Министр шаруалардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады

0 26

Ауылшаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков пен облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек Байзақ ауданына жұмыс сапарымен келді.

Ербол Қуанышұлы жұмыс сапарын Қостөбе ауылдық округіндегі «Әділет» шаруа қожалығының қант қызылшасы алқабымен танысудан бастады. Мұндағы атқарылып жатқан жұмыстармен қожалық жетекшісі Жаныбек Құрманбаев таныстырды. Осыдан үш жыл бұрын құрылған қожалық өсімдік шаруашылығымен шұғылдануда. Былтыр иелігіндегі 50 гектар егістіктің 15 гектарына тәтті түбір ексе, қалған 35 гектарына мал азығы дақылдарын орналастырған екен. Ал биыл 50 гектардың бәріне қант қызылшасын егіпті. Оның 35 гектарында «тамшылатып суару» тәсілі қолданылуда. Бұл орайда қожалық «Explanta» және «United Data» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері арқылы жұмыс атқаруда.

Вице-министр аялдаған келесі нысан — Бурыл ауылдық округіндегі «Даутовтар әулеті» шаруа қожалығының пияз және қант қызылшасы алқабы болды. Сонау 1998 жылы егін шаруашылығы бағытында құрылған қожалық содан бері өз ісін дөңгелетіп келеді. Өткен жылы 20 гектар қант қызылшасын өсірген қожалық биыл 30 гектар алқапқа тәтті түбір егіп отыр.

Ербол Тасжүреков Көктал ауылдық округіндегі «Нұр и К» шаруа қожалығының егіс алқабында да болды. Өсімдік шаруашылығымен 2004 жылдан бері айналысып келе жатқан қожалықтың қарқынды тірлігі көңіл қуантады. Қожалық жетекшісі Нұрмат Қожақов өз сөзінде биыл 40 гектарға қант қызылшасын отырғызғанын, оның 22 гектары тамшылатып суару тәсілімен жүзеге асырылып отырғанын айтты. Алқаптағы жайқалған күздік бидай көз сүйсінтеді. Өнімділігі де жоғары. Қант қызылшасы алқабы да қосқұлақтанып, өркен жайып келеді.

Ербол Қуанышұлы мен Әбілхайыр Ғалымұлы сондай-ақ Үлгілі ауылдық округіндегі «Қожеке» шаруа қожалығының, Мырзатай ауылдық округіндегі «Өркен» шаруа қожалығының, Үлгілі ауылдық округіндегі «TURAN» шаруа қожалығының егіс алқаптарында да болды. Ауылшаруашылығы вице-министрі сапары барысында әрбір қожалық өкілімен әңгімелесіп, ауылшаруашылығы саласындағы проблемалық мәселелер туралы олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Шаруалар тарапынан көтерілген жеңілдетілген бағамен берілетін жағар-жанармай, ұңғыма қазу, қант қызылшасын өткізу, ауылшаруашылығы техникаларын жаңарту, «Кең дала-2» мемлекеттік бағдарламасының артықшылықтары, тағы басқа да мәселелерге қатысты нақты жауаптар берілді.