Бизнесті дамытудың жаңа мүмкіндіктері

0 53

Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков аудан кәсіпкерлерімен кезекті рет кездесу өткізді. Басқосу барысында аудан экономикасын көтеру мақсатында инвестиция тартып, шағын кәсіпкерлікті дамыту мәселелері сөз болды.

Осы мақсатта, жуырда аудан әкімі бас­таған делегация Қытай елінің Шанхай қаласында өткен Халықаралық «NERCON China 2024» жәрмеңкесіне қатысып қайтқан еді. Жәрмеңкеде қайта өңдеу, монтаждау, дәнекерлеу, өндіру технологиялары бойынша, соңғы үлгідегі заманауи құ­рал-жабдықтар, электроника өнімдері мен ауылшаруашылығына қажетті жаңа техникалар әлемнің 180 елінен келген инвесторлардың назарына ұсынылған.

Жиында аудан әкімі аталған жәр­меңкеде қойылған соңғы үлгідегі өн­діріске қажетті техникалармен және тех­нологиялармен таныстырып, кәсіпкерлердің на­зарын оларды ауданда қолданысқа енгізудің маңыздылығына аударды. Сондай-ақ, Жорабек Нұрмергенұлы шағын және орта бизнесті дамыту үшін инновациялық жаһандық әдіс­тер мен озық технологияларды қол­данудың маңызды екенін айтып, осы мақсатта көрші елден өндіріске қажетті құрылғыларды алып келуге ниет білдірген кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Кәсіпкерлер ау­дан әкімінің бастамасы өте орынды екенін айтып, өз пікірлерімен бөлісті. Қолға алынған бастаманы нәтижелі жалғастыру мақсатында ауданның ішкі сұранысын анықтау жөнінде ұсы­ныс­тарын да жеткізді.