Тамшылатып суғарып, табысын еселеуде

0 31

Нәсібін қара жерден айырған шаруалардың басты уайымы — ағын су. Көңілді күпті ететіні — бұл мәселе жылдан жылға қиындап келеді. Жүйекке су жетпей, ала жаздай тер төгіп, жасаған бейнет желге ұшса, еңбектің зая кеткені. Қолға кетпен ұстап, арық жағалаған шаруаны алаңдататын да осы мәселе.

Алайда, бұл тығырықтан жол тауып жатқан шаруалар да жоқ емес. Ол — су үнемдеу технологиясын пайдалану. Бұл мәселеге қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ең алдымен су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізген жөн. Шыны керек, біз суды тым орынсыз жұмсаймыз. «Судың да сұрауы бар». Бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениет қалыптастыруымыз керек», деген болатын. Расымен тамшылатып және жаңбырлатып суғару қазіргі жағдайға қажет, тиімді әдіс. Одан бөлек, жұмыс күші де артық жұмсалмайды. Оны жаңа технологияның игілігін көріп жатқан шаруалардың өздері мойындап отыр.

Ағын су тапшылығын тартқан Бостандық ауылдық округіне қарасты «Шәріпбай» шаруа қожалығы биыл егіс алқабына тамшылатып суғару әдісін енгізіп отыр.

— Өткен жыл біз үшін оңай болған жоқ. Ағын судан тапшылық көрдік. Сол судың жоқтығынан еккен өніміміз жинауға жақын қалғанда қурап кетті. 30 гектарға қызылша, жүгері отырғызғанбыз. Өнімін жинай алмадық. Қанша еңбек зая кетті. Өткен жылғы сынақтан сабақ алдық, — дейді шаруа қожалығының иесі Нұрғазы Шәріпбаев.

«Шәріпбай» шаруа қожалығының құрылғанына 30 жылдан асқан. Биыл шаруашылық басына электр жарығын тартып, сусорғы орнатқан. Қазір 23 гектар қызылша мен 2 гектардағы картоп озық технология арқылы нәрлендіріліп отыр.

— Тамшылатып суғарудың тиімділігі сол, егістік көлемі қанша үлкен болса да су аз жұмысалатын көрінеді. Тағы бір пайдасы, зиянды шөптер дәннің өсіп, күш алып кетуіне кедергі бола алмайды. Оған көзіміз жетіп келеді. Тәжірибе бірден жиналмайды ғой. Уақытпен толығады. Істің жайын білетін азаматтармен ақылдасамыз, кеңес аламыз, — дейді тамшылатып суғару әдісі­не арқа сүйеп отырған шаруа.

Қазір жетпістен асқан Нұрғазы қарияның ұлы Олжас бақша басына бас-көз болып жүр. Істің мән-жайына қанық Олжас бақша жұмысының бейнетіне бейімделген. Иә, көзін тапсаң кәсібің жүреді. Табыс оңай түспейді, табандылық таныта білуің тиіс. Өйткені, береке адал ниетке бітеді. Мұны шаруа баққан Нұрғазы қария жақсы түсінеді.

Жалпы, аудан аумағындағы өзге ауылдық округтерге қарағанда Бостандықта суғармалы алқапқа жаңа технологияны енгізушілердің саны артып келеді. Олардың қатарында «Зерхат», «Демеш», «Нұрдәулет» шаруа қожалықтары тамшылатып суғару әдісін пайдаланып, игілігін көріп отыр.