Сапалы әрі мерзімінде орындалуы тиіс
Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков аудан аумағында құрылысы жүріп жатқан бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, құрылыс барысымен танысты.
Аудан әкімі алдымен Ақтоған ауылындағы саябақ, ауызсу жүйесі және №4 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарын назарға алды. Содан соң аудан орталығындағы абаттандыру жұмыстары, Меркі ауылдық округіндегі тұрғын үй алқаптарының инженерлік инфрақұрылым жұмыстарын, Сарымолдаев ауылдық округінің әкімшілік ғимаратындағы жөндеу жұмыстарын, спорттық сауықтыру кешендерінің құрылыстарын, Ойтал ауылдық округіндегі саябақты жаңғырту жұмыстарын зерделеді.
Сонымен қатар Ойтал және Андас батырдағы қосымша мектеп құрылыстарын, Мыңқазан ауылы мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарын, Аспара, Рысқұлов ауылдарындағы жаңадан салынып жатқан медициналық нысандардағы құрылыс барысын, Кеңес ауылындағы саябақтың жұмыстарын зерделеді.
Жорабек Нұрмергенұлы әрбір нысандағы жұмыс барысын жіті назарға алып, мердігерлермен тілдесті. Нысандардың барлығы сапалы, келісілген мерзімдері бойынша орындалуы тиістігін ескертіп, салаларға жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне және құрылыс сапасына жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді.