Әкеден сіңген қасиет

0 25

Осы бір сүйегі ірі қараторы жігітті көрген адам: «Әй, өмірдің ауыртпалығын кешірген азамат екен-ау», деуі кәдік. Иә, Серік Тұрарұлы көпбалалы отбасынан шыққан. Ботатірсек бала шақтан әке жылуын, әке мейірімін көре алмады. Әкесі өмірден ерте озды.

Асқар таудай әке де ел дегенде жанын үзіп беруге даяр, бір бүйрегі туған жерге бұрып тұрар азамат еді. Амал не?… Біреудің ала жібін аттамаған, таза, нәсібін адал еңбектен тапқан кісі болатын. Өзекті өртейтіні сол, арамыздан ерте кетті.

Артында қалған кө­генкөздерді бағып-қағып, қа­тардан қалдырмаған анасы тұғын. Совхоздың құры­лыс бөліміне орналасып, қандай жұмыс болсын белсене атқарды. Артылған міндетті алға тартқан жоқ, керісінше, құнттылық танытып, жауапкершілікпен өткерді. Жүйеге салмақ салар небір сынақты, ауыртпалығы мен кедергілерге толы небір күндерді бастан өткерді. Бірақ мойымады, сыр бермеді. Асыл ана, жылдың төрт мезгілінде құрылыста, дала төсіндегі қойшылардың қосынын сылап жүріп, үй көрмеді. Желдің өтінде жүріп, ауру жамады. Бар тапқан-таянғанды балалардың аузына тосып жүріп, ол да өмірден өте барды. Бүгінде жетелеген балалары жетілді. Өз отбасын асырауға шамалары жетеді. Ұл ұяға ұшып, қыз қияға қонды. Жанына жақын тартатын Серік те шаңырақ көтеріп, өзіне лайық жар тапты. Бүгінде өзіне тартқан төрт-бес қарадомалақ шауып жүр.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», деген. Серік те әкесіне тартқан көпшіл, жақынға жанашыр, мұқтажға қайырымды азамат болып жетілді. Еңбеқорлығы бір басына жетеді. Темірден түйін түйетін шебер болып қалыптасты. Көршілерді айтпағанда, күллі ауылдың өзі Серіктің көмегіне жүгінеді. Дарбаза, темір есік одан өзге де үйге қажетті жабықтарды өз қолымен жасап береді. Оның табандылығы мен адалдығына ел риза.

Бір ғана Ойық ауылының көшелеріндегі талай темір бұйым осы Серіктің қолынан шыққан. Мәселен, орталықтағы «Қойшыбай ата» мешітінің айналасына темір қоршау, орта мектептің алдындағы безендірілген көзтартар темір шарбақ, Ә.Тәжімбетов атындағы мәдениет үйінің маңайындағы өрнекті темір қоршау, «Жеңіс» саябағының айналасы, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің суреттері ілінген оюлы бірбастырмалы темірлер де осы Серіктің еңбегі. Айта берсек жетеді. Стадиондағы еліктерді де жамаған, үлкен жолдың бойына отырғызылған ағаштарға, яғни «Жасыл белдеуге» қоршау жасаған да Серік.

Осыншама еңбектің барлығына қайсыбіреулер сынды ақы сұрамаған да. Бергенін қанағат тұтты. Жағдайы болмағандарға қайырымдылық танытты. Өйткені, ол ақшаны алға қойған адам емес, ар мен адамгершілікті, адалдықты жоғары көтерген азамат. Бұл әкеден сіңген қасиет.

Өтініш жасап келгендер­дің көңілін қалдырмай, қаншама жұмысын бітіріп берді десеңші. Оның бұл қасиетін күллі ауыл біледі әрі жоғары бағалайды.