Мыңмен жалғыз алысып…

0 17

Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан облыстық сазды драма театры жақында жамбылдық белгілі қаламгер, драматург Әлдихан Қалдыбаевтың «Жалғыз желкен» драмасын сахналады.

Жел соқпаса, желкен түрілмесе қайық жүзбейді. Жемқорлық жайлаған қазіргі қоғамда, өкінішке орай, қайраңдап тұрған қайық көп… «Жалғыз желкен» драмасындағы жел – халық, желкен – тазалықты қалаған шенеунік. Сыбайластық жайлаған мына қоғамда жалғыз желкен кіммен алыспаққа келді? Өз айналасындағы әріптестерімен бе? Әріптестері қайықты шынжырлап ұстаса ше?

Райымбек театрында премьерасы өткен спектакль көрерменді осындай ойға жетеледі. Ауыр қойылым, бірақ, шындық, қоғам шындығы. Сондықтан кішкентай залдағы ауыр күрсінген қамкөңіл көрерменнің ішкі күйзелісіне басу айта алмадық. Режиссердің ұстанымы да осы. Көпті ойланту, арам пиғылды сұғанақ адамдарға ой салу. Біз қашан жемқорлықтан арыламыз? Қашан ары таза адам боламыз? Билікке келген таза адамға неге кедергі жасаймыз? Жан дүниемізді жеген жегі құрт осы.

Спектакль облыс басшылығына жаңадан келген ары таза әкімнің креслоға жайғасуымен басталады. Бір топ аудан әкімдері әдеттегідей, жаңа басшының жаңа орынға жайғасуымен құттықтамақ ниетте кабинетке баса-көктеп кіреді. Бұл бүгінгі қоғамның ар-ұятты белден басқан, арыла алмай келе жатқан жағымпаз дағдысы. Қойылым әрқайсысы жан қалталарынан конверттерін суырып алып, пара ұсына бастағанынан ушыға түседі. Себебі, жаңа әкім мұндайды күтпеген. Ол жаңа облысты көркейту үшін асыл армандарын арқалап келген жарқын ойлы жас басшы болатын. Тосылып қалған әкімнің тосын қылығын ойын көрген ауданбасылары «параны сүймейтін басшы болар ма екен?» деген түлкібұлаң пиғылмен балаң әкімді қақпақыл қып, мазақ етіп, келекеге айналдыра бастайды. Әкім параға жол бермейтінін айтып қанша ақталса да, мына тобырдан еш нәтиже шығара алмайтынына көзі жеткен соң, амалсыз, тәртіпке шақырар деген үмітпен облыстың заң өкілдеріне жүгінеді. Олардың да пара ауылынан алыстай алмай, жемқорлыққа көз жұма қарайтынын сезген соң, ең болмағанда абақтыдан қорқатын шығар деп, аудан әкімдерін уақытша қамауға алуға пәрмен береді. Бірақ, ол әр өңірдің жоғары жақпен терең байланысы бар «заң құрсауындағы ұрысының» болатынын білмеген еді… Әділетсіз қоғамда әділдік таба алмаған әкім ақыры өзі қамауға алған «тұтқындарын» босатуға мәжбүр болады. Жалғыз желкен жалпаңдап жағада қалады…

Кезінде Райымбек шинелінен шыққан режиссер Айдар Наурызбаевтың мынадай ауыр тақырыпқа баруы – театрдың соны ізденістерге бой алдыра бастағанының белгісі ғой деп ұқтық. Кіл ер азаматтар ойнаған қойылымның сахна декорациясы қара түсті қамқалап алып, әдемі бір үйлесімін тапқан. Көтерілген тақырып та осы түске лайық еді. Бұл суретші Қанат Шеривтің ізденісі. Композитор Қанат Жұмабаев музыканы эмоцияға жақсы үйлестіре алды. Кейде музыканың актердың эмоциясына серпін беруі режиссерге жақсы көмекші.

Актерлар Жасұлан Тұрғанбаев (әкім), Бағлан Төлендиев (аппарат жетекшісі), Мұрат Құрманбеков (бұрынғы әкім), Шәкен Амантұров (прокурор), Ролан Шырынбеков (аудан әкімі), Талғат Қарынбаев (аудан әкімі) өз образдарын жақсы аша білді.

«Жемқорлықтың барлық түрімен ымырасыз күрес – мемлекетіміздің одан әрі дамуының басымдығы. Парақорлық, тамыр-таныстық, қоңырау шалу арқылы мәселе шешу және тағы басқа келеңсіздіктер жылдар бойы азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сеніміне селкеу түсіргенін білесіздер. Осы орайда халықтың әділдікке деген үміті азая бастады. Сондықтан менің уәделерімнің бірі – жемқорлықты түбірімен жойғанша ымырасыз күрес жүргізу», деген еді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылық құрамымен кеңес өткізе тұрып.

Президентіміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына, қай салада болсын, мейлі ол театр өнері болсын, көп болып жұмыла қолдау көрсетуіміз керек. Біз сыбайлас жемқорлықпен ашық теңізде бірлесе жүзгендей желкен жая ұмтыла күрес жүргізуге тиіспіз. Ешкімнің де әділдік үшін жалғыз күрескен жалғыз желкен болып қалуын қаламаймыз!