Жұмысқа салғырт қарағандар жазаланды

0 21

Қордай ауданы әкімдігінде мемлекетке қатысы бар барлық мекеме басшыларының қатысуымен кеңейтілген мәжіліс отырысы өтті. Алқалы жиында аудан әкімі Бегзат Болатбеков төрағалық етіп, күн тәртібіне көтерілген сұрақтар бойынша баяндамаларды тыңдады.

Күн тәртібіне ағымдағы жылдың алты айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы, «Таза Қазақстан» акциясының іске асырылуы және орындаушылық тәртіп туралы мәселелер шығарылды. Алғашқысы және ауқымдысы бойынша аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай баядама жасады. Дамира Маратқызы жартыжылдықта ауданның әлеуметтік саласында қандай істер атқарылғанын және ақсап тұрған тұстарды аудан басшысының назарына ұсынды. Бірінші кезекте аудан әкімінің орынбасары Президенттің тапсырмасымен басталған «Таза Қазақстан» акциясының қандай деңгейде атқарылғанын жеткізді. Оның айтуынша, акция аясында ауданда ауқымды жұмыстар жасалғанымен «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді», демекші тазалық науқанына салғырт қараған округтер бар. Олардың тізімін атап өткен Дамира Сүгірбай үлгілі ауылдық округерді де тізіп өтті.

«Акция аясында тазалық жұмыстарды тиісті деңгейде жүргізбеген Кенен, Қарасу, Масаншы ауылдық округ әкімдеріне шара қолдануыңызды сұраймын», деген Дамира Маратқызы 2024 жылдың ІІ жартыжылдығына мерзімдік басылымдарға жазылу жұмыстары, көктемгі әскерге шақыру науқаны, құрылысы заңсыз жүргізілген мешіттер туралы баяндады. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары мемлекеттік тілдің қолдану аясында да сөз қозғады. Оның сөзінше, Масаншы, Сортөбе ауылдық округтерінде қазақ тіліндегі жарнамалар, көрнекі ақпарат жоқтың қасы. Сондай-ақ халыққа мемлекеттік тілді үйрету жұмысы да көңіл көншітпейді. Дамира Маратқызы халықты тұрақты жұмысқа орналастыру, ақылы қоғамдық жұмыс және медициналық әлеуметтік жүйесінде сақтандырылмаған азаматтарды төмендету бағытында да қамшы басар тұстар барын жеткізді.

Осыдан кейін ТҮКШ және АЖ бөлімінің басшысы Ануар Абсейітов көктемгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық екі айлығының және «Таза Қазақстан» акциясының қорытындысын назарға ұсынды. Осы ретте ауқымды тазалық науқаны аясындағы жұмыстарды тізіп өткен бөлім басшысы кемшіліктерді де атап өтті. Мысалы, «Жасыл белдеу» бағдарламасын орындау және стихиялық қоқыс орындарының азаймай жатқанын жеткізді. Жиында ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Ғалымжан Оспанов осы саладағы жұмыстар жайында баяндама жасап, бірқатар кемшіліктерді атап өтті.

Аудан әкімі қазақ тілін қолдану аясын кеңейту, міндетті медициналық сақтандыру бағытындағы жұмысты жандандыру, жастарға арналған іс-шараларды көбейту, «Ауыл аманаты» жобасы аясындағы жұмысты жолға қою, тазалық жұмысына салғырт қарамау және ең маңыздысы суармалы су мәселесіне аса назар аударуды тапсырды. Бірқатар ауылдық округ әкімдерінің жұмысына көңілі толмайтынын айтып, оларға ескертулер жасады.

Жиында аудан әкімдігі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұл орындаушылық тәртіп туралы баяндама жасады. Аудан әкімі барлық мемлекеттік мекеме басшыларының міндеті елге адал қызмет ету және халықтың мұң-мұқтажына құлақ асу керектігін ескертті. Жұмысқа салғырт қараған бірқатар лауазымды тұлғаларға қатаң ескертулер мен сөгіс жариялады.