Шудың шырайын кіргізетін жобалар
Мемлекет тарапынан қолға алынған реформалардың нәтижесінде Шу өңірі де өркендеп келеді. Бұл тұрғыда байыпты бастамалар мен жарқын жобалардың тигізіп жатқан шарапаты мол. Соның нәтижесінде елді мекендердің ажары кіріп, әлеуметтің әлеуеті артуда.
Бір ғана мысал, ауылшаруашылығы саласының өзінде ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізіп отырмыз. Шу ауданында 2019 жылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы 5 ауылдық округте іске асырылған. Жобаның бес бағыты бойынша 715 өтінім қарастырылып, барлығы 4,2 миллиард теңгеге несиелендірілді. Жоба аясында 5 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы жерлерді игеру мақсатында 104 миллион теңге көлемінде айналым қаражатын алды.
Сонымен қатар 452,1 миллион теңгеге 49 ауылшаруашылығы техникасын сатып алуға өтінім беріліп, 40 дана техника жеткізілді. Алдағы уақытта 9 дана техника кооператив төрағаларына ұсынылатын болады. Бұдан бөлек ауылды жерде тұратын 705 тұрғын 3,6 миллиард теңгеге 21394 бас мал сатып алды. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 5 адам 34,6 миллион теңге көлеміндегі несиеге қол жеткізіп, өз істерін дөңгелетуде. Осындай жұмыстардың нәтижесінде аталған елді мекендерде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 175-тен 32-ге, яғни 81,8 пайызға кеміді. Жұмыссыздық деңгейі төмендеп, ауыл тұрғындарының тұрмысы түзеліп келеді.
Ал, биыл «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағытын, яғни кәсіпкерлікті дамыту мақсатын Шу қаласы мен 18 ауылдық округте іске асыру көзделіп отыр. Бүгінгі күнге 96 өтінім жинақталып, тиісті жұмыстар жүргізудеміз. Жайылым тапшылығын жою мәселесі де басты назарымызда. Осы жылы жайылым жерлердің пайдалануына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 20 мың гектар жайылым жердің жетіспейтіндігі анықталып отыр. Мәселені оңтайлы шешу үшін маңызды мәмілелер жасалуда. Елді мекеннің жайылым жерлерін ұлғайту бойынша аудандық босалқы жер қорынан қосымша 21 мың гектар жайылымдық жер учаскелері жер комиссиясында қаралып, оң қорытынды қабылданды. Бұл аумақтар жылдың соңына дейін бекітіп берілетін болады.
Биылғы жоспарға сәйкес пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жоспары 10000 гектарды құрайды. Бүгінгі күнге 3653,0 гектар жер қайтарылды. Оның 1500 гектары егістік болса, 2153 гектары жайылымдық жерлер. Жыл басынан бері 13 шаруа қожалығының ауылшаруашылық мақсатындағы 139,0 гектар жайылымдық жерінің игерілмей жатқаны анықталды. Яғни мал саны тіркелмеген. Жер телімдерін игермеген шаруа қожалықтары бойынша Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес шара қолдану үшін облыстық жер инспекциясымен бірлесіп жұмыс атқарылуда.
Жалпы, облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне 7 шаруа қожалыққа тиесілі 42,0 гектар жердің игерілмеуі бойынша шара қолдану үшін жолданды. Нәтижесінде 3 шаруа қожалығына ескерту беріліп, 4 шаруа қожалығына тексеріс ашылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады.
Ауылшаруашылығы саласында толайым табыстарға қол жеткізу үшін каналдарды ретке келтірудің маңызы зор. «Сулы жер – нулы» деп дана халқымыз айтқандай, тіршілік нәрін тиімді пайдалану бағытында да тындырымды тірліктер атқарылуда. Жалпы ауданда 94 канал бар. «ПУИД-2» жобасы аясында 16 нысан қайта жаңғыртылуда. Атап айтқанда «Туннель Садд Ариана» компаниясы 2022 жылдың басынан тиісті жұмыстарды атқаруда. Бұл нысандар толықтай ретке келгенде 5 863 гектар суармалы алқапты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.
Су шаруашылығы жүйелерін қалпына келтіру жол картасы аясында аудан аумағындағы жалпы 80 каналға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Оның ішінде 31 канал республикалық меншікке өткізілді. Далақайнар ауылдық округіндегі 4 каналдың құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Сонымен қатар екінші кезеңдегі 45 канал бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігіне бюджеттік өтінім берілді. Нәтижесінде, 2026 жылдың соңына дейін барлық каналдарды жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Бұқараны бастанамен қамту жайы да күн тәртібінен түскен емес. Қазіргі таңда ауданда тұрғын үй кезегінде 1747 адам тіркелген. Бір айта кетерлігі, соңғы 30 жылдам астам уақыт бойы аудан аумағында көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілмеген. Тек 2018 жылы Шу қаласындағы «Жетісу» ықшам ауданында бос тұрған 75 пәтерлік тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген. Аталған аумақтағы қалған бос тұрған 4 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу үшін жергілікті кәсіпкермен келіссөз жүргіздік. Осы орайда нысандарды сейсмикалық сараптамадан өткізіп, аудан тұрғындарына қолданысқа беру жұмыстарын жасаймыз.
Сондай-ақ жеке кәсіпкер тарапынан өткен жылы Шу қаласынан 30 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үй ел игілігіне берілді. Аталған жобаның бір ерекшелігі — тұрғындар алған пәтерлерінің 30 пайызын алдын ала төлесе, қалған бөлігін 5 жылға пайызсыз төлейтін болады. Одан бөлек, өткен жылы тұрғын үй сатып алу бюджеттік бағдарламасы аясында кезекте тұрған 60 азамат қоныс тойын тойлады. Ал биыл 100 азаматқа баспана кілтін табыстау жоспарлануда.
Сонымен қатар, Шу қаласының «Жетісу» тұрғын аумағында 80 пəтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұдан бөлек 5 қабатты, 80 пәтерлік тағы 2 үй құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Бюджеттік өтінім ұсынылған. Аталған жоба қолдау тапса 160 азамат тұрғын үймен қамтылатын болады. Жалпы ауданда 142 көппәтерлі үй бар. 2023 жылы облыстық бюджеттен 167 миллион теңге бөлініп, Шу қаласындағы 9 көппәтерлі тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сол сияқты осындай 10 үй жаңғырту бағдарламасы арқылы жөндеуден өтпек.
Тұрғындарды таза ауызсумен қамту мәселесіне де басымдық беріліп келеді. Ауданда 35 елді мекеннің 27-сі орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Нақты айтқанда Шу қаласы, Шоқпар стансасы, Аспара, Құмөзек, Жиделі, Еспе бекеттері, Төле би, Абай, Ақсу, Оразалы батыр, Алға, Бірлікүстем, Балуан Шолақ, Белбасар, Жаңажол, Бәйдібек, Тасөткел, Бірлік, Далақайнар, Қонаев, Мойынқұм, Көкқайнар, Еңбекші, Көкжиек, Құлақшын, Алайғыр, Ақтөбе елді мекендері инфрақұрылымның игілігін көріп отыр. Бүгінде Тасөткел су қоймасы, Еңбек, Бөлтірік, Жиенбет, Жайсан, Көктөбе, Шоқпар, Сауытбек ауылдары ауызсумен қамтамасыз етілмеген елді мекендер қатарында тұр. Дейтұрғанмен мәселенің оң шешімін табуға тырысып жатырмыз. Өткен жылы Көктөбе, Сауытбек, Бөлтірік елді мекендерін ауызсумен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары басталды. Сәтін салса бұл жұмыстарды биыл аяқтау жоспарлануда.
Ал, Тасөткел су қоймасы, Еңбек, Жиенбет, Жайсан ауылдарын ауызсумен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қолдау тапты. Қазіргі таңда Тасөткел су қоймасы мен Жайсан ауылында су шығару имараттарының құрылысы бастау алған. Шоқпар ауылы бойынша да жобалық-сметалық құжат әзірленіп, бюджеттік өтінім ұсынылған. Қолдау тапқан жағдайда, аталған елді мекен де ауызсумен қамтылатын болады. Сондай-ақ Шу қаласының Қант зауыты мөлтек ауданын және Төле би ауылының сол жақ беткейін ауызсумен қамту жұмыстары биыл аяқталады. 2025 жылға дейін елді мекендерді ауызсумен қамту 100 пайызға жетеді деп күтілуде.
Әйтсе де ауызсуға қатысты түйіні тарқатылмаған түйткілдер де жоқ емес. Шу қаласында жалпы ауызсу жүйесінің ұзындығы 169,3 шақырымды, кәріз су жүйесінің ұзындығы 54,7 шақырымды құрайды. Осы су жүйелеріне «Ауызсу-Шу» кәсіпорны мен «Теміржолсу-Алматы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызмет көрсетіп келген болатын. Өткен жылы бұл қызмет көрсету міндетін «Теміржолсу-Алматы» ЖШС-нен өзіміздің теңгерімге алдық. Қазіргі таңда су мен кәріз жүйелері қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрғанымен, құбырлары ескірген. Инфрақұрылым бойынша теңгерімге алған себебіміз болашақта қаланың барлық су, кәріз құбырларын жаңартуымыз керек. Қала бойынша су құбырлары мен кәріздер жүйесі нысандарына күрделі жөндеу жүргізілуі қажет. Осы уақытқа дейін бұл жұмыстар ішінара жасалып келген.
Шағын шаһарды дамыту үшін алдымызға үлкен мақсаттар қойып отырмыз. Бірінші кезекте тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуымыз керек. Қазіргі таңда біздің жоспарымыз өте көп. Құжаттардың барлығын дұрыстап, бірден тарифты сәйкестендіреміз. Мекемеге құрылыс-монтаждау жұмыстарын атқаруға лицензия алу да ойда бар.
«Көгілдір отын» жайы да көптің көкейіндегі мәселе. Шу ауданындағы 35 елді мекеннің 18-і табиғи газбен қамтылған. Атап айтқанда Шу қаласы, Жаңажол, Көкқайнар, Белбасар, Еңбекші, Төле би, Бірлік, Қонаев, Көктөбе, Бірлікүстем, Алға, Сауытбек, Жайсан, Абай, Оразалы батыр, Ақсу, Тасөткел ауылдары мен Тасөткел су қоймасына табиғи газ тартылған. Яғни көрсеткіш 51,42 пайызды құрайды. Бұдан бөлек Мойынқұм, Жиенбет, Еңбек, Ақтөбе, Аспара ауылдарына құбыр тартылып қойылған. Сол сияқты Бәйдібек, Ақтасты, Бөлтірік, Балуан Шолақ, Далақайнар, Шоқпар, Шоқпар стансасын ішкі жүйеге қосу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Ал Көкжиек, Құмөзек, Еспе, Алайғыр, Құлақшын, Жиделі елді мекендерін газдандыру экономикалық жағынан тиімсіз болып тұр. Яғни, қосылу нүктесінен алшақ және халық саны аз.
Сондай-ақ өткен жылы ауданда жалпы 14 әлеуметтік нысанды табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілді. Оның 12-сі білім мекемелері болса, қалған екеуі 75 пәтерлі тұрғын үй мен СПТУ-24 жатақханасы. Биыл 3 медициналық нысанды газға қосу жұмыстарын жүргізуге дайынбыз. Бұл тұрғыда Көктөбе ауылы үшін 3,7 миллион, Белбасар ауылына 8,9 миллион, Бірлік елді мекеніне 13 миллион теңге қаралған. Алайда, Қонаев ауылында АГТС құрылысы аяқталмай, газға қосу жұмыстары толық жүргізілмейтінін ескерген жөн.
Жалпы, ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде білім, мәдениет, спорт салаларында жаңа нысандардың қатары артып, кейбір ғимараттарға жапсарлас құрылыстар жүргізілуде. Мұның өзі ілгерілеушіліктің белгісі. Осы орайда айта кету керек, білім саласы бойынша 2023 жылы 5 жаңа мектеп, 4 жапсарлас құрылыс, 5 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген болатын. Атап айтқанда Жиенбет, Жайсан, Көктөбе ауылдарында 100-120 орынды жаңа мектеп салу көзделген. Сонымен қатар Шу қаласында әрқайсысы 600 орынды 2 жайлы мектеп құрылысын салу жоспарланды.
Ал Шу қаласындағы Ғ.Мұратбаев, Төле би ауылындағы С.Шәкіров, Шоқпар ауылындағы М.Х.Дулати, Еңбекші ауылындағы Еңбекші орта мектептеріне жапсарлас құрылыс жүргізудің бағыт-бағдары айқындалды. Сонымен қатар Шу қаласындағы Макаренко, Абай ауылындағы Абай, Көкқайнар ауылындағы Естемесов, Мойынқұм ауылындағы Мойынқұм, Тасөткел ауылындағы Ш.Мұртаза атындағы орта мектептерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша ұсыныс берілді. Нәтижесінде, 2024 Жиенбет ауылында 100 орынды мектеп салу мәселесі қолдау тапты. Сонымен қатар Шу қаласындағы Ғ.Мұратбаев, Төле би ауылындағы С.Шәкіров, Шоқпар ауылындағы М.Х.Дулати, Еңбекші ауылындағы Еңбекші орта мектептеріне жапсарлас құрылыс жүргізілуде. Бұдан бөлек Шу қаласындағы Макаренко және Тасөткел ауылындағы Ш.Мұртаза атындағы орта мектептер күрделі жөндеуден өтуде.
Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2 мектеп құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда, инфрақұрылымын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеудеміз.
Мәдениет мекемелерінің де материалдық-техникалық базасы жылдан жылға нығайып келеді. Қазіргі таңда ауданда 48 мәдениет ошағы бар. Оның 21-і мәдениет үйлері мен клубтар болса, 25-і — кітапхана. Сол сияқты мұражай мен мұрағат халыққа қызмет көрсетуде. Өткен жылы Абай ауылындағы 100 орынды мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл мақсатқа 256,9 миллион теңге бөлініп, игерілді. Дегенмен Ақсу, Далақайнар ауылдарындағы клубтар апатты жағдайда болса, Мойынқұм, Ақтөбе, Алға, Белбасар, Жаңажол ауылдарындағы клубтар ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Осы 7 жобаның барлығы құрылысты қажет етеді.
Бүгінгі күнге Ақсу, Далақайнар, Жаңажол, Белбасар, Ақтөбе ауылдарындағы мәдениет нысандары бойынша 5 жоба дайын. Оның ішінде Белбасар ауылындағы 100 орынды мәдениет үйінің құрылысы бастау алды. Бұл мақсатқа 373,6 миллион теңге қарастырылып отыр. Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі.
Ал спорт саласында 4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен бұқаралық спорттық шаралар өткізу орталығы жұмыс істеуде. Өткен жылы 4 орынға жалпы сомасы 52,2 миллион теңгені құрайтын заманауи балалар ойын алаңшалары мен стрит воркауттар орнатылды. Сонымен қатар «Жібек жолы» мектеп-лицейінің маңында воллейбол-баскетбол алаңшасы есігін айқара ашты. Осы жылы Шу қаласында 5, Төле би ауылында 1 балалар ойын алаңшасы салынатын болады. Шу қаласы, Жаңажол, Бірлік, Ақтөбе, Көктөбе, Шоқпар ауылдары бойынша 7 спорт нысанының жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Сонымен қатар, Балуан Шолақ ауылдық округінде жеке кәсіпкер есебінен құны 180 миллион теңге болатын спорт нысаны бой көтеруде. Ғимараттың көлемі 800 шаршы метрді құрайды. Сыйымдылығы 80 адамға арналған. Мұнда спорттың күрес, баскетбол, волейбол, футбол сынды түрлерімен айналысуға мүмкіндік бар.
Сондай-ақ Шу қаласы мен Бірлік ауылында «Қазақстан халқына» қоры есебінен ангар типтес екі спорт кешенінің құрылысы бастау алуда. Ал «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-нің демеушілік қаражаты есебінен Шоқпар, Бірлікүстем, Бірлік, Д.Қонаев ауылдарында балаларға арналған жалпы құны 303 миллион теңгені құрайтын стрит воркаут, футбол және баскетбол алаңдарының құрылыстары жүргізілуде. Сол сияқты аталған корпорация тарапынан Көкқайнар ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға 264 миллион теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын биыл жүргізу жоспарлануда.
Жол жөндеу жұмыстарына келсе, Шу ауданы бойынша жалпы автомобиль жолдарының ұзындығы 844,82 шақырымды құрайды. Биыл 24 жоба бойынша 53 шақырым жол жөнделетін болады. Сәйкесінше 73 көше қамтылады. Осы жылы аудандық маңызы бар 17 жолдың төртеуіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тарқата айтар болсам, Жайсан, Бірлік, Тасөтел, Балуан Шолақ-Бөлтірік-Ақтасты ауылдарына кіреберіс жолдар жаңарады.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясындағы 11 жоба бойынша жалпы 26 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 834,7 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі күнге Ақтөбе, Көккайнар, Ескі-Шу ауылдарында жөндеу жұмыстары басталды. Сондай-ақ аудандық бюджеттен қаражат қарастырылып, Шу қаласының, Жаңақоғам, Далақайнар, Тасөткел, Мойынқұм, Төле би ауылдарының бірқатар ішкі көшелері жөндеуден өтуде. Шу қаласында ұзындығы 204,2 шақырымды құрайтын 313 көше болса, оның 164-і мүлдем асфальтталмаған. Биыл ұзындығы 13,5 шақырым болатын 23 көшені жөндеу жұмыстары басталды.
Шаһарды абаттандыру бағытында да нәтиже жоқ емес. Өткен жылы Шу қаласы бойынша С.Шәкіров ескерткішіне абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізсек, биыл «Теміржолшылар» саябағының сәні артпақ. Одан бөлек Қасымхан көшесінің бойы, «Жеңіс» саябағы секілді бірқатар аумақтардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ Теміржол вокзалының ғимараты және аумағын ретке келтіру мәселесі де өзекті. Негізгі ғимараттар «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының теңгерімінде болғанымен, вокзалға іргелес жерлер қала аумағына кіреді. Бұл аумақтарды жөндеу және абаттандыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Оны 2024-2025 жылдар аралығында іске асыру жоспарда бар. Қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының басшылығымен келіссөздер жүргізудеміз. Сонымен қатар Қ.Сәтпаев көшесіне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін биыл жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Бұл шаруаны да 2024-2025 жылдары еңсереміз деп отырмыз.