Житс соңғы үкім емес

0 63

Алғаш рет өткен ғасырдың сексенінші жылдары АҚШ-та тіркеліп, «СПИД» деген атқа ие болған, содан бері әлемде 40 миллионнан астам адамның өмірін қиған адамның иммун тапшылығы вирусымен (АИТВ) және жұқтырылған иммун тапшылығы синдромымен (ЖИТС) күрес әлі де күн тәртібінде өткір тұр.

2024 жылдың төрт айында анықталған АИТВ-инфекциясы жағдайларына талдау елімізде осы кезеңде АИТВ-инфекциясының 1421 жағдайы тіркелгенін көрсетеді. Оның ішінде шетел азаматтары – 59 жағдай, ҚР азаматтары арасында – 1362 жағдай (100 мың тұрғынға көрсеткіш – 6,8). 2023 жылдың тиісті кезеңінде 1380 жағдай тіркелген болатын. Оның ішінде шетел азаматтары – 61 жағдай, ҚР азаматтары арасында – 1319 жағдай (100 мың тұрғынға көрсеткіш – 6,6). Яғни, биыл көрсеткіштің 43 жағдайға өскені байқалады (3,3 пайыз). Ал Жамбыл облысында – 11 жағдайға (1,4 есе) өскен. АИТВ-инфекциясын жұқтырғандардың ішінде еркектердің үлес салмағы – 67,2 пайыз, әйелдердікі 32,8 пайызды құрайды.

Бізді алаңдатып отырған екі жайт бар. Бірі – АИТВ-инфекциясын жұқтырғандар қатарында жастардың көбейіп бара жатқаны. Мәселен, ағымдағы жылдың төрт айында АИТВ жұқтырғандардың 32,0 пайызы – 30-39 жас аралығындағы, 29,4 пайызы – 40-49 жас аралығындағы, 18,6 пайызы –  20-29 жас аралығындағы адамдар тобында тіркелген.

Екіншісі – бұрын АИТВ-инфекциясын негізінен жұмыс істемейтіндер, нашақорлар мен жеңіл жүрістілер, гомосексуалдық қатынастағылар жұқтыратын болса, қазір жұқтырғандар қатарында жұмыс істейтін, әлеуметтік жағдайы жақсы адамдардың да көбейіп келе жатуы. Атап айтқанда 2024 жылдың төрт айында анықталған АИТВ-инфекциясын жұқпасының 45,0 пайызы жұмыс істейтіндердің үлесінде. Тергеудегілер мен сотталғандар – 3,9 пайыз, есірткіні инъекциялық жолмен пайдалану кезінде жұқтырғандардың үлесі 14,2 пайызды құрайды. Жыныстық жолмен жұқтырғандар үлесі 81,2 пайыз құраса, оның ішінде гомосексуалдық қатынастағылар 10,1 пайыз ғана, ал дәстүрлі гетеросексуалдық қатынастағылар 71,1 пайызды құрайды.

Бұл қоғамда адамның иммун тапшылығы вирусы мен жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының қатері, оның алдын алудың маңызы туралы түсініктің әлі де төмендігін көрсетеді. Сондықтан, біздің мамандар жыл бойы жоспарға сәйкес еңбек ұжымдарында, оқу орындарында, әскери бөлімдерде, түрмелерде тағы басқа жерлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Соңғы кездері мұндай түсіндіру жұмыстары базарлар, ірі суда орындары сияқты адам көп жиналатын жерлерде де, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да, онкүндіктер мен айлықтар аясында да жүргізілуде. ЖИТС орталығының алдын алу және қоғаммен байланыс бөлімі халықаралық ЖИТС-тен қайтыс болғандырды еске алу күні және ЖИТС-ке қарсы күрестің дүниежүзілік науқаны шеңберінде халықтың осы дерт туралы хабардарлық деңгейін арттыру, қала мен облыстың жұртшылығын АИТВ/ЖИТС проблематикасына тарту, АИТВ пандемиясының таралуы туралы ақпарат жеткізу, сондай-ақ саламатты өмір салтын ұстану және өз денсаулығы үшін жеке жауапкершілікті арттыруға бағытталған кең ауқымды акцияларды жүзеге асырады. Бұл күндері «Март» сауда-ойын-сауық орталығында экспресс-тестілеу, «Ауыл-Береке» базарының аумағында радио таратқыштан дәрістер оқылып,  АИТВ-инфекциясының жеке профилактикасы тақырыбында әңгімелесу, буклеттер мен парақшалар тарату ұйымдастырылады. Барлық іс-шаралар БАҚ-та, сондай-ақ әлеуметтік желілерде (Instagram, ВКонтакте, Фейсбук), ЖИТС орталығының www.aids-zhambyl.kz.сайтында жарияланып отырады.

Сонымен қатар бізде Сенім пункті жұмыс істейді. Анонимділік үшін қалтарыстағы жеке ғимаратта орналасқан бұл пунктте АИТВ-ға ғана емес, гепатитке, жыныстық жолмен берілетін басқа да ауруларға да тексерілуге болады. Қатер тобындағылар ғана емес, клиенттермен жұмыс істейтін шаштараздар, медициналық қызметкерлер, жалпы жұмыс барысында жарақат алу қаупі бар қызмет иелері АИТВ-инфекциясын жұқтырып алған жоқпын ба деп күдіктенсе, бізге келуіне болады.

Жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы – емделмейтін қатерлі ауру. Дегенмен, бұл АИТВ жұқтырған  адамда ешқандай болашақ жоқ деген сөз емес. Бұл орайда алдымен дерттің табиғатын түсініп алған жөн. Алдымен адамға иммун тапшылығы вирусы  (ВИЧ) жұғады, ол ағзада иммун тапшылығын тудырады. Яғни, вирус  ағзаны инфекциялардан қорғайтын, иммундық жүйенің қалыпты қызмет етуінде ерекше маңызға ие «CD4» немесе «Т» клеткаларын зақымдайды. Жылдар өте иммундық жүйе «жойылған» клеткаларды қалпына келтіріп үлгере алмай қалады. Салдарынан иммундық жүйе бұзылып, адам ағзасы жайшылықта аса қауіпті емес инфекциялардың алдында шарасыз болып қалады. Сөйтіп, инфекциялар жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына (СПИД) айналады. Дегенмен, АИТВ ЖИТС-ке айналғанға дейін көп жылдар өтпек. Оның нақты мерзімі әр науқастың өз денсаулығын одан әрі қарай қалай күтуіне байланысты болмақ. Басқаша айтқанда, адамда өмір бойы АИТВ инфекциясы болуы, бірақ, ол ЖИТС-ке айналмауы да мүмкін.

Сала жеткілікті қаржыландырылып отырғандықтан біздің Облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және оған қарсы күрес орталығында заманауи материалдық-техникалық база қалыптастырылған. Зертханамыз өте қуатты. Қазіргі заманғы медициналық құрал-жабдықтар сынама қорытындысын аз уақытта дайын етуге мүмкіндік береді. Дәрі-дәрмектер тегін босатылады. Сынамалар да тегін алынады.

Осыдан оншақты жыл бұрын АИТВ-инфекциясын толық емдемесе де, дамуын тежейтін тиімді әдіс табылды. Тіпті, дерті ЖИТС-ке айнала бастаған адамдар арасында да қазіргі тиімді препараттарды қабылдау арқылы денсаулықтарын дұрыстап, өмірге деген құлшыныстарын қайта оятқандар жеткілікті. Қазір біз төртінші кезеңнің заманауи дәрілік препараттарын пайдаланудамыз.  Жанама әсерлері аз. Егер науқас дәріні жүйелі түрде қабылдаса, вирустық жүктеме іс жүзінде көтерілмейді, ол адам толыққанды өмір сүре алады.

Оны статистикалық деректер де растап отыр. 2024 жылдың 30 сәуіріне Қазақстанда АИТВ-инфекциясын жұқтырған 55879 адам тіркелген болса, оның ішінде 34490 адам АИТВ-инфекциясымен өмір сүріп жатыр. АИТВ-инфекциясымен өмір сүруші адамдардың 100 мың тұрғынға шаққандағы жоғары көрсеткіші Шығыс Қазақстан (462,7), Қарағанды (391,2), Павлодар (356,5), Қостанай (308,3), Солтүстік Қазақстан облыстарында (287,5) және Алматы қаласында (275,5) тіркелген. Біздің облыста 1070 адам осындай диагнозбен толыққанды өмір сүруде.