Су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы толық берілмейді

0 32

Көктемгі су тасқынан көршілес Ресей мемлекетіндегі Орынбор облысы көбірек зардап шекті. Тасқын болғалы арада екі ай өтсе де Ресей үкіметі өтемақы төлеуге асығар емес. Осылай деген орынборлықтар мүлік иесіне бір баспанасы үшін ғана емес, үлестес басқа мүлкі үшін де толық өтемақы төлеуді сұрап отыр.

Су тасқынынан екі айға жуық уақыт өтсе де, көбісі әлі төлем ала алмай жатыр. Облыс билігінің соңғы мәліметі бойынша, өтемақы алуға берілген 187 мыңнан астам өтініш қабылданбаған. Өтемақы алғандардың өзі үйдің құнын немесе жөндеу жұмыстарын толық өтемейтінін алға тартып отыр.

Сәуірдің 6-сы күні Орынбор облысының губернаторы Денис Паслер үйлерін су басқан облыс тұрғындарына адам басына 20 мың рубль көлемінде бір реттік материалдық көмек берілетінін айтты. 24 сағаттан астам уақыт бойы су және электр қуатынсыз қалған тұрғындарға 10 мың рубль төленеді. Облыс билігі бұл бір реттік өтемақыға  гигиеналық құралдар сатып алуды ұсынды. Сондай-ақ Орынбор облысының әкімдігі маңызды мүлікті жоғалтқандарға да материалдық көмек көрсету туралы өтініштерді қабылдауға шешім шығарды. Оның құны мүлікке жартылай зақым келсе  бір адамға 50 мың рубль, ал пайдалануға толық жарамайтын мүлікке 100 мың рубльден беріледі. Мұндай тұрмыс үшін маңызды мүліктің тізбесін Ресей үкіметі жасақтады. Оған: кереует немесе диван, үстел, тоңазытқыш, газ плитасы, су жылытқышы, жылыту қазандығы кірген.

Кейінгі күндері Орынбор облысының тұрғындары мемлекеттік қызметтерден төлем алу туралы өтініштері қанағаттандырылмайтыны туралы жаппай хабарламалар ала бастады. Орынбор облысы әкімдігінің  мәліметінше, 27 мамырдағы жағдай бойынша 574 мыңнан астам өтініштің 187 мыңнан астамы қабылданған. Сұраныстың  87 пайызы қаралып, 316 мыңнан астам өтініш бойынша төлемдер бекітілген. Құзырлы орган  өтініштер қайта жіберілгеннен немесе төлем алуға құқығы жоқ болғандықтан қабылданбағанын айтты.