«Батырлар алаңында» – былғары қолғап шеберлері

0 25

Қаратау қаласындағы «Батырлар алаңында» Талас ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен Қазақстан және Өзбекстан құрама командалары арасында «Батырлар мекені» атты бокс кеші өтті.

Іс-шараның ресми серіктесі — «Дубай Мангал» мейрамханасы. Айтулы кешке ат терлетіп арнайы келген қонақтар да аз болмады. Олардың қатарында үш дүркін «Қазақстан барысы» атанған жерлесіміз Бейбіт Ыстыбаев, бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов, халықаралық дәрежедегі төрешілер мен бапкерлер бар. Кештің ашылу салтанатында аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков пен облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов былғары қолғап шеберлеріне сәттілік тіледі.

Байрақты бәсекеде қазақстандық бес боксшы шаршы алаңда бес өзбекстандық қарсыласымен жұдырық түйістірді. Рингке алғаш болып 69 келі салмақ дәрежесінде Әлішер Абдулалим мен өзбекстандық Жохонгир Файзуллаев көтерілді. Тартысты өткен кездесуде төрешілер шешімімен жерлесіміз жеңіске жетті. 80 келіде өнер көрсеткен Аман Қазанқапов өзбекстандық Сардор Рахмонбердиевті үшінші раундта техникалық накаутпен тізе бүктірсе, 67 келі салмақ дәрежесіндегі үшінші кездесуде ел намысын қорғаған Елнұр Сүйінбай да қарсыласы Мамуржон Хамидуллаевты айқын басымдықпен жеңді. 75 келідегі жерлесіміз Диас Молжігітов та қарсыласы Утеген Халимбектен басым түсті.

Жанкүйерлер асыға күткен кештің басты кездесуінде Бейбарыс Жексен мен өзбекстандық қандасымыз Саят Ильясов бақ сынасты. Тартысты кездесуде қос боксшы да бір-бірінен айла тәсілдерін асырып, мықтылықтарын таныта білді. Жекпе-жек төрешілер шешімі бойынша аз ғана ұпай басымдығымен жерлесіміз Бейбарыс Жексеннің пайдасына шешілді.

Бокс кешінде шаршы алаңға шыққан барлық спортшылар қаржылай сыйақымен марапатталды. Сонымен қатар бес кездесу қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен Әлішер Абдулалим мен Саят Ильясовқа демеушілер тарапынан қосымша арнайы қаржылай сыйлық табысталды.