Ғасырлар қойнауынан жеткен жәдігер

0 17

Сфероконусты ыдыстар мен сынапкөзелер – ортағасырлық қоныстар мен қалалардан табылған ең ерекше және сирек кездесетін археологиялық бұйым. Шарықта сазбалшықтан нәзік түрде, әсем жасалып, жоғары температурада күйдірілген қыш сфероконусты ыдыстар мен сынапкөзелер заманында сынапты тасымалдау үшін немесе жұпар судың ыдысы ретінде пайдаланылған екен.

Негізі «Сфероконус» деп сыртқы пішініне қарап аталса керек. Бұл атау «Сфера» және «кoнус» сөздерінен құралған. Ыдыcтың үстіңгі бөлігі сферaға, ал төменгі жағы кoнусқа ұқсайды. Сфероконустардың көбінесе аузы тар болып келеді. Бүйірі домалaқ, түбі үшкiр, кең иықты, мoйны жіңішке әрі қысқа, бас жағы саңырауқұлаққа ұқсас, ернеуі ұршық секілді, қаpа сұр және күлгін сұр түсті болып келeді. Сырты бірнеше түрлі тәсілмен безендіріледі. Ыдыстардың сыртқы бөлігі әртүрлі тәсілде өңделіп, қалыптама, мөртаңба, баспа өрнектермен әшекейленген, ерекше жолақтармен, сызықтармен көркемделген. Сферокониялық ыдыстардың аузы тар, бүйірі жарты шар тәрізді, түбі сүйір болып жасалуы ішіндегі сұйықтықты төкпей-шашпай алып жүру үшін. Алайда, сфероконустың тығыны табылған жоқ. Соған қарағанда, ағаштан жасалған деп болжауға болады.

Бүгінгі күнге дейін жұмыртастардың не үшін пайдаланылғандығы туралы 20 түрлі болжам айтылған. Деректерге көз жүгіртер болсақ, ең алғаш рет сфероконустар туралы француздық зерттеушілердің бірі Вивон Денон 1802 жылы Еуропаға жасаған саяхаты туралы жазған күнделігінде осы ыдыстардың суреттерін салып қалдырған болса, кейбір ғалымдар оны бүгінгі күнгі «гранатаның» арғы атасы деп те атапты. Тар мойны пілтені мықты ұстап тұрса, ал ыдыстың қалың қабырғалары жарылыс күшін күшейте түседі. Бұл болжамдардың ешқайсысының нақты дәлелі жоқ, себебі жұмыртастардың басым көпшілігі бізге бос күйінде жетті.

Айта кету керек, жұмыртастар Шу, Талас алқаптарындағы ортағасырлық қалалар мен қоныстардан табылған. Мөлшері аз, бірақ таралу аймағы ауқымды. Т.Н.Сенигова ортағасырлық Тараз қаласынан табылған жұмыртастарды пішініне қарай екі топқа бөледі. Үлкен және кіші жұмыртастар Х-ХІІ ғасырларға негізделген. А.Н.Бернштам Шу алқабының таулы аймақтарындағы ортағасырлық қалалардан табылған жұмыртастарды Қарахан кезеңіне жатқызады. 1940 жылы Г.И.Пацевич ежелгі Тараз орнына қазба жұмыстарын жүргізу барысында құрылыс ішінен күйдіруге өте жоғары температураны талап ететін ыдыстарды немесе жұмыртастарды күйдіретін ХІ-ХІІ ғасырларға жататын пештің орнын ашқандығы белгілі. Т.В.Савельева Іле Алатауының солтүстік баурайынан табылған ортағасырлық ескерткіштерді Х-ХІІІ ғасырлардың басына жатқызады. Олай болса, Шу, Талас алқабында жұмыртастар Х ғасырдан бастап тарала бастаған. Жұмыртастардың көптеп табылған тағы бір нысан – Отырардағы ХІ-ХІІ ғасырларға жататын монша. 2009 жылы Ақтөбе қаласының орталық бөлігіндегі мұнара іргетасын аршу барысында табылған жұмыртастардың саны 240 шамасында. Жалпы жұмыртастардың мұнара маңынан көптеп табылуы қызық жағдай.

Жұмыртастарды пішіндік тұрқына қарай үшке бөлуге болады: 1. Бүйірі домалақ, жарты шар тәрізді. 2. Қабырғасы цилиндрге ұқсас. 3. Түбі немесе төменгі жағы балықтың құйрығы секілді.

Көлеміне қарай екіге бөлеміз: үлкен және кіші. Үлкені сирек кездеседі. Ғалымдардың пайымдауынша, Х ғасырға дейін біздің өңірге мұндай ыдыстарды сырттан әкелген. Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде екі жүзден аса сынапкөзе табылған болатын. Үшеуі үлкен балық пішіндес, қалғандары кіші сынапкөзелер. Тараз «Ұлы Жібек жолы» бойында орналасқан ірі сауда орталықтарының бірі болғандығы белгілі. «Көпестер қаласында» сауда жолымен қатар, өзге елдің мәдениеті, діні де қатар жүрген болатын. Балық пішіндес жұмыртастың біздің жерде табылуының өзі «Ұлы Жібек жолы» арқылы келгендігінің дәлелі. Сұр сазды, қалың қабырғалы, тар ауызды, ұзындығы 8 сантиметр болатын үлкен жұмыртастардың сынбай, бүтін қалыпта бізге жеткендігі қуантады. Ұршықтасы тәрізді ернеуінде қатты затпен батырылып сызылған жолақтар бар. Сыртқы пішіні балық бейнесіндегі сынапкөзе сыртында сақиналы қысқыштармен әшекейленген, балықтың көзі, қабыршақтары анық өрнектелген. Жұмыртастардың әртүрлі пішінде жасалған түрлері облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорларында сақтаулы.

Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап, жүйелеу, оларды сақтап, келешекке жеткізу бойынша облыстық тарихи-өлкетану музейі жүйелі жұмыстар атқаруда. Қазіргі таңда қоғамымызда музей ісіне, ондағы құндылықтарға деген талап пен қызығушылық артып келеді. Отандық музей қызметіне, ондағы тарихи-мәдени мұраларға деген сұраныс халықаралық деңгейге дейін көтерілді. Қоғамда музейдің тек әлеуметтік емес, тарихи-мәдени мұраларды сақтайтын мәдени-ғылыми институт, ғылыми ақпараттар жүйесінің орталығы, тарихи феномен ретінде маңыздылығы артты. Музей ісіне деген қызығушылық та артуда. Мұның барлығы – мемлекеттің қолдауы мен жүйелі жұмыстың нәтижесі.