Мақсат – халықтың табысын арттыру

0 35

Ел Үкіметі 2022 жылы «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын қабылдағаны белгілі. Өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде экономиканың нақты секторында жұмыс орындарын құру; «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру шеңберінде ауыл халқының табысын арттыру; табыс деңгейін арттыруды қамтамасыз ететін жүйелі шаралар және мемлекеттік қолдау шаралары; бюджеттен төленетін жалақыны арттыру жөніндегі міндеттемелер; халықты мемлекеттік әлеуметтік қолдау сияқты бес бағыттағы кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2029 жылға дейін 3,3 млн-нан астам адам, оның ішінде 2,3 млн. жастар жұмысқа орналастырылады, ЖІӨ-дегі еңбекақы төлеу үлесі 30,1%-дан 41,1%-ға дейін ұлғаяды, кедейшілік деңгейі 5,3%-дан 5%-ға дейін, жұмыссыздық деңгейі 4,9%-дан 4,6%-ға дейін төмендейді деп жоспарланған.

Бұл орайда ауданымызда, соның ішінде біздің округте де жүйелі жұмыстар атқарылуда. Округымызда өнеркәсіп және индустрияландырумен айналысып отырған кәсіпкерлер қатары артып келеді. Атап айтқанда «AQMOL 2025» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткен жылы жалпы құны 173 миллион теңгені құрайтын 267 тонна сүт өнімдерін шығарды. Зауыт өнімін Астана, Алматы, Тараз, Шымкент қалаларына өткеруде. Кәсіпорын 25 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр.

Ал «АгроАзықтүлікнанменжабдықтау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауыты негізінен ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеумен, оның ішінде өсімдік майын шығарумен айналысады. Серіктестік тәулігіне 54 тонна мақсары майын, 182 тонна жмых өңдеуге қауқарлы. Қазіргі таңда кәсіпорында 16 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Өндірген өнімдерін Қытай мен Бельгия нарығына экспортқа шығаруда.

Аудандағы өзіндік орны бар кәсіпорынның бірі — «СМТС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауыты. Қуаттылығы жылына 10 мың тоннаны құрайтын кәсіпорында сарымай, брынза, моцарелла, қатты ірімшік, сулугуни, чечил сынды өнімдер өндіреді. Қазіргі таңда кәсіпорында 6 адам тұрақты жұмыс атқарады. Кәсіпкер зауыт өнімін Астана, Алматы, Тараз, Шымкент қалаларына өткеруде.

Аудандағы тарихы өткен ғасырдың орта тұсынан бастау алатын өнеркәсіп ошағының бірі «Бурное сүт компаниясы» серіктестігінің зауытында сүт, сарымай, брынза, моцарелла, қатты ірімшік, сулугуни, чечил өндіреді. Қазіргі таңда кәсіпорын 127 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр. Өнімдері негізінен отандық нарықпен қатар Ресей мемлекетіне экспортталады. Ал орталықтағы «LF company» ЖШС-і тәулігіне 5-7 тонна сүт өнімдерін өндіруде. 2019 жылы құрылған кәсіпорында 16 адам жұмыс істейді.

Бұл бағытта жұмыс істеп жатқан жеке кәсіпкерлер де аз емес. Соның бірі – «Бірге» сүт өңдеу цехы. Оның тәуліктік қуаттылығы 3 тонна. 2021 жылы құрылған шағын цехта үш адам жұмыс істейді. Өндірілетін өнім түрлері: табиғи ірімшік, сарымай, құрт, йогурт, брынза. Жеке кәсіпкер «Нысанов М» сүт өңдеу цехының да жұмысы жанданып келеді. Онда тәулігіне 2 тонна сүт өңделіп, өнім өндірілуде. Бұл өңдеу цехы да 2021 жылы құрылған, қазір шағын цехта 4 адам жұмыс істеуде. Бұл шағын цехтардың негізгі тұтынушылары Алматы, Тараз қалалары мен аудан аумағындағы дүкендер.

«Бурненское сырное компания» АӨК де сүт өңдеу цехы да өз өнімімен нарыққа танылып келе жатқан кәсіпорынның бірі. Онда тәулігіне 8 тонна табиғи ірімшік, сарымай өндіріледі. Алты адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өнімдері Астана, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларында өткерілуде.

Ауданда жақсы дамып келе жатқан саланың бірі — кәсіпкерлік саласы. Бүгінгі таңда аудан орталығында 135 дүкен, 25 кафе, 10 дәріхана, 5 тіс емханасы, 30 сұлулық салоны және шаштараз, 7 мейрамхана, 6 базар, 7 жанар-жағармай құю стансасы, 6 желімдеу орыны, 3 сурет салоны, 10 ломбард, 5 наубайхана, 5 асхана, 5 тігін цехы, 7 пескоблок шығаратын орын, 3 монша, 5 ветеринариялық дәріхана, 2 қонақүй, 41 әртүрлі қызмет көрсету орындары халыққа қызмет көрсетуде. Кәсіпкерлік нысандар саны өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға көбейген.