Тараз қаласының аумағы кеңейеді

0 33

Ашық нормативті құқықтық актілер порталында Тараз қаласы, Жамбыл және Байзақ аудандарының шекарасын өзгерту және белгілеу туралы әкімдіктер мен мәслихаттардың бірлескен қаулысы мен шешімі жарияланды. 

«Тараз қаласының шекарасына Жамбыл ауданынан жалпы көлемі 11 257,9181 гектар, Байзақ ауданынан 1761,2014 гектар жер бөлігін қосу арқылы Тараз қаласының шекарасы өзгертіліп, шекараның жалпы көлемі 31798,0742 гектар болып, Жамбыл облысы әкімдігінің қаулысы мен Жамбыл облыстық мәслихатының шешімінің қосымшасына сәйкес белгіленсін», делінген қаулыда.

Осылайша қала аумағын 18787 гектардан 31798 гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр.

Құжатқа сенсек, Тараз алаңының ұлғаюы пәтер кезегінде тұрған азаматтарды тұрғын үймен және жеке үй салу үшін жер учаскесімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, қосылған аумақтарда өндірістік қуатты дамыту жоспарланып отыр. Себебі, бүгінде бос кеңістіктің жоқтығы инвесторлардың әртүрлі жобалар салуға деген сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік бермей отыр.