Үйінен 100 метр жерде 27 жыл тұтқында болған

0 23

Алжирдің Джелфа тұрғыны Омар Бин Омран үйінен 100 метр жерде тұратын көршісінің қолында 27 жыл тұтқында болған.

Омран 1997 жылы 17 жасында жоғалып кеткен. Ол жоғалған күні сабаққа кетіп, қайта оралмаған. Омранның жақындары оны бірнеше жыл іздеген, бірақ кейін іздеуді тоқтатыпты. Олар жігітті сол кезде Алжир үкіметі мен исламдық көтеріліс топтары арасындағы азаматтық соғыс кезінде мерт болды деп ойлапты. Омранның иті бірдеңе сезгендей көршісінің үйіне жиі баратын болған. Алайда жануарды улап тастаса керек.

Полицейлер жоғалған адамды 12 мамырда тапты. Ол көршісінің қой қорасындағы жасырын жертөледе болған. Ол жердің кіреберісі шөппен жабылған. Көрші қамауға алынды.

Интернетте Омранның жас кезіндегі және тұтқыннан босатылғаннан кейінгі суреттері де пайда болды. Фотограф ер адамның қорыққан кезін түсіріп алған. Омран ешкімді көмекке шақырмаған, себебі оны тұтқындаған адамның сиқыршы екеніне сеніп, ол қарғайды деп ойлапты.