Бірлігіміз – татулықтың тірегі

0 20

Алдағы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Ынтымақ пен келісімнің ордасына айналған құрылым бүгінде қоғамымыз үшін маңызы зор көптеген кеңестер мен орталықтарды, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдарды біріктіріп отыр. Ассамблея мемлекеттік тілді дамытуға да, медиацияны өркендетуге де, қайырымдылықты жандандыруға да, қоғамдағы ірілі-ұсақты мәселелерді шешуге де сүбелі үлес қосып келеді. Әсіресе, ұйым жанынан құрылған ерікті жастар қозғалысының қоғамға тигізіп келе жатқан пайдасы зор.

2018 жылы «Жаңғыру жолы» деп аталған жастар қозғалысы  Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің 2021 жылғы 21 қазанда өткен кеңейтілген отырысында «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі болып құрылып, әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтеді. Бірлестік жастарды этносаралық жобаларды іске асыруға тарту бойынша осы жылдың алғашқы жартыжылдығында 47 іс-шара өткізіп, оларға 4200 жас қамтылды. Мәселен, Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтында «Экономика және бизнес» факультеті студенттерімен «Бірлігіміз – татулықтың тірегі» атты кездесу ұйымдастырылды.

Этномәдени бірлестік өкілдері қатысқан іс-шарада азаматтық құндылықтарды дамытуға, бейбітшілік пен келісімді сақтауға, «Бірлік әралуандылықта» қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған жобалар талқыланды.Сонымен қатар облыстық «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі Қордай ауданында жастарға ақпараттық кеңес беру алаңын ұйымдастырды. Шалғай аймақта  тұратын жастарға білім беруді, жұмысқа орналастыруды мақсат еткен іс-шарада құқықтық қызмет көрсету мәселелері бойынша кеңес берілді. Кеңес беру алаңында аудан тұрғындары мен жастар толғандырған сауалдарына жауап алды.

«Ассамблея жастары» мемлекеттік жобалар аясында да бірқатар тындырымды тірлік атқаруда. Атап айтар болсақ, «Бірлік тілі» жобасы аясында түрлі этнос жастары арасында мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылықты арттыру бағытында Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде КСРО Халық әртісі, көрнекті театр жене кино актері, режиссер Шәкен Аймановтың туғанына  110 жыл толуына  орай «Біздің кино» тақырыбында киновояж өтті. Мақсаты – көркем туындылар арқылы жастарға рухани құндылықтарды дәріптеу, қазақ тілін кино көру әдісі бойынша меңгерту, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Оған қоса «Достық» үйінде «Мәміле» клубының биылғы алғашқы отырысы өтті. «Бірлік пен ынтымақтастық – береке бастауы» деп аталған жиынға тіл жанашырлары мен этнос жастарынан құралған клуб мүшелері қатысты. Спикер ретінде қалалық №34 орта мектептің директоры, «Облыстық «Вынхуа» дүнген этномәдени орталықтары» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Динара Нұралиева жастарға мемлекеттік тілді жетік білу арқылы барлық бағытқа жол ашылатындығын жеткізді.

Осы жылдың ақпан айынан бастап Достық үйінде этномәдени бірлестіктер мен этнос өкілдері үшін қазақ тілін оқыту курстарына 34 адам қамтылды. Украин, орыс, кәріс этномәдени бірлестіктерінің құрамына «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» ашық алаңында қалыптастырылған қазақ тілін еркін меңгерген спикерлер, мемлекеттік мекемеде қызмет атқаратын жас мамандар енгізілді.Жуырда облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы этнос өкілдері арасында «Бір тіл. Бір топ. Бір мақсат» атты облыстық тимбилдинг ұйымдастырды.

Мемлекеттік тілді қоғамдық қатынастардың барлық саласында дамытуға, этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін нығайтуға бағытталған аймақтық шараға ҚХА «Ассамблея жастары» бірлестігінің  мүшелері белсене қатысты. Бірлестік жастары «Таныстыру», «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ»,  «Кім жылдам?», «Арқан тарту» кезеңдері бойынша сайысқа түсіп, өзара бақ сынады. Жарыс қорытындысымен тимбилдингке белсене қатысқан бірлестік  мүшелері арнайы Алғысхатпен марапатталып, қаржылай сыйлыққа ие болды.

Ал тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытында облыс әкімдігінің ұйытқы болуымен  киелі Түркістан өңірінде ардагерлер мен жастарға арналған экскурсия ұйымдастырылды. Наурыз мейрамы мен Ораза айт мерекелеріне орай ұйымдастырылған саяхаттық тур делегациясының құрамында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухаббат Турдыева мен жастар бірлестігінің белсенділері де болды. «Наурызнаманың» онкүндігінде экология мен қоршаған ортаны қорғауға байланысты «Жаңару» күні атап өтілді.

Осыған орай «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымы және «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері бауырластық пен татулықтың қайнар көзі саналатын Достық үйінің ауласына тал көшеттерін отырғызды. Азаматтарды ортақ мақсаттарға жету жолында бірігуге және көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыруға үндейтін атаулы мереке жыл сайын өз жалғасын табуда.

Ал «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Өнегелі ұрпақ» апталығына орай Тараз қаласындағы тыл ардагері, ғасыр жасаған ана Улсоной Авалованың үйінде тал егу және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.Әскери-патриоттық тәрбие беру бойынша Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына  35 жыл толуына орай «Жеңіс» саябағындағы «Ерлік» мемориалдық кешенінде өткен ескерткішке гүл қою рәсіміне Ассамблея жастары да қатысты. Ауған соғысы ардагерлерінің арасында облыстық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Бахром Муминов та бар. Бахром Тохтасынұлы Ауғанстан соғысына алдыңғы лекпен аттанып, шекарада өзіндік әскери қызметін ерлікпен атқарған.

Ұлы Жеңіс күнінің қарсаңында «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі жылдағы әдетінен жаңылмай Ұлы Отан соғысының ардагерлері Мүтәліп Ережепбаев, Григорий Нещеретнев, Геннадий Иванов және Иван Макеев қариялардың шаңырағына ат басын бұрып, мерекелерімен құттықтап, естелік сыйлықтар табыс етті. Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Қоғамдық келісім» мекемесінде «Ассамблея жастары» бірлестігінің ұйымдастыруымен «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Жиынға өңірлік этномәдени бірлестік өкілдері, жастар мен студенттер қатысты. Кездесуде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары, аймақтық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілханов, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Хамида Турдыева, мекеменің заңгері Дина Амиреева, қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов мемлекеттік рәміздердің қабылдану тарихына тоқталды.

«Jastar media» медиа-жобаларды дамыту және медиа-сауаттылықты арттыру жобасы аясында республика бойынша Алғыс айту күніне арналған «Арайлы атамекенім» челленджіне «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері, этномәдени бірлестіктер өкілдері және «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері бар барлығы 60-тан астам адам қамтылды. Челлендждің мақсаты – ортақ тарихи жады, қазақстандықтар арасындағы бейбітшілік пен келісім негізінде Қазақстан халқының бірлігі мен қазақстандық бірегейлікті нығайту, патриотизмге, жауапкершілікке және рухани дамуға, адамдарға және қоршаған ортаға жақсы қарым-қатынас орнатуға тәрбиелеу.

Алғыс айту күні мерекесі аясында бірлестік ұлттық ас мәзіріндегі бренд – құрт тағамын тарату акциясын ұйымдастырып, жұртшылыққа тарихи ғибратын жеткізді.Сонымен қатар Тараз қаласындағы «Достық» үйінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай «Менің туым – менің мақтанышым!» атты челленджі бойынша «Туымыз – төрімізде» атты флэшмоб өтті. Мақсаты – қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді нығайту, әлеуметтік интеграцияны күшейту, патриотизм мен азаматтық сезімге тәрбиелеу және оны дамыту, біртұтас ұлтты қалыптастыру. Маңызды шараға «Ассамблея жастары» бірлестігінің мүшелері  белсенді қатысып, мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін асқақтатты. Сондай-ақ этнос жастарын қоғамдық-саяси өмірге интеграциялау мақсатында облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелерімен, қаламгер  Майлыбай Смағұловпен ассамблея жастарының кездесуі ұйымдастырылды.

Заманауи гуманитарлық-техникалық колледжде «Қазақстан татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Алғыс айту күніне арналған мерекелік шарада этномәдени бірлестік өкілдері студенттерге ғибратты әңгіме айтып, қазақстандық бірегейлік төңірегінде ой-пікір алмасты.Сол сияқты «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен  «Ұрпақтардың ризашылығы – ұлтаралық татулықтың, бірлік пен достықтың негізі» атты ғылыми-сараптамалық «дөңгелек үстел» отырысының да маңызы зор болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың этносаралық қатынастарды нығайту және Қазақстан халқы Ассамблеясының  оқу орындарымен бірлескен жұмысын күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында «Ассамблея жастары» бірлестігі Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтымен «Бір халық, бір ел, бір болашақ» атты шара ұйымдастырды. Жиын спикерлер мемлекеттік саясаттың басымдықтары, этносаралық қатынастар, теңдік пен азаматтық құқықтар, бірлік пен келісімді нығайту, Ассамблея тарихы мен жұмысы, медиа сауаттылық, этномедиация тақырыптары төңірегінде сөз қозғады.

«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрайымы Хамида Турдыева ҚХА-ның «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында көтерілген тақырыптар бойынша Жамбыл жоғары медициналық және «Болашақ» колледждерінің студенттеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ студенттерге Ассамблея ұйымының жастарға беретін мүмкіндіктері мол екенін атап өтіп, «Ассамблея жастары» құрамына шақырды. Заманауи гуманитарлық-техникалық колледжінде «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Тараздағы татар ұлттық тағамдары» фестиваліне белсене қатысқаны үшін «Ассамблея жастарының» мүшесі Диана Ямолтдинова Алғысхатпен марапатталды.Қайырымдылық шаралар да назардан тыс қалған жоқ. 15 наурызда игі істер эстафетасын «Ассамблея жастары» жағдайы аз қамтылған оншақты отбасыға азық-түлік себетін апарып жалғастырды. Ал Байзақ ауданында жастармен кездесу өтіп, қоғамда достық пен бірліктің дәстүрлі құндылықтарын насихаттау, этномедиация институтын дамыту туралы айтылып, құқықбұзушылықтар үшін заңды жауапкершілік қарастырылғаны түсіндірілді.

«Ассамблея жастары» тасқын судан жапа шеккен аймақтарға волонтерлік көмекті үйлестіру шараларына да атсалысты. Осы орайда 6 жүк көлігіне тиелген 100 тонна гуманитарлық көмекті жинақтау, тиеу жұмыстарына 50 жас үлес қосты. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында аймақта «Таза аула. Таза өлке. Таза ел!» атауымен ұйымдастырылған игі іске бірлестіктің  30 өкілі қатысып, Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің аумағына түрлі ағаштар отырғызды.Балалар мерекесінде де «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен «Ассамблея жастары» бірлестігі Тараз қаласындағы Тұрар Рысқұлов атындағы орталық саябақта  бүлдіршіндерімізге мерекелік көңіл күй сыйлап, тегін балмұздақ таратты.

Жалпы «Ассамблея жастары» ұйымының қызметі тек мұнымен шектелмейді. Жыл басынан бері өткізілген іс-шаралар арқылы азаматтық қоғам институты ретінде Мемлекет басшысы жариялаған бастамаларды іске асыруда. Алдағы уақытта да жастар көшбасшылары қоғамның нақты мәселелерін шешуге атсалысатын болады.