алған да болар, кім біледі, әйтеуір баласы Жошы мен Шағатай, Үкітай арасындағы алауыздыққа мән бермей, өлгенше өз сөзінде тұрып, Жошыға осындай табиғаты әсем, жері кең үлкен алқапты түбегейлі беріп кетті. Жай берген жоқ, ұрпақтарына мирас етіп қалдырды. Бұл туралы тағы да «Төрт ұлыс тарихы» деген еңбек жазған Әмір Темірдің немересі Мырза Ұлықбек те: «Әділ тарихшылардың пікірінше, Сақыпқыран Ағзам Шыңғысханның Жошы ханға деген мейір-махаббаты шеннен артық дәрежеде ұлық болғандықтан, Шағатай мен Оқтай оған қастық етіп, ұлық өсекті таңған еді. Осы жағдай арқылы Жошы хан мен оның туыстары Шағатай мен Оқтайдың араларында көңілсіздік бар болатын. Шыңғысхан Жошы ханды ер және әйел перзенттерінің барлығынан жақсы көрді, тіпті Жошы ханды жамандықпен тілге алған әрбір кісі Шыңғысхан алдында мақұл болмас еді», деп Жошы мен екі інісі Шағатай мен Үкітай арасындағы алауыздықты растай түседі.
Тағы бір әңгіменің бұл жерде қозғалуы – оның мұсылмандарға көмектесу туралы айтылған ойы. Кейіннен Хорезм жерін жаулап алғанда Хорезмшахтың Айсұлтан атты қызын қатындыққа алып, одан мұсылман әлемінің қорғаушысы болған Берке хан туғанын да тарих жақсы біледі. Қалай болғанда да Жошы хан өзінің көзі тірісінде Шыңғысханның ең сүйікті ұлының біріне айналып, ұрпақтарының ішінде ең үлкен аумаққа ие болған жалғыз хан болды. Артына әлемді аузына қаратқан көреген де батыр, саясаткер де ақылды ұрпақтары қалды. Олар да бабалары Жошы хандай үлкен бедел мен абыройға ие болып өтті. Жошы көп ұзамай өлген соң, орнына екінші ұлы Бату хан отырды. Бату хан тұсында Жошы ұлысы «Алтын Орда» аталып, әлемге аты мәлім үлкен империяға айналды. Қалалар салынып, отырықшылықтың негізі қалана бастады. «Алтын Орда» экономикалық-саяси тұрғыдан гүлденіп, дамып, өркендеудің биік шыңына жетті. Бату ханның да мұсылман әлеміне іш бұрғанын Әл-Джузджани тиянақтап айтады. «Ол (Бату) өте әділ және мұсылмандардың досы болды. Оның қамқорлығымен мұсылмандар еркін өмір сүрді. Қосындарда және оның тайпаларында намаз оқитын қауым, имам және муаззин мешіттер салынды. Оның билігінің жалғасуында және өмір бойы ислам елдеріне оның (өз еркімен), бағыныштыларынан да, оның әскерлерінен де бірде-бір бақытсыздық болған жоқ. Түркістанның мұсылмандары оны қорғау шатырының астына алып, үлкен тыныштық пен қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етті. Моңғолдардың қол астына түскен әр Иран аймағында оның белгілі бір бөлігі Батуға бағынышты болды. Ал оның аймағын құрған округтің үстіне оның мұсылман уәзірлері қойылды. Моңғолдардың барлық басшылары мен әскери басшылары оған (Батуға) бағынышты болды және оған әкесі Жошы сияқты қарады», дейді. Яғни, біз жоғарыда айтып кеткендей, Жошы хан да мұсылмандарға қарсы болмай, керісінше, олардан қолдау тауып отырғанын байқаймыз. Бату хан өмірден өткен соң інісі Берке хан таққа отырған кезде Жошы ұлысы Ислам мәдениетінің өзегін негіз етіп алып, одан әрі гүлдетті. Қыпшақ даласы өркениеттер тоғысындағы мәдениет пен білімнің, ғылым мен өнердің шоғырланған ордасына айналып, әлем өркениетін бір жерге тоғыстырған орталыққа баланды. Әл-Джузджани Берке хан туралы: «1259 жылы (Хижра бойынша 658 жыл) 18 желтоқсанда – 1260 жылы 5 желтоқсанда Мөңке хан өлгеннен кейін, Шығыс пен Батыстың барлық қалаларында, сондай-ақ Иран жерінде де (‘Ад-Жам), Мауараннахр мен Хорасанда да, барлық хутбалар (дұға, тілектер) Берке ханның есіміне айтылып, сұлтанға Джамал ад-Дин Ибраһим деген лақап ат берілді», дейді. Міне, осы бір тарихи деректен-ақ Берке ханның Ислам өркениетін көтеріп, дамытқанын байқауға болады.
Осылайша күннен-күнге күшейе түскен «Алтын Орда» мемлекеті Берке ханнан кейінгі Мөңке Темір, Өзбек хандардың тұсында да шексіз билік пен иелікке ие болып, дамыған үстіне дами берді. Ақыр аяғында хандардың тақ таласына ұласқан «Алтын Орда» мемлекеті өз ішінен бірте-бірте ыдырай бастады. Бөлінудің алғашқы шегі Жошы ұлысының өз ішінен екі ордаға «Ақ Орда» және «Көк Ордаға» бөлінуінен басталды. «Алтын Орданың» соңғы ханы деп айтуға болатын Жәнібек ханнан кейін осылайша Жошы ұлысында ырду-дырду басталып, аяғында осылай екі ұлысқа бөлініп тынды. Бұл туралы сол заманның куәгері Муин аддин Натанзи өзінің «Мунтахаб ат-таварих-и Му‘ини» деп аталатын еңбегінде толық баяндайды. «Осыдан кейін Жошы ұлысы екіге бөлінді. Сол қанатқа жататындар, яғни Ұлытау, Сегізағаш және Қаратал шектері Түйсен шегіне дейін, Женд және Баршынкенд төңірегі Ноғайдың ұрпақтарына бекітіліп, олар Ақ Орданың сұлтандары деп атала бастады. Ал Ібір-Сібір, Рус, Либка, Үкек, Маджар, Бұлғар, Башғұрд және Сарай-Беркеге жататын оң қанат Тоқтайдың ұрпақтарына бекітіліп, оларды Көк Орда сұлтандары деп атады», дейді. Міне, бұл Жошы ұлысының өз ішінен екі жікке бөлініп, айбарлы Алтын Орданың ыдырауының басы болды. Осыдан бастап Ноғай ұлысы, Ұрыс хан ұлысы, Әбілқайыр хан ұлысы сияқты бірнеше тармақтарға ыдырап, кейіннен Қазақ хандығының құрылуына алып келді.
Иә, тарих бір орнында тұрмай дүние дөңгелегімен бірге дөңгеленіп, талай-талай тарихи оқиғалар мен тұлғалардың өмірде қалатын алтын атағы мен ұмытылмас тарихын жіптей тізіп жазып кетерін ешкім білген жоқ. Бір кездері атағынан ат үркетін «Алтын Орданың» уақыты келгенде ыдырап, Бату, Берке хандардың кезіндегі дәуренінен айырылып, ұсақталып кететінін тарих тебершегі де білмеді. Бірақ, осы ыдыраулардың соңы ата-тегі бір рулар мен тайпалардың қайта бастарын қосып, тарих сахнасында жаңа ұлттық мемлекет – қазақ халқының басын қосып, ел болып ұйысуының негізі болып қаланды.