Өңірлік бақ өкілдері спартакиадада сайысқа түсті

0 26

«Тараз-Арена» спорт кешенінде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын аймақтық БАҚ өкілдері арасында Шерхан Мұртаза атындағы облыстық спартакиада өтті.

Алдымен спартакиаданың  ашылу салтанаты өтіп, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова БАҚ өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады.

– Ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды сала. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» ретінде елге адал қызмет ету – әр журналистің абыройлы міндеті. Сіздер қашанда ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел қамы үшін қалам тартып жүрсіздер. Мемлекетшілдік құндылықты дәріптеп, жасампаздық пен жақсылықтың жаршысы болып келесіздер. Ақпарат саласын дамытуға мемлекет тарапынан қашанда ерекше көңіл бөлінеді. Өз кәсібінің майталманы болған қарымды журналистерге қолдау көрсетіледі. Жыл сайын дәстүрлі түрде БАҚ өкілдері арасында өткізілетін облыстық спартакиада соның бір көрінісі, –  деді басқарма басшысы Ұ.Сламбекова.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай өткізілген додаға аймақ басылымдары мен телеарналардың, ақпараттық агенттіктердің журналистері қатысып, спорттың алты түрінен бақ сынады. Олардың қатарында құрамында меркілік БАҚ өкілдері, оның ішінде «Меркі тынысы» редакциясының қызметкерлері де өнер көрсеткен «Салық тәртібі» командасы жарыс жолына шықты.

Қаруы қалам болса да «Сен тұр, мен атайын»  дейтіндей қарымды журналисттер қатысқан спартакиада командалық жарыстармен басталды.

Алғашқы болып басталған арқан тартыс сайысында «Салық тәртібі» спортшы-журналистерінің асығы алшысынан түспесе де, ары қарай жеңісті жолды бастай білді. Мәселен, эстафеталық жүгіруден жарысқа шыққан «Салық тәртібі» командасының мүшелері Назерке, Нұрдәулет, Гүлнұр және Еркебұлан 400 метрді 1 минут, 2 секундта еңсеріп, екінші орынның тұғырынан көрінді.

Команданың жеңісті жолы жекелеген спорт түрлері бойынша жалғасты. Ерлер арасында өткен үстел теннисінен «Салық тәртібі» командасының мүшесі Нұрбол Қашаған қарсылас шақ келтірмей бірінші орынды жеңіп алды.

Ал ақыл-ойды аса қажет ететін интеллектуалды ойын түрі дойбыдан ерлер арасында «Салық тәртібі» командасынан ардагер журналист Сүндетулла Абилов әріптестерінің бәрін артқа тастап, шын мықты екенін дәлелдеді.

Жүлделі орындарға ілінген жеңісті жол қол күресінен өткен сайыстарда жалғасын тапты.  Ерлер арасында  Айдос Абилов, әйелдер арасында Гүлдерайым Әлімжанова 3-орындарды иеленіп, командалық жеңіске өз үлестерін қосты.

Ал, байрақты бәсекенің басты додасы саналған кіші футболдың ақтық сынында біздің жігіттерге сәл ғана сәттілік жетіспеді. Бірінші орынды «Jambyl TV» командасы иеленсе, біздің «Салық тәртібі» командасы екінші орынға, «Теле-радио» командасы үшінші орынға тұрақтады.

Дегенмен, жалпыкомандалық есепте «Салық тәртібі» ұжымы  11 команданың ішінде 2 орынға жайғасты. Осылайша ақпарат саласының өкілдері үшін жылдың басты спорттық іс-шарасы саналған облыстық спартакиадада жалпыкомандалық есеп бойынша үшінші орынды «Jambyl TV» командасы иеленсе, «Taraz pressa» командасы бірінші орын иеленді.

Спартакиада соңында чемпиондарға құрмет көрсетіліп, арнайы сертификаттар мен қаржылай жүлделер табысталды.