Халқына қалқан болған хас батыр

0 25

Қазақ халқының дербес мемлекет ретінде тарих сахнасына шығуы – XV ғасырдың ортасы. Содан бергі кезеңде қазақ халқы өз басынан сан қилы оқиғаларды кешірді. Ұлт азаттығы үшін күрескен әрбір тұлғаны тану, олардың өмірі мен қызметіне шынайы баға беру – өркениетті елдің, мәдениетті жұрттың жоралғысы. Осы ретте жоңғар шапқыншылығы кезінде елдік ұранын көтерген, Алаш атымен күреске шыққан батырларымызды түгендеу, олардың әрқайсысының тарих пен ұлт алдындағы қайраткерлік, күрескерлік еңбектерін ұлықтау – кешегінің аманаты, бүгінгінің парызы, болашақтың қамы.

Қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы күресінде есімі елге танылған әйгілі батырлардың бірі  – Өтетілеу Өмірбекұлы. Шыққан тегі – Ұлы жүз, Дулат ішіндегі Ботпай руынан. Жаугершілік заманда туып, күреспен есейіп, ер жеткен тұғырластары сияқты Өтетілеу де ел қорғау жорығына ерте араласады. Жеке ерлігімен көзге түсіп, ту ұстап, батыр атанады. Алғаш жүзбасы, кейін мыңбасы болады.

Өтетілеу батыр – қашанда қазақпен бірге өмір сүретін ұлттық намыс пен рухтың ұлы тұлғасы. Өтетілеу батыр – жаугершілік заманда өз қаруластарымен бірге соғыс өнерін жақсы меңгерген өр тұлға. Жоңғар қалмақтарының шапқыншылығы кезінде баһадүр бабамыз өзге де батырлармен бірге өз деңгейінде ерлік көрсеткен. Балқаш көлінің маңындағы үлкен ұрыста Өтетілеу жаудың бас батырымен жекпе жекке шығып, жеңіске жеткен екен. Бұл жеңіс сарбаздар рухын биіктетіп, еңсесін көтерген соң, жаудың беті лезде қайтқан.

Аңырақай – тарихымызда ерекше орны бар оқиға, жоңғар басқыншыларына қазақ қолының алғашқы тойтарыс берген тегеурінді шайқасы. Түпкілікті жеңіске дем берген алғашқы ірі жеңіс те осы тарихи ұрыс болып есептеледі. Аталған шайқас кезінде Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай және т.б. батырлармен бірге Сәмен батырдың сенімді серігі Өтетілеу атамыз да қазақ батырларымен бірге жауға тойтарыс берді. Сондықтан, Алты Алаштың тәуелсіздігі жолында қанын төгіп, ел қорғаған Өтетілеу батыр біздің мақтанышымыз!

Жаугершілік заманда ту ұстау құрметін аты шыққан, кемі үш жекпе-жекте жеңіске жеткен батырларға ғана беретін болған. Ту ұстаушының міндеті қандай ауыр екенін соғысқа қатысып көрген әр сарбаз жақсы білетін. Майдан даласында сарбаздар қаншалықты қиын жағдайда соғысып жатса да туға қараған. Ту қисаймай желбіреп тұрса, сарбаздарда күш-жігер пайда болып, жауға өршелене ұмтылған. Соғыс заңында ту жығылса жаудың жеңгені болып табылады. Ботпай ұрпақтарынан жасақталған 2000 сарбазымен Сәмен батыр Іле өзенінің оң жағындағы Алтынемел тауының бөктерінде қалмақтармен соңғы соғысқа шыққанда Көтентай, Шалабай, Қасаболат, Қапсалаң, Текебай батырлармен бірге Өтетілеу батыр да болған. Өтетілеу сол шайқаста үш жерінен қатты жараланса да туды құлатпай ұстап тұрады. Жауды жеңген қазақ сарбаздары келген сәтте Өтетілеу батыр соңғы демінің күшімен сарбаздар қолына құлайды. Соғыста қайтыс болған батырды сарбаздар Іле өзенінің бойына алып келіп жерлеген.

Сол жеңіс туының бір бөлігін батырдың ұрпақтары Меркі мұражайына тапсырды. Батыр баба туы оның ұрпағы Бақыт Төлеңгітұлының киелі шаңырағында сақталып келген еді. Өтетілеу батыр ұстаған ту Алаш баласы үшін құнды тарихи жәдігер болып табылады.