Акула қаупіне байланысты үш жағажай жабылды
Испанияда алып балғабасты акулалар жағаға тым жақын жүзіп, демалушылардың зәре-құтын қашырды. Мұны дереу назарға алған Испан билігі елдегі үш негізгі жағажайды жабу туралы шешім қабылдады.
«Theolivepress.es» ақпараттық порталының мәліметінше, үш метрлік жыртқыштар өздерін агрессивті ұстап, жағажайдағы адамдарға шабуыл жасамақ болған. Балғабасты акулалардың мұндай әрекетіне не себеп болғаны әзірге белгісіз. Әдетте жыртқыштар жағаға жақындау былай тұрсын, адамдарға шабуылдамайды екен.
Бүгінде жағалауларда акулаларды бақылап, қауіп туралы ескертетін арнайы құрылғылар орнатылған. Бақылау дрон арқылы да жүргізіледі.