Шаруаларға су сұранысқа сай берілуде

0 32

Облыс аумағындағы 40 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілген. Биыл бұл көрсеткішті 7 мың гектарға ұлғайту жоспарланса, тамшылатып немесе жаңбырлатып суару жүйелері пайдаланылатын егістік көлемін келер жылы 50,4 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл туралы өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте кеңінен айтылды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндаған «Қазсушар» РМК облыстық филиалының басшысы Асқанат Қадыров өңірде орналасқан су қоймаларында судың жинақталуы кестеге сәйкес жүргізіліп, шаруаларға су сұранысқа сай беріліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, республикалық меншіктегі су қоймаларында 783 миллион текше метр су, облыстағы 113 су қоймасында 99,8 миллион текше метр су жиналған.

Өңірде Халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен бірқатар аудандағы су жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары бойынша екі жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда 573,8 шақырымды құрайтын 137 канал жөндеуден өткізіліп, 47,5 мың гектар алқаптың ағын сумен қамтылу деңгейі артты. Аталған жоба бойынша Қордай ауданында жұмыстар толық аяқталса, Жуалыда пайдалануға беру жұмыстары атқарылуда. Жамбылда жөндеу жұмыстары – 75 пайызға, Меркіде – 62 пайызға орындалып, жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Ал, Байзақ ауданындағы каналдарды жөндеу жұмыстары 2025 жылдың вегетациялық кезеңіне дейін аяқталады деп жоспарланған. Сондай-ақ, Жамбыл және Қордай аудандарындағы ұзындығы 117,2 шақырымды құрайтын 44 канал қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде 10 мың гектар алқаптың сумен қамтылуы деңгейі жақсарып отыр.

Жалпы, 2026 жылға дейін өңірде 12 су қоймасын салу, қолданыстағы 4 су қоймасын қайта жаңғырту жоспарланған. Бүгінде бұл бағыттағы шаралар қолға алынуда.

Жиын барысында облыс әкімі вегетациялық кезеңнің маңызына тоқталып, шаруалар су тапшылығының зардабын тартпауы үшін жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді. Сондай-ақ аймақ басшысы өңірдегі ірі су қоймалары мен иесі жоқ каналдарды түгендеу, ылғалды көп қажет ететін дақылдар көлемін азайту, егістікті әртараптандыру мәселелеріне айрықша назар аударып, лазерлік тегістеу инновациялық технологиясының мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

– Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы су үнемдейтін технологияларды енгізу аса маңызды және шұғыл міндет екендігін атап өткен болатын. Алдағы уақытта су жүйелерін қалпына келтіру арқылы суармалы судың пайдалану коэфицентін арттыру, жер асты суларын ұңғыма қазу арқылы мейілінше тиімді пайдаланғанымыз жөн, – деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.