Қаратаудағы қызғалдақ фестивалі

0 36

Қазақ даласының оңтүстік өлкесін бойлап жатқан қырық қатпарлы Қаратау — ұлтымыз ұлық тұтқан киелі мекеннің бірі. Байтақ даламыздың көркін кіргізіп, ажарына әр берген, елге нәр берген таңғажайып мекен жаратқанның бізге берген үлкен сыйы.

Ауданға қарасты Есейхан ауылының аумағындағы Қаратау жотасында қызғалдақтар фестивалі өтті. Арнайы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде ұйымдастырылған фестивальге отандық және шетелдік туристік агенттіктердің өкілдері, этномәдени бағытта жұмыс жасайтын қолөнершілер, туризм саласының мамандары мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Жанарды жаулаған қызғалдақтар фестиваліне жауапты болған аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің іс-шараға тыңғылықты дайындық жасағаны көрініп тұрды. Жотаға тігілген ақшаңқан қазақтың киізүйлері, тау етегінде самал желмен тербелген алтыбақан, этнобұйымдар қойылған ашық аспан астындағы жәрмеңке табиғаттың ажарын аша түсті. Әсіресе, жергілікті жердегі қолөнер шеберлерінің бұйымдары қонақтарды ерекше қызықтырды. Г.Жолдасбекова, Г.Жаңабай, В.Мұратбекова, Р.Нұрбек және Л.Естебекова сынды шеберлердің қолынан шыққан қазақы тақиялар мен киімдер, балалар киімі, моншақты әшекейлер, үйге арналған жабдықтар, кесте бұйымдары туристерді тәнті етті.

Фестивальде Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының өнерпаздары шырқаған әндер қызғалдағы құлпырған Қаратау жотасын әуезді әуенге бөледі.