«Жаңа Қазақстан – Жаңа кәсіподақ» тұжырымдамасы іске асырылуда

0 35

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан кәсіподақтары федерациясының XXVI съезінің делегаттарына жолдаған құттықтауында кәсіподақтар еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың, Қазақстандағы азаматтық қоғамның басты белгісінің бірі екендігін атап көрсетті. «Түрлі кәсіппен айналысатын еңбек адамдары – ұлт игілігінің қайнар көзі. Біз еңбекті Қазақстан қоғамының негізгі құндылығы ретінде дәріптеуіміз керек. Бұл – менің нақты ұстанымым», дей келіп, осыған байланысты кәсіподақтарға жүктелетін ерекше міндеттерді айқындап берді. Олар – әділетті әлеуметтік мемлекет құру үшін кәсіподақ қызметінің нысандары мен әдістерін үнемі жетілдіріп, әлемде болып жатқан өзгерістерге орай, тиімді іс-қимыл стратегияларын әзірлеу, әлеуметтік әріптестермен бірге еңбек қайшылықтарын реттеудің және қызметкерлердің заңды мүддесін қорғаудың өркениетті тәсілдерін белсенді пайдалану, мықты, белсенді әрі іскер көшбасшыларды даралап шығару, кәсіподақтардың кадрлық құрамына жастарды қосу.

Бұл орайда филиал мәртебесіндегі 13 құрылымдық бөлімшеге 813 бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктіріп, 65 мыңнан аса кәсіподақ мүшесі — сала өкілін қауымдастырып отырған «Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Атап айтқанда бүгінгі таңда кәсіподақ мүшесі болып табылатын сала өкілдерігің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау мақсатында бір аймақтық келісім, 772 білім мекемесін қамтыған 12 бірыңғай ұжымдық шарт, 13 мекемеде дербес ұжымдық шарт түріндегі әлеуметтік әріптестік актілер қабылданған.  2023 жылы облыстық мәндегі Әлеуметтік әріптестік комиссиясының 6 отырысы өтіп, онда 10 сұрақ талқыланған болса, Жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі келісім комиссиясының 2 отырысы өтіп, онда 36 арыз-өтініш қаралған.

Құқықтық қызмет бойынша өткен жылы тек кәсіподақ заңгерлерінің қабылдауында 4640 сала өкілі болып, оларға 11510 құқықтық қызмет көрсетілген. Құқықтық инспекторлар тарапынан еңбек заңдылығына қоғамдық бақылау бойынша 521 тексеру жүргізіліп, еңбек заңдылығын бұзудың 1454 жағдайы анықталған. Кәсіподақ мүшелерінен 980 арыз-өтініш түсіп, 1006 жазбаша түсіндірме берілсе, жеке қабылдау, телефон, электрондық пошта және БАҚ арқылы берілген кеңестердің саны 10365-ті құраған. 2023 жылдың ресми дерегі бойынша жергілікті кәсіподақ пен оның филиалдары тарапынан білім және ғылым саласы қызметкерлерінен 1137 жазбаша, 10819 ауызша өтініштер түсіп, құқықтық сипаттағы 10 826 қызмет-кеңес көрсетіліпті.

Кәсіподақтағы құқықтық қызметтің пәрменді әрекеті арқылы саладағы әр санаттағы қарапайым еңбеккердің қалтасына 110,3 млн теңгеден аса соманы қайтаруға қол жеткізілген, ал экономикалық тиімділік 404,8 млн теңгені құраған.

Сала өкілдерінің рухани демалысын ұйымдастыруға, сала үздіктері мен нәтижелі еңбек ұжымдарын ынталандыруға, қайырымдылық және демеушілік іс-шараларына сала өкілі мен олардың отбасы мүшелерін сауықтыруға кәсіподақ тарапынан жоспарлы қаржы бағытталуда. 2023 жылы барлық түрдегі сауықтыру шараларымен 6740 сала өкілі мен отбасы мүшесі қамтылып, оған 271 млн теңге кәсіподақ қаржысы бағытталған.

– Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының шешімімен «Лайықты еңбек жылы» деп жарияланып отырған биылғы жылы бұл жұмыстар өз жалғасын табатын болады. Сондықтан, жылдың басым бағыттары еңбек саласындағы негізгі қағидаттар мен құқықтарды жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік әріптестікті нығайту, еңбек жағдайын жақсарту және жұмысшыларды әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту және лайықты жалақыға қол жеткізу болмақ. Біз өз жұмысымызды республикалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіп­ода­ғы былтыр қабылдаған «Жаңа Қазақстан – Жаңа кәсіподақ» тұжырымдасы аясында жүзеге асыратын боламыз. Тұжырымдама салалық кә­сіподақ қозғалысын жаңартуға, оны білім және ғылым саласы қыз­­мет­керлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қам­та­масыз ететін тиімді қоғамдық қозғалыс жүйелеріне ауыстыруға бағытталған. Кәсіподақ қызметін дамыту тұжырымдамасы аясында құқық қорғау қызметі, осы жұмыс­тың нәтижелілігі мен тиімділігін жаңа деңгейге көтеру басты міндет ретінде қойылып отыр, – дейді «Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерұлан Мағзымбеков.

Былтыр облысымызда жеке еңбек дауларын қарау бойынша 1 облыстық, 11 аудандық және 779 бастауыш ұйымдарда – барлығы 791 комиссия қызмет жасаған. Оларда облыстық деңгейде – 36, аудандық деңгейде – 22, ал бастауыш ұйымдарда 4 мәселе қаралған. Бұл зиялы қауым еңбек етіп, жас желкенге сапалы білім, саналы тәрбие беретін білім ошақтарындағы мұғалімдер мен қызметкерлер арасында да жеке еңбек даулары туындап, мәселе ушығып тұратындығын, туындайтын жеке еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу үшін қаралатын мәселелердің қаншалықты маңызды және өзекті екенін көрсетеді.

– Жергілікті кәсіподақ ұйымына 65 мыңнан аса сала қызметкері мүше. Бұл 65 мың жеке еңбек дауы туындау мүмкіндігін білдіреді. Еңбек дауларының болмағаны жақсы, оның алдын алған тіпті тиімді. Ал дау туындағанда тараптар бірінші Келісу комиссиясында өз талаптарын айтып, мәселені мәміле, келіссөз арқылы шешеді. Келісу комиссиясының шешімі заңмен белгіленген мерзімде орындалмаса немесе қайсы бір тарапты қанағаттандырмаса ғана сотқа жүгінеді. Сондықтан да, біз комиссия мүшелеріне еңбек заңнамасын қолдану, құқықтық сауатты көтеру, сонымен бірге еңбек кодексімен көзделген міндетті оқытуды өз жауапкершілігімізге алып отырмыз, – дейді Ерұлан Сәбенұлы.

Жергілікті кәсіподақтың Тараз қалалық комитетінің құқықтық инспекторы Арман Стыбаевтың айтуынша, жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі Келісу комиссиясы тұрақты жұмыс жасайтын орган.

– Келісу комиссиясының әрбір отырысында төраға мен хатшының міндеттерін кәсіподақ комитетінің өкілі мен жұмыс берушінің өкілі кезектесіп атқарады. ҚР Еңбек кодексінің 159-б. 4-т. сай Келісу комиссиясына келіп түскен өтініш берілген күні міндетті түрде тіркелуі тиіс. Дау өтініш берушінің қатысуымен қаралады. Өтініш берушінің жазбаша келісімі болған кезде дауды оның қатысуынсыз қарауға жол беріледі. Өтініш берушінің Келісу комиссиясының шешімі шығарылғанға дейін комиссия хатшысын өтінішті кері қайтарып алу туралы жазбаша хабардар ете отырып, бұрын берілген өтінішін кері қайтарып алуға құқығы бар. Біздің аймақта қабылданған әлеуметтік әріптестік туралы Келісім және Ұжымдық шарттың №13 қосымшасына сәйкес Комиссияға түсетін өтініштерді қабылдауды және тіркеуді жұмыс беруші жүргізеді, еңбек даулары бойынша комиссияның атынан азаматтармен және ұйымдармен жүргізілетін қатынас хаттар да жұмыс беруші есебінен және оның бланкілерінде жасалады. Комиссия жұмысының барлық шығындарын жұмыс беруші өтейді, – дейді Арман Стыбаев.

Төраға орынбасары, облыстық білім басқармасы жанынан құрылған Келісу комиссиясының мүшесі Жанболат Орынбеков Ұжымдық шарттың №13 қосымшасына сәйкес жеке еңбек даулары жөніндегі комиссияның шешімдерін ұйым әкімшілігі онда белгіленген мерзімде орындауға тиістігін айтады. Жұмысқа қайта алу туралы шешім дереу орындалуға тиіс. Бұрынғы жұмысына қайта алынған қызметкерге амалсыз бос жүрген (жұмыстан шеттетілген) барлық уақыты үшін орташа жалақысы немесе басқа жұмысқа заңсыз ауыстырылуы кезінде төмен ақы төленетін жұмысты орындағаны үшін, бірақ алты айдан аспайтын уақытқа жалақыдағы айырма төленеді.

– Қызметкерге тәртіптік жаза шарасын қолдану туралы дауды шеше отырып, еңбек даулары жөніндегі комиссия заңсыз салынған немесе теріс қылықтың қатаңдығына сәйкес келмейтін жазаны жоя алады. Дегенмен, комиссия бір жазаны екінші жазалау шарасымен алмастыра алмайды, өйткені ҚР ЕК 65-бабына сәйкес тәртіптік жаза шараларын таңдау құқығы жұмыс берушіге тиесілі. Басқа жұмысқа заңсыз ауыстырылған немесе жұмыстан шеттетілген қызметкерді жұмысқа қайта алу туралы шешім дереу орындалуға тиіс, – дейді Жанболат Орынбеков.

ҚР Еңбек кодексінің 159-бабының 8-тармақшасына сай комиссия мүшелері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келіссөздер жүргізу және еңбек дауларында пәтуаға қол жеткізу дағдыларын дамыту бойынша жыл сайын оқудан өтуге міндетті. Осыған орай, Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен биыл «Еңбек даулары және оларды шешудегі келісу комиссияларының рөлі», «Еңбек даулары және оларды шешудегі Келісу комиссияларының рөлі. Еңбек дауларын сотқа дейін қарау тәжірибесі» тақырыптарында облыстық семинарлар өткізілген.

Иә, Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы тарапынан атқарылып жатқан жұмыс ауқымды. Дегенмен, Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбековтың айтуынша, салада шешімін таппаған бірнеше мәселе бар.

– Білім жүйесін реформалау аясында қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан мәселелер жеткілікті. Кәсіподақтар көтерген мектеп кітапханашыларына «педагог» мәртебесін беріп, біліктіліктерін арттырып, санат үшін төлем енгізу турасындағы ұсыныс-бастамалар әлі жүзеге аспай отыр. Бірқатар санаттағы мемлекеттік білім мекемелерін шаруашылық жүргізу құқы берілетін кәсіпорынға қайта құрумен байланысты туындауы ықтимал мәселелер өз алдына бір төбе. Ұжымдық шартпен көзделген нормалардың орындалуында да бірқатар проблемалар бар. Олардың негізгісі — еңбек қорғау мен қауіпсіздігі аясында арнайы құралдармен, арнайы киімдермен қамтамасыз етуге қажетті мөлшерде қаржы бағытталмау мәселесі. Олар оң шешімін тапқанша күн тәртібінен түспейді, – дейді Ерұлан Сәбенұлы.