Желсіз түнде жарық ай
Облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Жасөркен» демалыс орнында Абай күніне орай «Ystyq qairat, Nurly aqyl, Jyly jurek» жобасы аясында «Желсіз түнде жарық ай» атты өнер кеші өтті.
Табиғат аясында ұйымдастырылған әдеби-сазды іс-шара облыстық балалар мен жасөспірімдер орталығы оркестрінің орындауындағы Абайдың «Торжорға» күйімен бастау алды. Соңан соң бір топ жастардың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы» туындыларынан әзірленген керемет композициялары кеш қонақтарының назарларына ұсынылды. Жамбылдық жастар жылы қабылдаған мерекелік іс-шара бұрынғылардан ерекше болды. Себебі, мұнда өнер көрсетушілер ортада тұтанған алауды айнала отырып, еркін форматта ән шырқап, өлең оқыды.
– Халқына қашанда азық болған Абай мұраларын өз деңгейінде дәріптеу – ұрпақ парызы. Іс-шараның басты мақсаты – өнерсүйер облыс жастарын бір ортаға жиып, «Желсіз түнде жарық айдың» аясында өнерін ұлықтап, өлеңін, әсем әндерін, сондай-ақ күйлерін де орындап, ақын өнерін әрмен қарай дәріптеу. Тек Абай күнінде емес, жалпы жастардың іс-шараларының барлығын осындай еркін түрде өткізу жоспарланып отыр, – деді облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Айбек Қадыралиев.
Әуелеген әуезді кеште облыстың жас ақындары жырдан шашу шашып, хәкім Абайдың өлеңдерін нақышына келтіре орындады. Сондай-ақ дәл осы күні облыстың барлық аудандарында ақын мұраларын насихаттау мақсатында челлендж өткізіліп, бейнеқұттықтаулар жолданды. Осындай еркін форматтағы кештер алдағы уақытта да жалғасын таппақ.