Робототехника — мүмкіндіктер әлемі

0 32

ХХІ ғасыр – робототехниканың заманы. Кеше фантастика секілді көрінген «ақылды» құрылғылар бүгінде өмірімізге дендеп ене бастады. Роботтардың көмегіне адамдар түрлі салада жүгіне бастағаны соншалық, бүгінгі қоғам техниканың қыр-сырын білуді қажеттілікке балауда. Меркілік Мұрагер Такебаевтың айтуынша, жас жеткіншектер де робототехникаға қатты қызығушылық білдіреді екен. Сол себепті ол соңғы жылдары балаларға роботтардың қыр-сырын үйретіп келе жатыр.

Мұрагер Мұратұлы өзінің еңбек жолын туған жерінде, яғни Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-лицейде информатика пәнінен мұғалім болып бастауды жөн көрген. Оның айтуынша, балалар тек информатика сабағымен шектеліп қана қоймай, заман талабына сай робототехникадан да шыңдалсын деген мақсатпен сабақты бастап кеткен екен.

– Робототехникадан дәріс өткізуді өткен жылдың қыркүйек айынан бастадым. Білім ошағында роботтарды құрастыру бойынша үйірме болған жоқ, бірақ оқушыларымның бойынан «ақылды» құрылғыларға деген қызығушылықты байқағаннан кейін неге үйретпеске деген ой келді.

Сол себепті информатика сабағынан бөлек, роботтарды да зерделеуге көштік. Сабақ барысында балалар роботтардың шығу тарихымен танысты, олардың жасалу жолдары мен бағдарламалары туралы толық ақпарат ала алды.

Робототехниканың балаларға берері көп. Ал техника заманының бізге біртіндеп еніп келе жатқанын ескерсек, балалар болашақта түрлі технологияны еркін меңгеретін болады. Тіпті болашақта оларға өзінің таңдаған мамандықтарына  қажет болуы да мүмкін, – дейді ол.

Мұрагердің айтуынша, робототехникада роботтардың түрлері өте көп. Дегенмен оларды құрастыру жолдары әртүрлі. Әр робот түрлі функцияларды атқарғандықтан бағдарламалауға да ерекше мән беру керек.  Мысалға алсақ, «Робо Сумо», «Кегел Ринг», «Асық ату», «Арқан тартыс», «Сызық бойымен жүру» секілді түрлері бар.

Бүгінде  робототехника саласын игеру трендке айналуда. Сол себепті қазіргі технологиялар күн сайын жаңарып, қолдануға өте жеңіл пішінде даярлануда. Бұл өз кезегінде әртүрлі робот жасауға мүмкіндік береді.

– Роботтарды құрастыру баланың бағдарламалау мен алгоритмдік ойлау қабілетін, математика пәніне деген құлшынысын арттырады. Егер бала барлығын жетік меңгеріп, мұнымен үздіксіз айналысатын болса, онда оқушыда міндетті түрде инженерлік қабілеттері пайда болады, – дейді Мұрагер Такебаев.

Дегенмен робототехника туралы сөз қозғағанда, көбінесе роботты құрастыру бірден ойымызға келеді. Бірақ бұл сала тек құрастырумен ғана шектелмейді. Бұған қоса оқушылар роботтың сызбасын, жобасын және жұмысын да ойластырады. Сондай-ақ бағдарламалау мен математикадан, физикадан ілім артық етпейді. Әртүрлі пішіндегі роботтарды құрастыру кезінде олар өмірде математиканың қаншалықты қажет екенін түсіне бастайды. Мәселен, робот қандай да бір істі өз бетімен тындыру үшін, ең әуелі, оған нақты дұрыс жазылған математикалық алгоритм қажет. Роботтың дұрыс қозғалуы үшін физикадан есептеулер дұрыс атқарылуы керек. Мұның барлығын толық есептегеннен соң балалар өзі қалаған нәтижеге қол жеткізсе, олардың бұл салаға деген қызығушылығы одан сайын артып жатады. Осылайша балалар бір ғана робототехниканы меңгеру арқылы үш түрлі пәннен білім көкжиегін кеңейтеді.

– «Робот» деген чех сөзі – «құл» деген мағына береді. Бізде құлтемір деп аударады. «Адамның құлы» деген ой қалыптасқан. Физикаға икемі бар, техникаға жақын бала робототехникаға бейімделеді. Сондай-ақ балалардың робототехникаға қызығатынын да жастайынан байқауға болады. Көбіне олар өз беттерінше конструктор құрастырғанды, жаңа фигураларды дайындағанды ұнатады. Егер де балаңыздан мұндай қасиеттерді байқаған болсаңыз, үйірмеге берген жөн.  Негізі, менің ойымша, робототехникамен айналысу балалардың ойлау қабілетін жақсартуға, өзін шығармашыл тұрғыдан еркін сезінуге мүмкіндік береді. Өйткені балалар өз ойларындағы роботтарды құрастырып шығаруға тырысады, – дейді робот құрастырушы маман.

Балалар роботтарды құрастыру үшін дайын үлгіні көбіне қолданбайды, керісінше өздері сызба әзірлеп, сол бойынша құрастырады. Оның қандай қызмет атқаратынын, пішінін өздері бекітеді. Осылайша болашақ роботтың кескінін дайындап шығады. Бұл бала қиялының шарықтауына, өзінің арманындағы роботты жасауға мүмкіндік сыйлайды.Негізі роботты бір адам өзі де құрастыра алады екен. Алайда оған біраз уақыт кетеді. Сондықтан тиімдісі сол, егер команда болып атқарса, шаруа да біршама жеңілдейді және уақытты да үнемдейді. Өйткені, бұл – әмбебап өнер. Себебі мұнда біреу роботтың дизайнын ойластырса, енді біреуі компьютерлік бағдарламасын әзірлейді.Робототехника бірнеше пәнді бір арнаға тоғыстыратынын ескерсек, математика, физика және информатиканы жетік білген жөн. Бұған қоса құрастыру кезінде күнделікті өмірде алып жатқан білімді де тәжірибеде қолдануға тура келеді. Жалпы робототехника саласы мұнымен айналысқан кез келген адамды жан-жақты дамытады.

– Робототехникамен әртүрлі жастағы балалар айналысады. 5-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушылар әртүрлі деңгейдегі роботтарды құрастырады. Сабақта мен тек бағыт-бағдар беруге тырысамын, қалған жұмыстың барлығын түгелдей дерлік балалардың өздері атқарып шығады. Бастысы балаларда қызығушылық болса болғаны, – дейді М.Мұратұлы.

Меркілік ұстаздың айтуынша, балалардың робототехникаға ынтасы күн сайын артып келеді. Тіпті үлкендердің ойына келмеген тың роботтарды да ойлап табады екен. Балалардың қызығушылығын байқағаннан кейін ол түрлі байқауларда бақ сынап көруге бекінеді.

– Бастапқы кезде байқау республика бойынша ұйымдастырылды. Біздің «Робо Шторм»  командасынан екі бала қатысты. Байқауға арнайы екі робот дайындадық. Атауын да ерекше етіп, «Робо Сумо»  деп атадық. Нәтижесінде шәкірттерім Хамза Сауытбек пен Нұрғиса Тұрғынбай «Robotex Kazakhstan-2024» республикалық робототехника чемпионатында «Мини сумо» номинациясы бойынша ІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, Түркия мемлекетіне жолдамаға ие болды. Ал, Түркиядағы байқау 20-21 сәуір күндері Анталия қаласында өтті. Жалпы бұл жарысқа 20-дан астам мемлекеттен үміткерлер  қатысты. «ROBOTEX TURKIYE-ANTALYA SEMPIYONASI-2024» халықаралық робототехника чемпионатында Хамза Сауытбек пен Нұрғиса Тұрғынбай «Мини сумо» номинациясы бойынша ІІ дәрежелі дипломға ие болды. Қазір Италияда өтетін жарысқа дайындалып жатырмыз. Мұндай жарыстар оқушының білімі мен дағдыларын арттырады, сондай-ақ шетелдік командалармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді, – дейді Мұрагер Мұратұлы.