Туған жерім менің – Қазақстаным!

0 35

Жамбыл облысында ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай «Туған жерім менің – Қазақстаным!» атты патриоттық форум ұйымдастырылды.

Форумда Мемлекеттік Гимн шырқалып, көк байрақ желбіреді.

Салтанатты жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев тұрғындарды мерекемен құттықтады.

– Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамас бөлігі. Тәуелсіздіктің бойтұмарына айналған мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, құрмет көрсету – әрқайсымыздың парызымыз, қастерлі борышымыз! Рәміздеріміз арқылы біз, бейбітшілік пен тыныштық, ізгілік пен татулықты ту еткен ел екенімізді бүкіл әлемге жеткіземіз.Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан патриоттар форумы биыл Жамбыл облысының 85 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгінгі форум ел тұтастығын, тұрақтылық пен бірлікті одан әрі нығайтуға зор септігін тигізетініне сенім мол. Тәуелсіздігіміз баянды, Мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесі асқақ болсын! – деді облыс әкімі.

Іс-шара барасында патриотизмді нығайтуға, өңірдің қоғамдық-саяси өмірінің дамуына үлес қосқан және бейбіт күннің батырлары атанған бірқатар азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғысхатымен марапатталды.

Форум соңы К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филормониясы өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, патриоттық сарындағы әндер шырқалды.