Байзақтағы бәйге
Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы, Жамбыл облысы мен Байзақ ауданының бәйге федерациялары және Байзақ ауданының әкімдігі бірлесіп, облысымыздың 85 жылдығына орай бәйге түрлерінен Жамбыл облысының ашық біріншілігін ұйымдастырды. Ботамойнақ ауылдық округінің Үшбұлақ елді мекенінде орналасқан атшабарда өткізілген аламанда елімізге танымал атбегілер бабына келтіріп жаратқан тұлпарлар мен тақымы мықты шабандоздар жарысқа түсті.
Делебені қоздырар сәт құнан бәйгеден бастау алды. Жалпы ұзақтығы 11 шақырымға созылған бәйгеге 42 құнан қатысты. Төртінші айналымда құнанның да, құнан мінген ұланның да бабын байқаған атбегілер оза шапқан әуелгі бестіктің кім болатынын асыға күтті. Бұдан соң бәйге аламан дүбіріне жалғасты. Аламанның ұзақтығы 25 шақырымға созылды. Дүбірлі додаға 64 тұлпар қатысып, бабы мен бағы келіспеген сәйгүліктер мен шабандоздар шетінен топтан шыға бастады. Тек үздіктері ғана суырылып, алға шықты.
Құнан бәйгеге алғашқы үздік бестікке, ал аламан бәйгеде үздік жеті орынға жүлделер тігілді. Жеңімпаздарға Кубок, медальдар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы атынан айтулы іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов пен облыстық және аудандық бәйге федерациясының президенттері мен бәйгенің бас хатшысына естелік медальдар табыс етілді.