Шипалы қолы – дертке дауа

0 21

Жамбыл жоғары медициналық колледжінде Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының директоры, кардиохирург, медицина ғылымының докторы, профессор Сейітхан Жошыбайұлының 85 жылдық мерейтойына арналған «Шипалы қолы – дертке дауа» атты шығармашылық кеш өтті.

Салтанатты іс-шараны ашқан облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова мерейтой иесіне ізгі тілегін жеткізді.

– Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты сізді сексен бестің сеңгіріне де алып жетіпті. Ауыртпалығы мен жақсылығы қатар жүретін өмір өрісінде  абыроймен қызмет етіп, ұлт саулығын қалыптастыруға ықпал етіп, мыңдаған жүрекке жаңа өмір сыйладыңыз. Жамбыл облысында балалар кардиохирургиясының дамуына үлес қосып, «Ерен Еңбегі үшін», «Парасат», «Барыс» орденінің иегері атандыңыз.

Сіздің еңбегіңіздің еселенуіне үлес қосып отырған өзіңіз жетекшілік ететін «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығына» да алғыс айта отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, толағай табыстар мен сәттілік тілеймін. Әрдайым абырой биігінен көрініңіз. Халық денсаулығын арттыруға қосып отырған үлесіңіз еселене берсін, – деді Жанар Мықтыбекқызы.

Мерейтой барысында жиынға келген қонақтар, ғылым және білім саласының ардагерлері  ғалым-дәрігер Сейітхан Жошыбаевтың жүріп өткен белестері мен  жеткен жетістіктерін айтып, ілтипаттарын білдірді.

Медицина саласы бойынша білім алып жатқан студенттер де Сейітхан Жошыбайұлының құрметіне арнау оқып, әсем ән айтып, шәкірттері алғыстарын жеткізді.